Қанның(қысымының) азаюы, артуы қаупінің салдары

Қан ауруы- адам өміріне аса қатер төндіретін сырқаттардың бірі. Мұның ең кең тараған түрі- темір тапшылығы анемиясы, яғни қанның азаюынан адам ағзасының әлсіреуі.
Дерттің бұл түрімен көбінесе бала көтеру жасындағы әйелдер мен кішкене сәбилер науқастанады. Адам денесіне қажетті темір құрамының азаюының сыры неде?
Жүйелі түрде дұрыс тамақтанбағанда, дене мүшелерінің жетілуі кезінде, жүктілік барысында, ағзаның темірге деген сұранысына шектен тыс салмақ түскенде, әйел адам бала емізгенде ағзада темірге тапшылық пайда болады. Емшек сору барысында асқазандағы темір мөлшері азаяды.
Қан азаюы дертінің түрлі белгілері болады, олар: аппақ болып қуару (өңсіздік), тез шаршап- шалдығып қалу, әлсіздік, терінің құрғауы, тырнақтың тез сынып, шаштың шектен тыс көп түсуі, бас айналу, дәмді айыра алмау, бор, әк тас, балшық жеуге құмарлықтың артуы, көз алдында қалташықтардың пайда болуы, естен тану, алқыну, жүректің ауруы сияқты белгілері.
Ал жас балалардың қаны азайғанда физиологиялық дамуы баяулап, есте сақтау қабілеті мен сабақ оқуға деген ынтасы жоғалады, тез шаршайды. Дерт адам ағзасының ауруға қарсы тұруға арналған иммундық күші мен қуатын жойып, өмірлік сапасын төмендетеді. Қандай да болсын, сырқаттың алдын алу қажеттігін «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сияқты қанатты сөз тіркестерімен ата- бабаларымыз бұрындары ескертіп кеткені мәлім. Сол себептен де, темір тапшылығы анемиясын дер кезінде емдеуге тырысып, айтылып өткен күдікті белгілер байқалысымен дереу дәрігерге қаралу қажет.
Дәрігердің белгілеген емін аяқсыз қалдырмай, адам ағзасының құрамында болуы тиіс темір жеткілікті мөлшерде толыққанға дейін, жүйелі түрде емдік әдіс жүргізілуі тиіс. Бұл үшін міндетті түрде құрамында ақуызы (белок), майы, көмірқышқылы көбірек кездесетін тағамдармен (қызылша, бауыр, ет, алма, анар) мүмкіндігінше молырақ ауқаттанған жөн. Ал емдік әдісті қолдануда дәрігердің белгілеген емдеу шараларын толық жүзеге асырудың пайдалы екендігі даусыз.
Аурудың алдын алуға машықтансаң ғана денің сау болып, бойға жабыса қалған дерттен тез арыларың хақ. Осы қағиданы үнемі қаперіңізде ұстап жүріңіз.
Гүлжан ИЛЬЯСОВА,
облыстық балалар
ауруханасының дәрігері

Қан қысымын ескермеген қапы қалады

Мерзімі: 19 қаңтар 2010 · Пікір жазылмаған

Қазіргі кезде адамдар арасында қан қысымымен ауыратындар көп. Бұл аурудың алдын алып, оны емдеуде медицина саласында атқарылып жатқан сауықтыру шаралары да аз емес. Алайда кей адамдар бұл ауруға жеңіл – желпі қарап, денсаулығын күтпеуден өмірден өтіп жатады. Айтпағымыз, аталмыш аурудан сақтану әр адамның өз қолында. Осы ретте маман – дәрігерлердің ақыл- кеңесі мен емдеу тәсілдеріне жүгінуді естен шығармағанымыз жөн. Бүгін облыстық аурухананың кардиология бөлімінің меңгерушісі Зияш НҰРҒАЛИЕВА оқырмандар үшін қан қысымының артуы мен кемуі, одан сақтану жайлы әңгімелейді.

Қан қысымына байланысты дерттердің алдын алу үшін отбасы мүшелерінің арасында біреуі осы дертке ұшыраса немесе жас мөлшері қырықтан асқан жандар және артық салмаққа душар болғандар жүйелі түрде қан қысымының жағдайын қадағалап отырғандары жөн.

Мәселен, көңіл- күйді бұзатын, үрей сезімін туғызатын, сенімсіздікке алып келетін жағдайлардан, яғни депрессияға ұшыраудан сақтануды керек етеді. Жүйке жүйеңізге салмақ түсірмей, не болса соған ашулана бермеңіз. Демалыс сәтін дұрыс ұйымдастыра білу де үлкен рөл атқарады.

Күніне 7-8 сағат ұйықтап, жүйкеге артық күш түсірмеу керек. Ішкі және сыртқы жағдайлардың әсерінен көңіл- күйді бұзатын ұнамсыз жәйттерден аулақ болған жөн. Әрине, мұндай жағдайда еңбек демалысын дұрыс ұйымдастырып, қолдан келіп жатса, санаторий, демалыс орындарына барып ем қабылдаса немесе мүмкіндігінше табиғат аясында көбірек болудың пайдасы бар.

Алкоголь өнімдерін шамалы дозада ғана (уыты күшті ішімдіктерді 50 гр, құрғақ қызыл шарапты 450-200 гр. яғни бір бокалын) ішкеннің ешқандай зияны жоқ. Ал ондай шарап өнімдерін ішу тиесілі мөлшерден асып кетіп жатса немесе ағзаға дәрі қабылдау сәтіне сәйкес уақытқа тап келсе, соңы өкінішке соқтыруы мүмкін. Аз қозғалысқа негізделген өмір сүру тәсілі осынау дертпен ауыратындардың нөмірі бірінші жауы. Жаяу жүру, суға жүзу, велосипед тебу, би билеу секілді денені қимыл- қозғалысқа түсіретін әрекеттерді күніне кем дегенде жарты сағат мөлшерінде жүзеге асыруды дағдыға айналдыру керек. Жаяу жүрудің пайдасы мол, тұла бойдан депрессия сезімін қуалап, қан құрамына залалын тигізетін жайттарды болдырмауға ықпал етеді.

Сондайақ, тыныштыққа қамалу, кітап оқу, шахмат ойнау, теледидар тамашалау секілді қимыл- қозғалысқа негізделмеген әрекеттер миға салмақ түсіріп, жүйкені жұқартуға үлес қосуы мүмкін.Түрлі үгу (массаж) тәсілдерін жасап тұрудың қан тамырлары жұмыстарын жақсартуға әсері зор.

Медицинада адам өміріне қауіпті дерттердің бірі- гипертония (қан қысымы) болып табылады. Мұндай ауру бүкіл ағзаға қауіпті. . Қан қысымы мен адамның қоршаған ортаға бейімделуінің арасында белгілі бір байланыстар бар. Адам қоршаған ортамен қақтығысқа түспеген кезде өмірде көптеген жетістіктерге жетіп, мықты энергияны сезінеді. Адам қоршаған ортаға бейімделе алмаса ағзаның бүкіл қызметі бұзылады. Осындай адам ағзасына қоршаған ортаның кері әсерінен- гипертония пайда болады. Гипертония жүрек, бүйрек ауруларына шалдықтырады.

Медицинада қан қысымы бар адамдарды 2 топқа бөледі.

Себепсіз пайда болатын қан қысымын – бірінші гипертония, ал себепті пайда болатын қан қысымы- екінші гипертония. Адам ағзасындағы қан айналым жүйесі кіші қан тамырларға – артериалдарға құяды. Гипертонияның бастапқы сатысында артерия қысылып өзгеріске ұшырайды. Ұйқы кезінде қысым қайтадан өз орнына оралып артерия қысымы азаяды. Көптеген жағдайда бұл қан тамырлары өз қалпына келу қасиетінен айырылады. Бұл ауруды емдеуде медицина жүйесімен қатар халық медицинасының да шипасы аз емес.