Халық емшілері мен емдері

10 июня 2010

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

22 Желтоқсан 2009

немесе академик Өсерқұл қажы туралы сыр

1225Шымкенттен отыз-қырық шақырымдай жерде Қарабұлақ деген ауыл бар. Сансыз баптар елі атанған Сайрам ауданына қарайды. Көршілес Бәйдібек пен Созақ аудандарының әрбірінде халық саны елу мыңның ар жақ-бер жағында ғана болса, Қарабұлақ ауылының бір өзінде ғана қырық бір мың (!) жан тұрады. Бұл Қазақстан түгілі бұрынғы Кеңестер Одағы еліндегі ең халқы көп ауыл (кент, ауылдарды есепке алғанда) саналған, әлі де солай. Біз бүгінгі әңгімемізге арқау еткелі отырған Өсерқұл қажы Рысқұлұлы сол шалғай ауылда тұратын халық емшісі. Медициналық дәрі-дәрмексіз, тек табиғатта кездесетін шөппен ғана ем-дом жасайтын жанның атағы ауылынан асып, көрші Өзбекстан, қиырдағы Ресейдің талай өлкесінің, Израильдің білімдар ортасына мәлім болған жан.

БАҚЫТСЫЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Әр пенденің пешенесіне жазған тағдыры болады. Рысқұлбектей отыздағы өрімдей жігіттің тұңғышы осыдан жетпіс бес жыл бұрын дүние есігін ашқан Өсерқұлдың алдында да жарты ғасырлық қиын күндердің теперішті кездері тұрған еді. Сталиндік дүрбелең Ақшалов Рысқұлбектің де жас өміріне қаяу түсірді. Жетімдіктің қамытын жастай киіп, 17 жасында Ақсу өңірінен күнкөріс қамымен Ташкент асқан балаң жігіт жақсы жандарды жолықтырды. Қаладағы діни медресеге оқуға қабылданды, бір мезгіл жұмыс істеді. Медресе иесі жас жігіттің бейімін танып, оны өзі туып-өскен еліндегі ғұлама молда Сейітұлы Мырзаның қолына тапсырады. Құран сүрелерін көз жұмып оқитын жігіт Мырза қожаның ақылымен Бұхара медресесінде білімін жетілдіреді. Ұстазы Мырзаны өз әкесіндей сыйлаған Рысқұлбек шәкірт ол кісінің әдемі де, иманжүзды қызы Бибізахидамен отау құрады. Атасы қолдағанмен, енесі Шахсанам соқа басты қазақ жігітін онша қалай қоймағанмен, қожайынының кесімінен аса алмайды. Өсерқұл бірер жасқа енді келгенде әкесі сонау Сібірдің мұзды орманында айдауда ағаш кесіп, тағдырдың тауқыметін тартып жүрген еді. Дін жолындағы ілімін енді ғана жолға қойған емшілік ісі далада қалады. Заман зауалының алапат екпінінен есін жия алмай қалған Бибізахида жесір, Өсерқұл жетім атанып, қайыра Қайнарбұлақтағы ата-ананың шаңырағын сағалайды. «Айдаудағы адамның енді ел бетін көруі екіталай» деген Шахсанамның пайымдауымен жиен-немере үйде, нағашысында қалып, жас келіншек ана үкімімен әйелінен ажырасқан Ергеш деген өзбектің етегінен ұстап кете барады. Баланың құжатындағы Рысқұлбек есімі енді бас-қаға ауыстырылады. Нағашы әжесі Шахсанам мен оның замандасы, Бәйдібек ауданы, Теректі әулие ауылындағы Анар Сасықованың шөп дәрімен емдеу дәреметін Өсерқұл осылайша бала кезінен бойына сіңірді. Олармен бірге тау-тасты кезіп дәрілік шөптерді жаз бойы жинаса, оқудан бос демалыс күндері оны буып-түю, майдалау ісімен шұғылданады. Тоғыз жасынан кейінгі әкесінің ықпалымен арабша сауат ашып, Құран жаттап, намазға жығылады. Бұл оның бүкіл өміріне, бүткіл келешегіне жарқын жол ашады. Он үш жасынан Фрунзе колхозының қара жұмысына жегіледі. Белі қатпай жатып соғыс-тың ауыр күндерінде соқаның тұтқасын ұстайды, шөп орып, кетпен шабады.

АЯН БЕРГЕН АҚ СӘЛДЕЛІ ҚАРИЯ

Зар заманның зардабы ма, мүшел жастан енді асқанда тосыннан келген кесел оны төсекке таңады. Аяқ-қолы сіресіп, жансызданып қалған балаң жігітті жергілікті ауруханадағы дәрігерлер қанша жан салып емдегенмен, шырайын кіргізер шипасы бола қоймайды. Мысқалдап кірген дерт батпандап шықпай, шырылдағанмен шыдамы берік Өсерқұлдың талықсыған шала ұйқылау кезінде көрген түсі әлі есінде: «Әй, балам, тұр орныңнан, саған бұл жерде емделудің қажеті шамалы. Сен өзің ауруларды емдеуің керек, оған шама-шар-қың жетеді. Еңсеңді тікте, елді емдеуге бет бұр» деген ақ сәлделі, ақ шапанды қарияның өктем бұйрығы оны орнынан жұлып тұрғызды.
Ауруханадан шыққан бойда ауыл молдасына барды. Дұға оқытылып, кішкене еңсесін тіктеген бойда елге есімі белгілі, көршілес мекенде тұратын дамулла Зағ қарияға жолықты. Көрген түсін айтты. Берілген аянның орындалмаса ауыр боларын түсіндіріп, батасын беріп, ақылын айтып, қолындағы ем қамшысын тарту етеді. Түркістан төңірегін түгел шарлап, Созақтың сайын даласын кезген Сайрам өңіріндегі Шапырашты ауылында тұратын, ғасырға тарта ғұмыр кешкен Ұзақбай тәуіп те емші ретінде Өсерқұлдың өмірінде өлшеусіз із қалдырды. Алдына келген албырт жасқа: «Өсерқұл, емшілік еріккеннің ермегі емес. Ол мыңдардың біріне, қадірін білсе ғана қонатын қасиетті іс, ілкі ілім, һәм қастерлі, сара да дара жол. Ұстай білмесең, өзіңе зияны тиеді. Сенің екі бірдей емшілік жолды тұтынған әжелерің бар. Солардан үйренерің аз болмас. Дүниеде адам жел бесікте тербетіліп, жер бесікке кеткенше алуан ауруды басынан өткереді. Олардың саны жоқ. бірақ, жазылмайтын ауру болмайды, тек Жаратушы ием шипасын бере гөрсін, деп тіле. Дерт-ке қарсы нәр беретін, дауа болатын дәремет шөпте, тілін білсең табиғаттағы тұнып тұрған әр өсімдік дәрі болады. Сен сияқты емшілер ғана мыңдардың дертіне дауа таба алады» деген Ұзақбай атаның өсиетін осы күнге дейін қағида тұтады. Одан соңғы Ергеш атты аты мәлім емшіден де Өсерқұл бата алды, тәуіптік пышағын теберік етіп сыйлады.
Татар дәмі, көрер жарығы бар Рысқұлбек те Сібірден аман-сау оралды. Отбасының жағдайына сырттай қанығып, олардың шырқын бұзбайын деген ниетпен басқа жанға үйленді. Оразкүл атты қызы болды. Бірақ зайыбы ұзамай бақилыққа аттанып, үшінші рет Қызылгүл деген кісімен отасып, Зәбира, Әмзе, Жұмаділ атты перзенттері болды.
Аудандағы кәсіптік училищеден мал маманы оқуын бітірген Өсерқұл ауылда екі жыл елдің малын, үйінде елдің науқасын емдеді. Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түсті. Нағашы жұрты Зәрежан атты қызға құда түсіп, өз алдына түтін түтетті. Екінші курстан соң Шымкент қалалық атқару комитетінде инспектор болып істеді. Одан кейін аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының өзі тұрған Қарабұлақ ауылындағы филиалына басшылық етті. Өмір жас ұлғайған сайын біртіндеп қалыпқа түсе бастады. Әкесінің кейінгі аналарынан туған екі қарындас, екі інісімен табысты. Қайбір кездегі аумалы-төкпелі күндерде ауысқан тегін қалпына келтіріп, Рысқұлов фамилиясын қайтарды. Тек емшілік жолындағы кедергілер мен аяқтан шалушылық ел егемендігін алғанша келтірумен болды.

ТЕКСЕРУ, ҚЫСЫМ, АЛҒАШҚЫ ӘДІЛ КОМИССИЯ

Нағашы әжесін 95, Анар әжесін 105 жасында өз қолымен жер-Анаға тапсырған Өсерқұл міндетті жұмысынан қолы қалт еткен демалысы кезінде Қаратау мен Алатаудың қойнау-қойнауы мен қуыс-қуысын аралап, дертке шипа болар жүздеген шөпті қоржын-қосқалаңына салып, артынып-тартынып ауылына келетін. Арасында өзін күтіп, қонақүйде жатқандай төрінде бар үмітін әуелі Аллаға, қала берді өзіне арнаған ауруларды қарап, дәру дәрісін ұсынады. Ержеткен ұл-қыздары мен келіндері шөпті турау, майдалау, ұнтақтау жұмыстарына қолұшын береді. Бәрінің басы-қасында өзі жүреді. Жағдайы жоқ жандарға шипалы шөпті тегін береді. Ауласынан көлік, үйінен адам үзілмеуі кейбір көреалмастарға бөтен ой, арам ниет әкелер сықайының әйтеуір бір боларын күтіп жүргенде, сауылдап қызыл жағалылар да жетті. Аңдыған жау алмай қоймайды. Құрғақ жайда, арнайы сөрелерде тұрған, қалташалардағы қаттаулы 290 түрлі дәрілік шөптерді «кәмпескелеп» акт-пакт жазбай-ақ көз алдында өртеп жіберді. Іші удай ашыды, шағымданғанмен шаруаның әлгілердің пайдасына шешілерін білді. Білді де істі қайыра басынан бастады

1990 жылдың тамыз айында облыстық «Южный Казахстан» газетінде қарымды қаламгер, басылымның меншікті тілшісі Нұрлан Махмудовтың емшімен жүздесуі, емделушілермен сұхбаттасуынан соң «Неизлечимых болезней не бывает. Это окончательная идея — целитель травника Усеркул Ирискулова» деген мақаласының жарқ етіп жарыққа шығуы партия билігінде қолшоқпар болып отырған, шікірейген шенеуніктерді селт еткізіп ғана қоймай, ұйқыларынан мылтықпен атып оятқандай болды. Әуелі нөкерлерін ертіп, жоғары жақтың ереуілдеткен айқайымен «бұл өзбек қазаққа айналып кетті» деп тілін тістелеп жүргендердің бірі — Сайрам аудандық қаржы бөлімінің бастығы Анармат Ниязалиев қабылдау бөлмесіне аттандап кірді. Басқыншыдай баса-көктеп ентелеген ол: «Доғар, арамшөбіңмен емдеуді, мына түріңмен халықты улайсың сен, құжат-рұқсатың қайда? Қане, он бес мың сом айыбыңды төле» деп айқайға басты. Түсіндірер уәжді әңгімеге құлақ асар түрі жоқ. «Емшілік жасамаймын» деген тілхатты да талап етті. «Оу, ағайын, алыс-жақыннан шыбын жаны үшін шырылдап келгендерді қалай қайтарамын, қолдан келген емдік көмегімді беремін. Ал, тілхатты аузыңа алма, оны жазбаймын. Көкейіңді теске ақша ма, мә, тілхатсыз-ақ беремін» деп сұрағанын алдына қойғанда ашудан жарылардай болған Ниязалиев не істерін, қандай әрекет жасарын білмей, қағаз ақшаларды алақанына умаждай ұстап кете барған. Ұзақ жылдарғы емшілік тәжірибесі, аурулардың өзіне деген сенімі оның өн бойына осылайша батылдық бітірді. Қудалау мұнымен тәмам болмай, емшінің емшілік кәсібін тоқтата алмасын білген қаржы басшысы арызын айтып ауаткомның төрағасы Зікірілла Убайдуллаевтың алдынан бір-ақ шығады. Талай жыл ел басқарған, сабырлы, салмақты төраға бірден асығыс шешімге бара қоймады. Өсерқұлдың мәселесі бойынша арнайы комиссия құруға қаулы шығарды. Оның құрамында ауданның бас дәрігері Тұрсын Оразалиев, СЭС-тің бас дәрігері Хамрақұл Қадірқұлов, дәріхана басшысы Сейтжаппаров, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Өсербай Қарабаевтар бар еді. Олар үш күн бойы Өсерқұл Рысқұловтың атақты ғалым, бүкіл дүние Авиценна деп таныған, 800 жыл бұрын өмір сүрген Әбу Әли Ибн Синаның ауруларды шөп, тамыр дәрілерімен емдеуде қоятын диагноздарын арқау еткен емдеу профилактикасымен толық танысты. Маман емес пе, дәрігерлік сала басшылары дәрілерден сараптамалық анализ алды, емделушілермен әңгімелесті, сөйтіп бір қорытындыға келді. «Рысқұловтың емшілігі ежелгі шөппен емдеу ақиқатына толық сай келеді. Жұмысын жалғастыру үшін ауаткомнан оған лицензия беру сұралсын». Комиссия қорытындысы қолына тиген соң Өсерқұлды алдына шақырған Зікірілла: «Шырағым, халық медицинасынан мол тәжірибе жинапсың, оған комиссия құрамындағы дәрігерлер көзімді жеткізді. Біз берген рұхсатнама-лицензия сені алысқа апармайды-ау, анау Алматыда ашылған халық емшілері орталығына бар, өзіңді көрсет. Еңбегің көрініп тұр. Халық медицинасы да өзіңдей ес білгелі тау асып, тас басып, талайларды емдеуге шипа берер жанға зәру. Лицензияңды алсаң өзіңе де, өзгелерге де нұр үстіне нұр болар еді» деп ағалық ақылын айттты, бағыт сілтеп, жол көрсетті.
Емшілер орталығына да жол түсті. Бас дәрігер-емші Ерасыл Әбілқасымов бастаған білгірлер күрделі ауруларды оның сынағынан өткізіп, қолына құжат берді. Содан бергі жиырма жылдай уақытта оның қолынан мыңдаған жандар ем алды, ауруына шипа тапты. Тіпті теледидардан жұртты таң қалдыр-ған экстрасенс Кашпировскийдің де шалғайдағы қазақ емшісіне күні түсіп, өтініш айтқаны да ақиқаттың бірі. Елу жыл емшілікті серік еткен ол кісінің кейінгі екі он жыл бойы емдеуге ашық кіріскен кезіндегі алған алғысы мен бәтуалы баталарын санау мүмкін емес.

МӘЙІТТІ ТІРІЛТІП, ОБЫРДЫ (РАК) ЖАЗУ

Жас кезінде жақсы оқыды. Қазақ, орыс, өзбек тілдерін қатар меңгерді. Бұрынғы Сталин, қазіргі Хамза атындағы мектептің соңғы сыныбында есейсе де соғыс зардабынан кештеу оқып жүргенінде «ұлы көсем» Иосиф Сталин қайтыс болды. Наурыздың 5-і күні түстен кешке дейін қаралы митинг болды. Төпеген суық жаңбырдың астында Сталин атасының портретін ұстап, елмен бірге жылап тұрды. Жиын тараған соң мектеп бөлмесіне суретті қою үшін электр шамының жаққышын қосқаны сол еді, бір алапат күш өн бойын от шарпыта еденге атып ұрды. Таңертең келген үй сыпырушы әйел «өлікті» көріп, ойбайлай шауып, бүкіл мектеп улыған-шулыған болған. Құдайдың көзі оң болғаны шығар, он екі сағат бойы «өлі жатқан» Өсерқұл көптің даусынан есін жинап, тірі қалған. Одан бері де елу алты жыл мерзім өтіпті. «Тәңір талайлардың сауабын алсын деп тірі қалдырған шығар» дейді Өсерқұл қария тарих қойнауындағы сол күндерді еске алғанда.
Ол кезде отыз бес мыңдай халқы бар Қарабұлақ ауылында өрімдей жас монтер жігіт қуат көзінен қайтыс болғанын естіп, көңіл айтуға барған Өсерқұл марқұмның тусытарына: «Маған бір ауыз неге хабар бермедіңдер. Ол бала өлуге тиіс емес еді ғой. Молаға барып көрелік» дейді. Жұрт шошынғанмен, елге емшілігімен аты танылған ол кісінің айтқанына көніп, бейіт басына барады. Кеше ғана үйілген моланың топырағы ойыс тартып, төмен түсіпті. Өсекең дереу ашуды сұрайды. «Күнә болмай ма?» деген жігіттің әкесінің шегіншектеуіне қарамай, мола ашылады. Марқұм кебінің дал-дұлын шығарып, ішкі үйді ашыпты. Ары қарай ауа жетпей, арпалыстан ақырғы сапарға аттаныпты. Ол кісінің өміріндегі бұл да бір өкініштер қатарында қалған оқиға.
1969 жылы 30 қаңтарда Өсерқұлдың көршісі Гүлтөре Хатамов қалың жауған қарды күреймін деп жеті метрлік үйінің шатырынан жерге құлайды. Күн жарықтағы оқыс оқиғаға ел тез жиналып, «мар-құмды» үйге кіргізіп, «жедел жәрдем» шақырады. Ақ желеңділер оның үзіліп кеткенін айтып кері қайтып, ағайын-ауылдастар мен ақсақалдар Гүлтөрені соңғы сапар-ға шығару қамына кіріседі. Мал сойылып, зират қазылады. Өзінен 8-9 жас үлкен сыйлас көршісі, кеңшар экспедиторының әзіл-шыны аралас айтатын: «Өсерқұл інім, сендей емші көршім барда мен аурудан қорықпаймын, егер анау-мынау болсам, жаназамды шығарар өзің боларсың» дегенін және емші Анар әжесінің көкпарда аттан құлаған жігітті жеті күн басында отырып, өлімнен алып қалғанын еске алған емші «өлді» деген жанды жан-жағын бөлеп отырғызып, ауызына айна тосады. Елес-елес бу белгісі бар қырық төрт жасар көршісін ағайынның қарсылығына қарамай емдеуге кіріседі. Аузын ашып, дәрі құймақ болған әрекетінен үш күн бойы нәтиже шықпайды. Әңгіме ауылдан ұзап, ауданға жетеді: «Өсерқұл емші, тәуіп дегенге мәз болып, енді өлгенді тірілтуге кірісіпті» деген. Жаназасы оқылмаған сол Гүлтөре емшіден ем қабылдап, шөп дәрінің әсерінен он күнде өзіне өзі келеді. Ел бұл құдіретке күңіреніп кетеді. Одан соң да ол кісі 36 жыл ғұмыр кешіпті. Мұны қарабұлақтық үлкен-кіші әлі күнге жыр етіп айтады.
Кашпировскийдің өзінің шамасы келмеген қарындасы Рысқұловтан 27 күн ем алып, құлан-таза сауығып, Мәскеуіне қайтқан соң да әлі хабарын үзбей хабарласып тұратыны Өсекең жайындағы аңызға бергісіз әңгімелердің бірпарасы қатарында.
Қазақ топырағында Әбу Нәсір әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Өтейбойдақ Тілеубергенұлы, Шабыл Сұлтанқожаұлы, Құртқа секілді емші-тәуіптер ғасырлар тезінен өткен емдеу жолдары жөнінде жеке тұжырымдар жасап, құнды энциклопедиялық мазмұнды мәліметтер қалдырған. Бір ғана Өтейбойдақтың Омбы мен Жезқазған, бүкіл Батпақдала өңірі мен Есіл, Нұра, Торғай, Сырдария, Жаркент, Шөлке аймақтарында өсетін дала, тау, шөлейт жердің шөптерінен құрастырып 1108 рецептпен ауруларды емдегендігі бүгінде ғылым мен халық медицинасына қалай мәлім болса, сол тәсіл-әдістер Өсерқұлға да мағлұм.
Араб-парсы әлемінде Ибн Синаның «Тиф заңдары» кітабы 800 жылдан бері медициналық оқу орындарында негізгі қолданбалы оқулық ретінде пайдаланылады. Әли Ибн Аббас ғұлама бұдан мың жыл бұрын капилляр қан тамырын емдеуді, рак (обыр) ауруларының белгілерін табу мен емдеу шараларын қағазға түсіріп, Ақшамиддин ғалым микроб таяқшаларын анықтап, сөйлеу қа-білетінен айрылғандарды қалпына келтіруді 900 жыл бұрын Ибн Жассов деген ғалым жазып қалдырған. Медицинаның атасы Авиценнаның «Үржүзе» атты аса құнды шығармасы Өсерқұлдың 2000 данадай жеке емдеу жайлы кітаптарының қатарында тұр. Бұл Рысқұловтың қандай халық емшісі екендігін айтпай-ақ аңғартса керек.
Жер ғаламшарындағы 6000-дай дәрілік өсімдіктерді Гиппократ медицинаның ғылыми негізіне балап, оны өзінің 238 шығармасында атап көрсеткен.

Жүздеген ауру түрлерін емдеуді өз тәжірибесінен өткізген емшінің алдынан медицина мамандары «емделуден өтіп кеткен, емдеу шарасы жоқ» деп рак диагнозын қойған науқастар шипа алғанына не дейсіз. Бұл фантастика секілді көрінгенімен — өмір шындығы. Мәскеудегі онкология диспансерінің дәрігері, білікті маман Зинаида Никифорованың Өсерқұлдың үйіне келіп, тәжірибе алмасуы, израильдік бір топ онкологиялық сала шипагер-дәрігерлерінің ол кісінің емдеу тәсілімен, шөп дәрілерімен танысып, өзін елдеріне арнайы шақыруы, сірә де, тегін болмаса керек. Биылғы жылдың наурыз айында Бельгияның Луван католик университетінің профессоры Анна Мари Вейман ханым елімізге арнайы атбасын бұрып, Америкада тұратын жерлесіміз Саят Темірбеков мырза оны халық емшісі Өсерқұл Рысқұловпен таныстырды. Денсаулығын тамыр арқылы дөп басып, диагнозын айна-қатесіз қойып бергенде, риза болған ханым қазақтың 75-тегі сақалды қариясын қос қолдап құшақтап, бетінен сүйе беріпті. «Брюссель, В-1170, №3» деп мекен-жайын қалдырып, қайта-қайта бір шалды шалабүлініп қонаққа шақыратындай басына не күн туды. Ол емшінің білгірлігін, қадір-қасиетін мойындағаны, оған бас игені дегеніміз артық болмас.
Бұл күндері Өсерқұл емшінің алдынан Махбуба Балтабаева, Дөңбай қария, Шүкіролла Тәжібаев, Қамбар Пірімбердиев, Ұлжанат Тағаева, Салтанат Жолдыбаева, Саяра Устахаланова, Рая Әбішева, Коммунахан Артықовалар тамыр тұнбасын қолданып, пайдаланған соң рак (обыр) ауруынан таза айығып, аман-сау адамдар қатарында жүр. Тараздық Гүлнар Үмітова, алматылық Зейнеш Нұрсейітова, ангрендік Маулура Мырзаевалар жатыр рагімен, оштық Бибіниса Жігітәлиева асқазан рагімен, шаяндық Жұмаділла Бейсенов тіл рагімен, астаналық Сұлушаш Амангелдиева аналық миомадан Өсерқұл емшінің шипасымен жазылып шыққандар.

ҚАСИЕТТІ ҚАҒИДАСЫ —
ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Атақ пен марапаттан, тиісті дәрежеден академик Өсерқұл қажы кенде емес. Мұсылмандықтың дана жолын ұстап қажылыққа барды. Бүкіл өмірінде тапқан дүние-мүлкін, жиған-тергенін ел игілігіне жұмсаудан үш ширек ғасырлық ғұмырында бір танған емес. 1960 жылы «П» тәріздес үлкен сарай үлгісімен салынған үйінде үлкен әулетке айналған ұрпақтары — ұл-қыздары, немере-шөберелерімен тұрып келеді. Оның бір жағы қойма, емдеу бөлмесі, келген науқастардың жатын орны, әрі зертхана. Алтыннан сарай салдырып, алтыннан тәж киген жоқ, оны аңсамайды да. Бірақ қайырым жасаудан қажымайтын, жетімін жебеуден талмайтын қария атанды. Мәскеуде 2008 жылы өткен V Халықаралық халық емшілерінің атынан «ІІІ мыңжылдықтың ең үздік емшісі», «Парасат» ордені мен Гиппократ медалінің иегері, Республикалық «Бауыржан» қайырымдылық қоры тағайындаған «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, қос бірдей академияның академигі, Бүкіләлемдік халық емшілері қауымдастығының М.Нострадамус атындағы проскопиялық ғылымдардың халықаралық қоғамдық академиясының мүшесі, Шығыс халық медицинасының магистрі. Бұл тізімді жалғай беруге әбден болады. Сайрам ауданы мен Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», Халық медицина емшілері қауымдастығының Шымкент қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы бөлімінің төрағасы Өсерқұл қажы жекелеген емшілер арасында ең үздіктерінің қатарында бүкіл республика бойынша бірінші орында тұр.
«Ауыл жылдары» аясында 2003 жылы Қарабұлақ ауылынан 600 орындық мектептің құрылысын аз қаржысымен бастап, келесі жылы қыркүйекте ол пайдалануға берілді. Осы сегіз бөлмелі, құны он миллион теңгелік білім ордасына 2005 жылы тағы да 15 млн. теңгеге 10 сынып бөлмесін, кітапхана, гимнастика залдарын қостырды, өз атындағы мұражай ашылды. 3 млн. теңгеге ауданын асфальттап, айналасын қоршатты. 2006 жылы 3,5 млн. теңгеге асхана, ұл-қыздарға арналған екі шеберхана, медбике бөлмесін салдырды. 85 метр тереңдіктен 750 мың теңгелік су мұнарасын тұрғызды. Елбасы Жолдауына сай 2007 жылы құны 25 млн. теңгелік 7 сынып бөлмесін қосымша салдырды. Ал 2008 жылы 1,5 млн. теңгеге мектеп айналасын бетон шарбақпен қоршатып, 800 мың теңгеге мектепте тағы да асхана, медициналық орталық бөлме, шеберхана, жаңа дәліз салдырды. №100-ші негізгі мектепке 2006 жылы сол кездегі облыс әкімі Б.Жылқышиев қатысқан салтанатты жиында Өсерқұл қажы есімі берілді.
Мектептің бүкіл компьютерлік жүйесіне қажетті техниканы қажы-емші өз есебінен жүргізді. Мұның сыртында әр жылы 1 мың АҚШ доллары көлемінде оқушыларға стипендия тағайындады. Облыстағы мүгедек, жетім балалар үйлеріне, Зайсан, Құландағы, Түркиядағы жер сілкінулерге, Сарыағаштағы су тасқынына, мешіттер салуға әр жылдарда миллиондаған теңге қаржы аударды. Бұл — «менмін» деп кеуде қаққан, қалтасы қалың екі бизнесменнің бірінің қолынан келер тірлік емес екендігін қалай мақтап айтса да артықтық етпейді.

ТҮЙІН

Шөптің құдіретін мойындатқан, елі оның құдіретін мойындаған, дәреметімен дәрмен берген жанның соңғы кезде денсаулығы сыр беріп жүр. Қарттық па, қажымас тірлік, өткен өмірдің қиындығы да әсер ететін шығар. Бірақ бір нәрсені ашып айту артық болмас. Қариясын қадірлеп, құрметтеп, өзі 70 млн. теңгені сонау Греция, Қытай, Үндістан, Америка, Ресейден дәрілік шөп алдырып, өзі 400 дәру өсімдіктің тілін біліп, елді емдегеннен тауып, білім ордасын салдырып, биліктегі балалары өз есімін бергеніне қария көңіл кезінде қандай қуанса, былтыр Сайрам ауданының биліктегі әкімдері жылдар бойы еңселі биікте, үлкен қақпада есімін бір пәсте жұлып тастапты. Қапаланған емшінің жағдайын сұрауға да жарамапты. Қалың ел қоныстанған Қарабұлақ ауылындағы Лұқпан хакім есіміндегі көшеде осындай ғасырда бір туар қазақтың қадір тұтар ақсақалы Рысқұлов Өсерқұл қажы тұрады. «Ел» арқылы ел азаматының өткені мен бүгінін қазақ білсін, мақтан тұтсын деген неитпен қажы ақсақал жайлы жазбамызды осымен түйіндегенді жөн көрдік.
Серікбай САПАРҰЛЫ,
Оңтүстік Қазақстан облысы.