Жылан етін жейсіз бе?

22.06.2009 10:56

hamzaЕнді бірер күнде шілде түседі. Ел арасында осы шілде уақытында ем үшін жылан жейтіндердің, сорпасын ішетіндердің бары жасырын емес. Тіпті кейбіреулерге кемпір-шалдар тарапынан жылан ұстап беру жөнінде ұсыныс түсіп жатады екен. Ал жылан қандай ауруға ем, оны қалай қолдану қажет? Біз бұл жөнінде біраз нәрсені білетін Хамза Жеңісхан есімді азаматты әңгімеге тартқан едік.

«Бізде әдетте ем ретінде май жыланды пайдаланады, – дейді Х. Жеңіс­хан. – Оны ел арасында «көлбар жылан», «сары жылан» деп те атайды. Негізі түрлі аурулар­ға шұбар жылан мен қарашұбар жыланды да пайдалана беруге болады.

Кейде адамдардың жаз шықса жылан іздеп жататынын ести­мін. Алайда оны шілдеден ерте қолдануға болмайды. Себебі көп жыландар қашан күн ысығанша жердің астында жатады. Сол бірнеше айда оның дене­сін­дегі былтыр­ғы жинаған майы таусылады. Яғни ол сыртқа әбден арып-ашып шығады. Ал кей­біреулері сол майы толық таусылмастан шығады. Ішінде ескі майы қалып қойғанының етін жегендер дертіне дерт қосып алуы мүмкін.

Сыртқа шыққан жылан көп уақыт өтпей тез семіреді. Сөйтіп 40 күн шілде­де күннің ыстығына қыздырынып жүреді. Сонда оның дене­сін­дегі май шілденің энергиясын қабылдап, емдік күшіне мінеді».

Хамза жыланнан сорпа жасап іш­кенде адамға шығатын бөртпе, безеу­лердің жоқ болып кететінін, ет пен терінің арасындағы құрттар жойылатынын және кез-келген жараның тез жазылатынын айтады. Оның әйелі екінші қызын дүние­ге әкелгенде көп уақыт өтпей сәбидің кін­дігі ажырап кетіп, тесік пайда болыпты. Сосын анасы оның кіндігінің үстіне жыланның майын қойып, таңып жіберіпті. Әлгі тесік содан бітеліп кеткен екен.

«Бірде атымыздың сауырын бір нәрсе оңдырмай кесіп кетіпті, – дейді Кәкең. – Қимылдаған сайын созылып-керіліп тұратын жер болған соң еш жазылмай қойды. Әкем соған терісі алынған жыланды ке­сіп-кесіп таңып бер­ді. Содан аттың жара­қаты санаулы күнде жазылып кетті.

Жылан майының  тағы бір кереметін айтып берейін. Егер жылқының аяғындағы сіңірі үзіліп кеткенде жылан майын жақса, тартылып қалған сіңірлер созылып, бір-бірімен бітісіп кетеді. Жылан майының бұдан басқа да пайдасы көп».

Хамза жыланды суға қайнатып, оның сүйегін дәкеге сүзіп алып, сорпасын се­мірмей қойған сиырдың аузына құйып жіберсе болатынын да айтады. Одан кейін әлгі сиыр көп ұзамай семіріп кетеді екен.

Жалпы, жыланды ұстағанда абайлау керек, ордалы жыланды өлтірмеу қажет. Топталып жүрген жыландарды көрсеңіз, ордалы жыландар екенін түсіне беріңіз.  Бұлар өте кекшіл болады.

«Бірде мынадай қызық көрдім, – дейді Кәкең. – Әкем үйдің қасындағы үлкен тастың жанынан үш жыланды көреді.  Балаларды шағып алмасын деп ұрып, қу­ғанда әлгілер тастың арасында кіріп ке­те­­ді. Әкем тасты көтеріп қалса, астындағы шұңқырда жыландар топырлап жатыр екен. Енді оларға ақыры тиіскен соң түгел өлтіру қажет деп түсінеді. Кек қайтарып, балаларға зияны тиер деп ойлайды. Шетінен алып балтамен шауып тастай берді. Мен қасында санап тұр­мын. Барлығы 16 жылан болды. Оларды шауып шетке тастай бергенде итіміз жүгіріп келіп жей берді. Содан соң итіміз басқа тамақ жемей қызық қылды. Зыр жүгіріп жүріп жылан тауып алады. Оны мойнынан тістеп, айналдыра жерге әбден ұра­ды. Осылай азықтанатын итіміз қатты семіріп кетті».

Біз Хамза Жеңісханның жанындағы Мейірбек Жақсылықұлын да әңгімеге тартқан едік. Ол кісі ауылында бір қария­ның «ракпен» ауырып ауруханада жатқа­нын, кейіннен дәрігерлердің оны «үш күн­нен соң өледі» деп шығарып жібергенін айтады. Үйіне келген қария үшінші күнін күтіп жатыпты. Сонда Ілес деген көршісі май жылан апарып, әлгі шалға сорпасын ішкізіпті. Өлімін күтіп жатқан бұдан соң аттай болып айығып кетіпті.

«Сонымен бірге, ауруханадан өледі деп шығарылған тағы бір кемпірдің жылан сорпасынан жазылғанын көрдім. Не­гізі, жыландардың ішіндегі ең шипалысы майжылан деседі. Олар бірнеше ай бойы жер астында тек қана шөптердің тамырын сорады екен. Шөптердің уыты бойына жиналған ол 40 күн шілдеде күн­ге қыздырынып, бабына келеді. Оның сор­пасын ішсеңіз барлық ауруға ем. Мұн­дай сорпадан соң үш күн қам су ішпеу керек. Еске­ретіні, бүйрегі ауыратындардың жылан сор­пасын ішпегені абзал. Се­бебі жыланның күшті майына әлсіз бүй­рек шыдамайды», – дейді Мейірбек.

Мінеки, жыланды пайдалану жөнінде Хамза мен Мейірбек осылай дейді. Ендеше, жылан сатып жүргендерді кездес­тірсеңіз, оны сатып алуға асықпаңыз. Се­бебі, жоғарыда айтылғандай, жыланды шипа ретін­де шілденің соңына дейін пайдаланбаған дұрыс екен.

Әрине, бұл орайда дәрігерлердің пікі­ріне де құлақ салғанның артықшылығы болмас.

С. БАЙБОСЫНОВ.