ДӘРІЛІК ӨСІМДІКТЕР

Алтын тамыр. Сабағы тік өсетін, көп жылдық шөп тектес өсімдік. Дәрілік шикізат ретінде оның барлық түрінің тамыры жиналады. Дұрыс жиналып, сақталған бұл өсімдік тамыры 2,5-3 жылға дейін шипалық қасиетін жоймайды. Алтын тамырдың құрамын-дағы экстракт ағзаның дене жұмысына шыдамдылығын арттырады, жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартады, жоғарғы жүйке жүйесінің ыр-ғағына жағымды әсер етеді, қан қысымын реттейді. Оны орнымен қолданбаса, кейбір адамдардың қан қысымын арттырып та жібереді.
Адыраспан. Дәрілік шикізат ретінде шілде айында бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін жинап алады. Ол – улы өсімдік. Халық емшілері адыраспанды адамның құяңын, сегізкөздің жүйке ауруын емдеуге пайдаланған. Мал-дә-рігерлік тәжірибеде оның тұнбасымен малдың қышыма қотырын, түрлі тері ауруларын емдейді.
Арша. Оны кәдімгі арша, ем арша деп те айтады. Биіктігі 1-3,5 метр, қысы-жазы көгеріп тұратын, бұталы өсімдік. Қара күзде өсімдіктің піскен жемісі (қаракөк түстілері) жинап алынып, ашық жерде ептеп кептіреді. Халық емінде арша жемісі ежелден-ақ несеп айдайтын және қуықтың қабынуын басатын дәрі ретінде қолданылып келеді. Аршамен тіс тазалау пайдалы.
Ащы мия. Оны ақ мия деп те атайды. Көп жылдық шөп тектес өсімдік. Бүкіл шөбі мен тұқымы дәрі. Басты ем болатын аурулары: жедел және созылмалы дизентерияға; асқазан ауырып, аздап запыран құсқанда; шиқан, сыздауық және басқа жарақаттың іріңдеуіне, жара-ларға; қышыма, бөріткен, ескілікті теміреткіге; ақ кір көп келуге. Улы дәрі. Абайлап қолдану қажет.
Ащы қарбыз. Көп жылдық өрмелегіш сабақты өсімдік, ұзындығы он сантиметрдей. Тамыр түйнегі етті, сабағы көп бұтақты, мұртша ширатылып өседі. Басты ем болатын аурулары: кеңірдекшелердің созылмалы қабынуына; кеуде толып, тынышсызданып ауырғанда; жүрек шаншып ауырғанда; емшек безінің шұғыл қабынуына; жұтқыншақ ауырып, үн қарлығуына. Ащы қарбыз тамыры қанды несеп ауруына ем болады.
Арпа. Бір жылдық шөп тектес дақыл. Халық медицинасында бойға қуат беретін арпа дәнінің қайнатпасы асқазан мен ішек ауруларын, денедегі бөртпелерді жазып, бүйректегі тасты түсіріп, қуықтың қабынуына ем.
Дәрмене жусан. Онымен емдеу ғылыми медицинаға қосылған үлкен үлес. Қазақтың халық емшілері ішек құрты ауруына қарсы қолданған. Бабаларымыз бұл өсімдікті атам заманнан бері шет елдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп отырды. Қара жусанның тамырын тәбет ашуға, ішек, асқазан, бауыр, өт қалтасы ауруына пайдаланады.
Женьшень. Ол тіршілік тамыры саналады. Аралия тұқымдасы панак туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Биіктігі 50 сантиметрдей, тамыры жуан, бұтақталған, сыртқы қабы-ғы ақ, қатты. Өте баяу өсіп, 10-11 жылдан кейін жеміс береді. Оның тамырында тритерпен глюкозидтері (сергіткіштік қасиеті бар) кездеседі. Женьшеньнің тамырынан дайындалған дәрі-дәрмек, ұнтақ, тұнба медицинада ор-ганизмнің жалпы тіршілік қа-білетін, ауруға төзімділігін арттырып, кейбір жүйке және жүрек – қан тамыры ауруларын емдеуге қолданылады.
Мойыл. Биіктігі 3,5-8 метрлік, ағаш немесе бұталы өсімдік, жемісі – қара сүйекше. Дәрілік шикізат – жемісі. Жеміс тұнбасы жас бұзаулардың іш өтуін тоқтатады. Шыбын-шіркей, кене т.б. зиянкестерді қыру үшін ағаш қабығының тұнбасы пайдаланылады. Ол үшін ағаш қабығының 100 граммы 5 литр суға ерітіліп, шыбын-шіркейі мол жерге шашылады.
Марал шөп тамыры. Бұғылар күз, көктемде бұл өсім-діктің тамырын тұяғымен қа-зып жейтін болғандықтан, оны марал шөп тамыры деп атап кеткен. Тамыры қысқа, ірілеу, шашақталған, гүлдері – көк, көкшіл түсті, шар тәрізді тостағанша құрып, сабақтың ұш жағында жеке-жеке орна-ласқан. Оны мақсыр деп те атайды. Халық ертеден бері «алтын тамыр», женьшень тәрізді әл беретін дәрі ретінде пайдаланған.

Автор: «ЖД» ақпарат