7-кітап

10 июня 2010

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН

Алтынсарин Ыбырай (Ибраһим, 1841-1889) – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Қостанай ауданы, Аққарағай. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі (1850). Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді. Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке – тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес. Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық – саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті. Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу орындары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.

ҚОРАМСАҰЛЫ АҚАН СЕРІ

Қорамсаұлы Ақан сері (Ақжігіт, 1843-1913) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туып-өскен жері – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңы. Топырақ бұйырған жері Айыртау ауданындағы Бұлақ басы, Құлагер құдығы, Құлагердің ақ шарбағы деген жерлер. Шыққан тегі – Арғын ішіндегі Қарауыл руы. Әкесі Қорамса, шешесі Жаңыл қарапайым шаруа адамдары болған. Алғашқыда ауыл молдасынан сауат ашып, содан кейін Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) медресесінде оқыған (1856-1859). Мұнан кейін өз ауылына қайтып оралып, өнер жолына бір жола өмірін арнаған. Халық Ақаңның бойындағы қайталанбас биік өнерді жоғары бағалап, оның сұлу сырлы өлеңдерін сүйіп айтып, өнерге өмірін арнаған бекзаттығын қадірлеп, «Ақан сері» деп атаған. Ақан сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір перзент көрген. Бәтима өлген соң Ұрқия атты қызға үйленіп, онымен ұзақ отаспаған. Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақын өмірінде – өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтоқтыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар», « Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтоқтыға арналған. Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір салтын оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алай көк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-қ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махаббаттың жарқын айғағы.
Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айрықша ықпал еткен.

ДҮКЕНҰЛЫ ЫҚЫЛАС

Дүкенұлы Ықылас (1843-1916) – қазақтың әйгілі күйші қобызшысы. Туып өскен жері Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы, Мұңлы Қулы тауларының етегі. Топырақ бұйырған жері Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің бойындағы Қуарал деген жер. Шыққан тегі Кіші жүз Жетіру ішіндегі Тама руынан, оның ішінде Жөгі бұтағынан. Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор. Ықыластың әкесі Дүкен де, оның әкесі Алтын да қобызшы болған. Алтын қобызға әуестеніп жүрген бозбала шағында түс көріп, түсінде бір ақсақалды абыз: «Бұл қобыз сенің жеті ұрпағыңа дарып, желеп жебейтін болады!» деп аян береді деген шежіре сөз бар. Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да көшелі қобызшылар болған. Олардың балалары мен немере шөберелері қазір Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрады. Ықыластың қара қобызы бұл күнде Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы. Ықыластың тырнақалды туындылары «Қасқар», «Ықылас» деп аталады. Оның «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық әлеуметтік көріністері бейнеленсе, «Қабар Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған аңыз әңгімелер, қиял ғажайып оқиғалар арқау болған. Осы күйлердің қай қайсысы да Ықыластың адамға деген, қоғамға деген, табиғатқа деген азаматтық тұлғасын, адамгершілік үнін айқын аңғартады. Ықыластың күйшілік дәстүрінің жығасын қисайтпай жалғастырған төл шәкірттері Бекмағамбетұлы Ашай, Тоқтамысұлы Әбікей, Әлиев Сүгір және өзінің бел баласы Түсіпбек болған. Бұлардан тікелей тәлім алған белгілі қобызшы домбырашылар Мықтыбаев Дәулет пен Қаламбаев Жаппас. Ал, Дәулет пен Жаппастың төл шәкірттері Үмбетбаев Сматай, Қосбасаров Базархан. Көшпелі елдің көшінен түсіп қала жаздап, қадау-қадау өнерпаздардың қол жалғауы арқылы көнеден бүгінге жеткен қобыз өнері қазір арнасын кеңейтіп, өрісін ұзартып, өресін биіктетіп, халқын қоңыр үніне ұйытуда.

ҚҰНАНБАЙҰЛЫ АБАЙ (ИБРАҺИМ)

Құнанбайұлы Абай (1845-1904) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Шын аты Ибраһим. Туған жері бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты Шыңғыс тауының баурайы. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.

Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үіт етеді. Сондықтан да ол абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.

Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі – өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі – ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі – өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік – шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның экономикасы мен ой-пікірінің прогресшіл бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану процесінде екі элементтің – сезім мен логиканың , түйсік пен ақылдың қатынасын мойындайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы – экожүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тезіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты сорақылықтар қазақ халқының бойындағы туа біткен биогенетикалық қасиеті емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, қазақ бойынан Абай көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашылады.

1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан өледі. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахман қайтыс болады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті – Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ

Жабаев Жамбыл (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық–жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М.Әуезовтың «қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері ХІХ ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның өзге өңірлерін ертерек шарпыған отаршылдық ел ішінің дәстүрлі қалпына өктемдігін жүргізіп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетісу алабы әзірше қағаберісте еді. Екіншіден, бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрі шын мәнінде ХІХ ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезеңде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әнші-ақындардың келуі, Таластан – Жалайыр Түбектің келуі, оңтүстіктен – Макөт пен Майлықожаның келуі, ту-у Атыраудан – Құрманғазының келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылыстарына байланысты еді. Осындай өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзіндеақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйімбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал–құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшылармен өнер өрелестіріп, қырғыздың көл-көсір поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жамбыл енді ақындық суырып салмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды. Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар — үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады. Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз, жырау, әрі жауынгер, жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» – деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді. Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі.

ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ ҚАЗАНҒАП

Тілепбергенұлы Қазанғап (1854-1927) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері – арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері – сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі – Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі – Шанышқылы. Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, Мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дархан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады. Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген. Кіші жүздің Ресейге бодан болуы ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә-бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Әрідегі Сырым батыр, онан соң Исатай мен Махамбет бастаған жойқын көтерілістер, берідегі Бекет батыр бастаған көтеріліс Қазанғаптың жөргектен құлағына сіңісті болған, қала берді көзі көрген заманалық тауқымет айғағы болатын. Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-ақ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім – түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке-шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада – Төреш, Бесқалада – Орынбай, Құрманияз, Орынборда – Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегін армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады. Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады. Алайда, жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уәделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тағдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға келе алмайды. Сонда Балжан: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» – деп, ашық мінезбен ағынан жарылады. Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай Балжан аруды өмір бойы күй арқауы, шабыт тұғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклі қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады. Жалпы, Қазанғап эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазанғап күйлері халық тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы «Ноғайлы босқыны» деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып «Жұртта қалған», «Окоп» деп күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп «Қызыл керуен» деп бебеулейді. Ал, «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Кекіл» сияқты күйлері өмірдің мәні мен сәні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады. Қазанғаптың күйшілік болмысына ден қойғанда, оны да ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп аныған жөн.

ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ ШӘКӘРІМ

Құдайбердіұлы Шәкәрім (1858- 1931) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өмірге белсене араласып, адамгершілік, ағартушылық идеяларды уағыздаған қазақтың ұлы ақыны. Ол сондай ақ прозашы, аудармашы, тарихшы және философ. Кейбір деректерде оның есімін «Шаһкәрім» деп те көрсетеді. Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді. Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған.

Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады. Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, Молда сабағынан басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.

НҰРПЕЙІС КЕЛІНІ ДИНА

Нұрпейіс келіні Дина (1861-1955) – қазақтың әйгілі күйші композиторы. Туып өскен жері Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жер. Топырақ Алматы қаласынан бұйырған. Қазақстанның халық әртісі (1944). Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып, 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Москвада өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алады.

Дина ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақытты болып қойған жоқ, исі қазақтың күй өнерінің бақыты болды.

Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында.

Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған. Динаның әсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа» ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынан арналған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» («Набор») күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі, балдай тәтті, бауыр етіндей жақын баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйі, міне, бұлар Динаның өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын біртуар күйлер. Бұл күйлері арқылы Дина қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктетумен бірге, өзі де ұлы күйшілермен терезесін теңестірді.

Дина Кеңес заманында да өзінің арман аңсарын, үміт тілегін халқының жолына бағыштап өтті. Жасының ұлғайғанына қарамастан Қазақстанның 20 жылдығына орай «Тойбастар», Отан соғысы жылдарында «Ана бұйрығы», «Жеңіс» сияқты күйлер шығарды. Рас, қоғамның репрессиялық қаталдығы тудырған жағымсыз саясат пен желбуаз идеология Динаның бұла дарынын қақпайлап бақты. Оны төлтума арқасынан (шабытынан) айырып, әсіре ұраншылдықтың қолжаулығы етпек болды. Ол шығарған күйлерге «Еңбек ері», «Сауыншы», «Сталин», «Делегат», «Көкөніс» деп ат қойып, алаулатып жалаулатып, ресми салтанаттардың ұран күйіне айналдырды.

Алайда, шын асылды тот баспайды. Динаның қанатты өнері халқының рухани асыл қазынасы ретінде бүгін мен болашаққа қызмет көрсете бермек.

БАЙМЫРЗАҰЛЫ БАЛУАН ШОЛАҚ

Баймырзаұлы Балуан Шолақ (1864-1916) – қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты Нұрмағанбет. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде, атығай, қарауыл руларының арасында өткен. Балуанның әкесі Баймырза қара күшке мықты болмағанмен, өз төңірегіне танымал ағаш шебері болыпты. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді. «Алып анадан» деген ғой, Балуан Шолақ та осы анасына тартып, теңдессіз алып күштің иесі болған. Балуан Шолақ бала кезінде ақ балуандықпен аты шығып, ел ішіндегі жиын тойға қатысып жүреді. Цирк ойыншыларының ат үсті ойынын көріп, өзі де соларға еліктеп, ат үстінде тік тұрып шабу, ерге төбесімен тұрып шабу, шауып келе жатқан аттың бауырының астынан өтіп, ерге қайта түзеліп отыру секілді сан түрлі күрделі қимылдарды өзі де жасап, көпшілікке өнер көрсетеді. Мұның үстіне әнкүйге деген құштарлығы ерте оянып, Біржан сал, Ақан серінің әндерін бабына келтіріп, тамылжыта орындайтын болады. Бойына бірнеше өнерді жинаған дарынды жас бертін келе қасына өзіндей өнерпаз жастарды жинап, ойын сауық жасайды. Ел аралап, небір өнерпаздармен танысады. Әндерін өзі сүйіп орындайтын Арқа сазгерлерінің әншілік шығармашылық дәстүрін берік ұстанып, енді өзі де ән шығара бастайды. Ол шығарған «Көкшетау», «Желдірме», «Ащылы айырық», «Дікілдек», «Қос перне», «Құлан кісінес» әндері Арқа өңіріне кеңінен тарап, көпшіліктің сүйіп тыңдар әніне айналады. Оның әндерінің әуеніндегі батылдық, өршіл мінез Балуан Шолақтың өзінің шамадан тыс қайрат күшін байқатып тұратындай тым жігерлі болып кетеді. Балуан Шолақтың атын алысқа жайған атақты әнінің бірі «Ғалия». Бұл мөлдір махаббатты сазды әуен, нәзік сезіммен жырлаған ғашықтар әні. Музыка зерттеушілері бұл әнді Балуан Шолақ шығармашылығының шырқау биігі деп бағалайды. Өмірінің соңғы кезінде Жетісуға арнайы атажұртын іздеп барып, ондағы ағайын туыстарымен танысып қайтады. Осы сапарында Арқаның көптеген әндерін Жетісуға жеткізеді. Белгілі музыка зерттеушісі А.В.Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізеді. Сан өнерімен халқын риза етіп, Сарыарқасын сазды әуенімен тербеткен, заманының айтулы сал серісінің бірі болған Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1916 жылы өзінің өскен өңірі Өзектісайда қайтыс болады.

БӨКЕЙХАНОВ ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ

Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.

Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болған мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы иснтитутына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.

Оқуын бітіріп, Омбыға орaлғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.

XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ, алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады.

1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынбор келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.

Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Бірақ көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Ә.Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен өлім жазасына кеседі.

Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармагы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АХМЕТ

Байтұрсынұлы Ахмет (1873-1937) – қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым-лингвист, түріктанушы, ақын, аудармашы, әдебиет жинаушы һәм зерттеуші, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). Батырлықты, билікті салт қылған ірі мінезді адамдары көп ортада туып, өскен Ахметтің тәрбиесі мал бағып, күйбің тірлік кешкен өзге қазақы ортадан бөлектеу еді. Әділетті жақтау, қиянатқа төзбеу – атадан балаға қалған мұра секілді қасиет еді мұнда. Әділеттің ісін тізіп, әріге бармай-ақ, беріден қайырсақ, әкесі Байтұрсынның параға сатылып, аулына қиянат жасаған Торғай уезінің начальнигі, «кәрі ояз» атанған Яковлевті сабап, басын жаруы да сол қасиеттің құдіреті болатын. Осы қасиет Ахметті де өз ортасынан суырып алып, күрес жолына салды. Патша өкіметінің зұлым саясатын, халқына жасап отырған көрнеу зорлық-зомбылығын, қорлығын көріп, біліп отырып, жан бағып, жайына жүре алмады. Бар оқығаны: ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерімен шектелгеніне қарамастан, «өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды…, халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» (С. Сейфуллин). Ол замана ағымымен кетпей, өзгелер құсап қазақ халқын бай, кедейге бөлмей, тұтас жақсы көрді, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Ол отаршылықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті – мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады. Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі – өнегеге көрсетті, Ол өзі атқарған үлкенді–кішілі қызметті де, сабақ берген мектепті де, мақаласы мен өлеңдерін шығарған баспа орындарын да – бәрін-бәрін халқына қалтқысыз қызмет етудегі өз идеясын, өз саясатын жүзеге асырудың құралы етті. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов). Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғысын жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.

ТЫНЫШБАЕВ МҰХАММЕДЖАН

Тынышбаев Мұхаммеджан (1879-1937) – қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Туған жері – бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы – Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданы. Оқып, білім алу үшін уез бастығының тізіміне қазақтың кедейі түгіл, бай баласының ілуде, біреуі зорға ілігетін сол бір қиын кезде кедей шаруа Тынышбайдың баласының Верный қаласындағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық класына алынуы айтарлықтай ерекше оқиға еді. Тағдыры тартқан тосын сыйдың мәні «балам оқып, білімді азамат болса» деп армандаған әке тілегімен үйлесіп жатқанын жанымен сезінген он бір жасар Мұхамеджан алғашқы күннен сабағын жақсы оқып, орыс тілін жетік меңгеруге күш салады. Осындай ынта-ықыласына табиғи қабілеттілігі қосылып, ол аз уақыт ішінде гимназия оқытушыларының назарын өзіне аударады. Жыл сайын кластан класқа І – дәрежелі наградамен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады. Гимназияның Алтын медалі мен педагогикалық кеңестің жоғары бағалаған мінездемесі жиырма жасар Мұхамеджанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады. Мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді. Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады. Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы – халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді. Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды, Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхамеджан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М.Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. Осының алдында ол бүкілтүркістандық ІV – мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады. Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М.Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен тізе біріктіре отырып, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң, 1920 жылдан бастап, Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді. 1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады. Халыққа азаттық әпермек болған істерінен нәтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған қызылдарға қызмет етуге мәжбүр болған ол енді бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Алайда қара тізімге алып, әр қадамын қалтқысыз баққан қызыл жендеттер оған халқының тарихын жазуға мүмкіндік бермей, қамауға алып, Ресейдің қаратопырақты аймағына (қазіргі Воронеж облысы) бес жылға жер аударады. Айдауда жүрген кезінде М.Тынышбаев Москва-Донбасс темір жолын жобалау бөлімінде жұмыс істейді. Содан кесілген мерзімін өтеп елге оралады. Бірақ ұзамай, ол 1937 жылдың қараша айында қайтадан тұтқындалып, көп кешікпей атылады.

ТАСТАНБЕКҚЫЗЫ САРА

Тастанбекқызы Сара (1878-1916) – айтыскер ақын. Туған жері қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы. Руы Найман.

Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі жол. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі немере ағасы Жайсаңбек «өгіз ұрлады» деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады.

Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады. Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады.

Осылайша қаршадайынан басы дау шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдына онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған осындай күндердің бірінде Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсылармен бірге Сара да келіп, ұлы ақынмен көріседі, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді.

Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы-мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады.

Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», « Жайлауда», « Әбіштің аруағына», « Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар.

ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ ХАЛЕЛ

Досмұхамедұлы Халел (1883-1937) – аумалы төкпелі заманда мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірмеген қазақ зиялыларының бірі, мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. Туған жері қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы.

Ағасы Дәулетүмбет Машақұлының ықпалымен әкесі Досмұхамед ауыл молдасынан хат таныған Халелді жергілікті орыс-қазақ мектебіне береді. Мектепті жақсы бітірген Халел бұдан кейін Теке қаласындағы реалдық училщеге түсіп, оны үздік бітіреді. Өнер білімге құмар жас Санкт-Петербургтегі Әскери медициналық академияның сынағынан мүдірмей өтіп, оны алты жылдан кейін Алтын медальмен бітіріп шығады.

Халқының жан саулығы мен тән саулығының шипагері бола білген Халел арнайы шақырумен Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезіне қатысады. Осында қазақ-қырғыз өлкелік автономиясы жарияланады, Алашорда өкіметі құрылады. Ол соған мүше болып сайланады.

Алашорда таратылғаннан кейін басқа қазақ зиялылары секілді Халел де жаңа өкіметтің жұмысына тартылады. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы, оған қосымша Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметтерін атқарады. 1924 жылы Россия академиясының Орталық өлкетану бюросының мүше корреспонденті болып сайланады. Өзі проректор болып істейтін, халқымыздың алғашқы жоғары оқу орны Қазақ педагогика институтының негізінде Қазақ мемлекеттік университетін ашуға, соның ұйымдастыру жұмыстарын атқаруға белсене араласады, оның бірінші проректоры болып тағайындалады.

Халел Досмұхамедұлы бір өзі бірнеше қызметтер атқара жүріп, ұлттық мектептердің ғылыми терминология жасау ісіне ат салысады. Жер жерлерде қаулап ашыла бастаған жүйесін құруға, қазақ тіліндегі ғылыми терминология жасау ісіне ат салысады. Жер-жерлерде қаулап ашыла бастаған ұлттық мектептерге ана тілінде оқулық жазу қажет болады. Осындай қажеттілік Халелді атқарып жүрген толып жатқан қоғамдық қызметтерін ана тіліндегі оқулықтар жазумен және оны шығару жұмыстарымен ұштастыра жүргізуге мәжбүр етті. Ол «табиғаттану», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Сүйектілер туралы» атты еңбектер жазды. Сондай ақ оның қаламы жүйрік журналист болғанын қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан айқын көруге болады. Ол сонымен бірге қазақ-қырғыз білім комиссиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, өзі соның редакторы болған.

Жеке адамға табыну дәуіріндегі алғашқы қуғын-сүргін зұлматына алдымен халқымыздың маңдай алды аяулы азаматтары ұшырағаны белгілі. Солардың бірі болып, КазПи-де проректор болып жүрген Халел тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. Сонда жүргенде қайта тұтқындалып, әуелі Мәскеу, содан соң Алматы түрмесінде отырды. 1937 жылы әскери трибуналдың үкімімен атылды. Халқыма қызмет етуден артық бақыт жоқ деп, бар мағыналы өмірін осы жолға арнаған аяулы азамат осылайша зұлымдықтың құрбаны болды. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып ақталды.

ӘЗІРБАЕВ КЕНЕН

Әзірбаев Кенен (1884-1976) – қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Туып-өскен жері – Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Мәтібұлақ деген өңір. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «июнь жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия , соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі. Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кенші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты. Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады. Бұл әндердің қай-қайсысының да астарында уақыт тынысына қоса, ең алдымен Кененнің өзінің тарихи түйсік-зердесі, жалтағы жоқ болмысы аңғарылады. Мәселен, 16-шы жылғы толқудан көп бұрын дүниеге келген «Ой, бұлбұл» өлеңінде бұлбұлмен мұңдаса отырып, «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деген сөзді айту үшін ыза-кекке қоса, сол кездегі іріп-шіріген саяси ахуалды түсінетін көреген зерде керек қой. Немесе, күндей күркіреген Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақ иық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салуы – ерге лайық жалтақсыз сенімнің, ақынға лайық оптимизмнің, ақылгөйге лайық көрегендіктің айғағы болса керек. Кенен Әзірбаев артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз. Ақиық ақынның өлмес өлең-жырлары өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз. Ақиық ақынның өлмес өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері халықпен бірге мәңгі жасай бермек.

ДУЛАТОВ МІРЖАҚЫП

Дулатов Міржақып (1885-1935) – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайреткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Сарықопа болысының үшінші ауылы. Әкесі – Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі – Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды. Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салады.

Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, « Ахаң Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бас тартап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.

Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып қашанда күрес шебінің алдында болды. Жалынды сөзімен де, тындырымды ісімен де, жеке басының жүріс- тұрысымен де ол өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді. Оның публицистикалық толғауларынан шағын өлеңдеріне дейін, «Бақытсыз Жамал» романынан газет журналдардағы шағын мақаласына дейін халық мүддесіне арналды. Сонымен бірге ол Ахмет ағасы секілді жастарды тәрбиелеу жөнінде көп ойланып, көп еңбектенді, халықтың пайдалы әдет-ғұрпын сақтауға, елін, жерін сүйетін тәрбие беруге күш салды. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де Міржақыптың халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған Жақаң: «Ем таба алмай дертіңе мен ертеден, Сол бір қайғың өзегімді өртеген. Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден, Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай» деп, дүниеден арманда кетті.

ШОҚАЙҰЛЫ МҰСТАФА

Шоқайұлы Мұстафа (1886-1941) – отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Торы тармағына жататын Шашты руынан тараған текті әулеттің ұрпағы. Атасы Торғай Сыр қазақтары орыс патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі болған. Әкесі Шоқай дала қазақтары арасында ерекше мәдениетті, елге беделді би болған, отырықшылықпен айналысып, бау бақша салдырып, егін еккен, кірпіш үй салдырған. Анасы Бақты да текті жердің қызы екен. Әкесі батыр болыпты. Түркістанды орыс отаршылары жаулап алуға кіріскенде, Бақты да әкесімен бірге соғысқа қатысып, барлаушылық қызмет атқарған. Бейбіт күнде өлең жазып, дастандар жырлаған.

Отаршылдықтың өктемдігін, қиянатшыл әділетсіздігін Мұстафа жастайынан көріп өседі. Өз басы отаршылдықтың өрескел кеудесоқтығымен Ташкентте, «өте жақсы» деген бағамен гимназияны аяқтаған кезде бетпе-бет кездеседі. Гимназияда оған берілмекші болған алтын медальді генерал Самсонов бергізбей, одан төмен оқитын орыс баласына жазады. Бұған күміс медальді ұсынады. Бірақ Мұстафа медаль алудан мүлде бас тартады.

Мұстафаның терең білім алып, саяси көзқарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа, халқының азаттығы үшін күреске қатысып шыңдалуы Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінен басталады. Ол гимназияда да, университетте оқып жүргенде де, жергілікті әкімшіліктен зәбір жапа шегіп келген жерлестерінің атынан арыз жазып, олардың әділдікке жетуіне көмектеседі, тіпті, кейбір күрделі істер бойынша сенат алдына мәселелер қоюына тура келеді.

Мұстафаның алғашқы қоғамдық жұмысы оның 1914 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен IV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Бұл оның Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуына, іс жүзінде жалпы мұсылмандық, жалпы түркістандық идеяларды қолдауына алып келді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екенін Мұстафа сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірінен айныған жоқ.

1917 жылғы Ақпан төңкерісін Мұстафа Петeрборда пікірлес достарымен бірге қуана қарсы алады, патша үкіметінің құлауы оларға бостандыққа жетуге жол ашқандай болады. Ол Әлихан Бөкейханов секілді отандастарымен бірігіп, іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты тұлғаларының біріне айналады.

Уақыт туғызған мүмкіндікті пайдаланып, еркіндікке қол жеткізер кезде Түркістан мұсылмандары бірлік таныта алмай, ек топқа бөлініп: бірі консервативті бағытты, екіншісі прогресшіл бағытты ұстанады. Қазан төңкерісінен кейін билікті алған Түркістан жұмысшы шаруа кеңестерінің үкіметі бұл екі топты саяси бірлікке келтірмеудің бар шарасын істеп бағады. Екінші бағыттың басында тұрған Мұстафа Шоқай осы кезде құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі, Мұхамеджан Тынышбаев отставкаға кеткен соң, оның орнына Бас министр қызметін атқарады. Бұл кезде ол Өлкелік Қазақ Кеңесінің төрағасы болатын. Оған қоса 1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен I Бүкілқазақтық Құрылтайдан соң құрылған «Алаш» партиясына мүше еді.

Ташкенттегі жұмысшы солдат депутаттарының үкіметі өзін бірден-бір билік иесімін деп есептеп, Қоқандағы Мұсылман автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырады. Қоқандағы большевиктер ойранынан зорға қашып құтылған Мұстафа Иргаш Құрбашының бандыларының қолына түседі. Өліммен бірнеше рет бетпе бет келіп, әйтеуір аман қалады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Жат жерде қаржы қаражатсыз жүргеніне қарамай, тынымсыз саяси ғылыми баспагерлік жұмыстармен айналысады. Бұл Мұстафа Шоқай ұлының өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен жылдары еді.

Ол өмірінің соңында тамыз айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Жаны күйзелген Мұстафа Германияның билік орындарына жолдаған хатында: «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа: « Егер сіздер осыған байланысты маған ату, не асу жазасын берсеңіздер қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Мұстафаның адал жары Мария Яковлевна арқылы бізге жеткен осынау деректер ұлтын сүйген ұлы азаматтың ұлтшыл жүрегінің жерлестері тартқан азапты көріп қалай ауырғанын, жанының қалай күйзелгенін әлемге жариялап тұрғандай.

Ол 1941 жылы Берлиндегі «Виктория» ауруханасында құпияға толы жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.

ҚАШАУБАЕВ ӘМІРЕ

Қашаубаев Әміре (1888-1934) – қазақтың атақты әншісі. Туған жері Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабы. Алматы қаласынан топырақ бұйырған. Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа жанұясында туып өскен. Жастайынан әншілік өнерпаздығымен жұрт аузына ілігіп, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уәлиқызы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қалимен бірге бас жүлдеге ие болды. Мұнан кейін әншілік даңқы алысқа жайылып, 1925 жылы Парижде өткен Дүниежізілік көрмеде болған этнографиялық концерттерге қатысып, ерекше көзге түседі, қазақтың өресі биік әншілік өнеріне әлем тыңдаушыларының көзін жеткізеді.

Әміре 1925 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданады. Өмірінің соңына дейін театрда әнші артист болған. Әміре «Еңліk -Кебекте» Жапалдың, «Айман-Шолпанда» Жарастың рөлін ойнайды. Концерттік қойылымдарға жиі жиі шығып, халықтың ән-өнерін насихаттауға айрықша үлес қосады.

Әміренің әншілік өнері А.В.Луначарский, А.В.Затаевич, Г.Любимов сияқты өнердің парқын терең білетін мамандар тарапынан жоғары баға алған.

Қазақтың «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Қос барабан», «Қызыл бидай», «Смет», «Жалғыз арша» сияқты классикалық әндері Әміре айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тауып келеді. Бұл ретте, Ж. Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, М.Ешекеев, Б.Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасар болғанын атап айтқан жөн.

АЙМАУЫТОВ ЖҮСІПБЕК

Аймауытов Жүсіпбек (1889-1931) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1907 жылдан бастап Баян ауылдағы орыс мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп қашып оқиды. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіреді (1914-1919). Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922-1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924-1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926-1929) қызметтерін атқарады. 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.

Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», « Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген. Бұлардың сыртында «Комплекспен оқыту жолдары» атты мұғалімдерге арналған көмекші құрал, «Психология» оқулығы бар.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының соңылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.

ЖҰМАБАЕВ МАҒЖАН

Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (1893-1938 ) – қазақ әдебиетінің көгіндегі ХХ ғасырдың басында жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі, текті ақыны. Туған жері бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы). Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған. Соған орай оны бір сайлауда болыс етіп сайлаған көрінеді.

Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгіріммен аяқтайды. Бірақ бұл оқу білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды. Ол оқу іздеп енді Уфаға аттанады. Сонда өзінің білім беру дәрежесінен Жоғары діни оқу орнымен пара пар Медресе Ғалияға оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, соның ақыл кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі.

Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынымен, жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол, енді бірте-бірте ой есейгендігін танытып, азаматтық лирикаға қарай ойысады. Мұнда да ол зарлы да өкінішті ой сезімдерін ерекше құдіретпен, шыңғырған жан даусының қуатымен жеткізіп, ішкі мұңы мен ашу кегін табиғи байланыстырып жібереді. Бұл кез оның қазақтың ардақ азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Ұстаздарының өнегесі ақын жанының тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді. «Азамат! Анау қазақ ханым десең, Жұмақтың суын апар, жаным десең. Бомаса, ібіліс бол да у алып бар, Тоқтатам тұншықтырып қанын десең». Екінің бірі, басқа жол жоқ! Тасқыны қатты, тегеуріні берік ұлттық сезім селі ширатыла ширығып барып, екпінін баспаған күйі түрікшілдік арнасына құйылады. Халық өлеңдерінің мазмұнымен бірге оның ырғақ үйлесімін, ішкі рухын, әуезділік әсемдігін жанымен қабылдаған ақын кейде ән-күй ғана түсіндіре алатын сезімдерді сөзбен жеткізеді. Мағжанның ақындық ерекшелігі де, бәлкім, осы болар.

Қалай дегенде де, Мағжан өзіне дейінгіге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Ол өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде, ал адамды сол ұлы табиғаттың, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайды. Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білу үшін ол, алдымен, не нәрсенің болса да мән-мазмұнын бағдарлап, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстың ішкі астарына үңіледі. Дүниені философиялық тұрғыдан таниды.

Мағжан «Шолпан», «Сана» журналдары, «Ақ жол» газеті редакцияларында қызмет істеп жүргенде болсын, Москваның Жоғары әдебиет көркем өнер институтында оқып жүргенде болсын, үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық өрлеу жолында болады. Білімі толысып, тәжірибесі молайып, кемелді шағына бет алған тарпаң дарынның тағдырына тұтқиылдан келіп араласқан Қызыл империяның қызылкөз жендеттері оның жолын кесіп, түрмеге қамайды. Сөйтіп 1929 жылдан бастап ақын қуғын-сүргінге ұшырайды. Әуелі жалған жабылған жаламен он жылға сотталады. Одан М.Горкий мен оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен, 1936 жылы босатылады да, бір жылдан кейін «Халық жауы» деп қайта сотталып, келесі жылы наурыз айында ату жазасына кесіледі.

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН

Сейфуллин Сәкен (Садуақас, 1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері. Туып өскен жері – Қарағанды облысының Шет ауданына (бұрынғы Жаңаарқа ауданына) қарасты Ортау кеңшарының Қарашілік қыстағы. Саяси репрессияның құрбаны болған. Нілдідегі орыс-қазақ және Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде (1905-1908), үш кластық қалалық (1913-1916) оқыған. Омбыда қазақ жастарының «Бірлік» қауымын, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымын ашып, «Тіршілік» газетін шығаруды ұйымдастырған. Ақмола Совдепі президиумының мүшесі (1917). КОКП мүшесі (1918). Ақмола совдепшілермен бірге тұтқындалып (1919) Атаманның «азап вагонында» 47 күн азап шегіп, Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. Ақмола Атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі (1920). Қазақтың Кеңестік Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің 1-Құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі (1920). «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы (1922). Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (1922-1925). Халық ағарту комиссараты жанындағы Ғылым орталығының төрағасы, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясының (Қаз.АПП) басшысы (1925). БК(б)П Өлкелік комитеті партия тарихы бөлімінің меңгерушісі (1926). Қызылорда халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры (1927). «Әдебиет майданы» журналының редакторы (1932). Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры (1934). Сәкеннің алғашқы өлеңдер жинағы «Өткен күндер» деген атпен 1914 жылы жарық көрді. Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық саяси ұстанымын бедерлі айғақтайтын туындылары – «Кел жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге», «Жолдастар» сияқты саяси лирикалары, сондай-ақ «Советстан», «Көкшетау», «Альбатрос», «Социалистан», «Қызыл ат» поэмалары. Проза саласында «Жер қазғандар», «Айша», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Жемістер» повестері мен «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық роман жазған. «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» драмалары өз заманының рухын танытатын елеулі шығармалар. Қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген С.Сейфуллин әдебиеттің басқа жанрларында да айтарлықтай із қалдырған. Оның әдеби-сын мақалалары, баяндамалары мен сөйлеген сөздері ұлттың мәдени-рухани өміріне сергек араласқан сыншылдық ойының құнарлылығын және пәрменділігін танытады. Әсіресе, қазақ әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегінің мәні зор. Сәкен шығарған әндер халықтық дәстүрді тұғыр ете отырып, дүниеге келген өзіндік даралық сипаттармен ерекшеленеді. Сәкен қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына жойдасыз еңбек сіңірді. Бұл жолда Сәкен социалистік жүйені, оның идеялық дем берушісі коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп сенді. Тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформасын ұлттың көгеріп көктеуіне пайдаланбақшы болып жан-тәнімен қимылдады. Алайда, мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістерге қарамастан Ресейде өзгеріссіз қалған империялық озбырлық Сәкеннің де, Сәкен сияқты жүздеген-мыңдаған боздақтардың да, керек десеңіз, мүлде басқа жолдарды таңдаған ұлтжандылардың да армандарын қиялға айналдырып, өмірлерін қасіретке тап қылды. Демек, тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуге тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға.

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН

Майлин Бейімбет (Бимағамбет, 1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Таран ауданы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. Алғашқыда мұғалімдік қызмет атқарған (1916-1919). Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Саяси репрессияның құрбаны болды. Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913), «Айқап» журналында (1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған. Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады. Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады.

ЖАНСҮГІРОВ ІЛИЯС

Жансүгіров Ілияс (1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Алматы облысының Ақсу ауданы. Алғаш рет Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп (1921), өз аулында мұғалім болады.Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады (1922). Москвадағы Коммунистік журналистика институтына 1925 жылы түсіп, 1928 жылы бітірген соң «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынады. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы (1932-1934). ҚАК СР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі (1933-1936). Саяси репрессияның құрбаны болды.

Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы.

Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. Ол қазақ әдебиетінде поэма жанрын түр мен мазмұн жағынан анағұрлым байытып, халық болмысын асқақтатын рухты ситуацияларға ден қоя білді. Оның поэзиясында эпикалық серпін мен лирикалық сезім мінсіз тоғысып, ақынның дара қолтаңбасы айғақтап отырады.

Ілияс Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.

Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М. Горькийдің, Н.А. Некрасовтың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі өнеге.

ТҰРАР РЫСҚҰЛҰЛЫ

Рысқұлұлы Тұрар (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, Әулие-ата уезіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы және басшысы. Әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы шаруасы шағын, ауылдың еті тірі, есті жігіті болған. 1904 жылы патша үкіметінің зорлық зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жылға сотталып, итжеккенге жер аударылады.

Әкесінің қылмысты болып, түрмеге қамалуы он жасар Тұрардың былайғы өмірінің сол кездегі өзі тұрғылас қазақтың ауыл балаларының тірлігінен бөлек, басқа арнаға ауысуына себепші болады. Паналар басқа жері жоқ жетім Тұрар қашан әкесі сотталып, жер аударылғанша түрмеде, соның қасында болып, бас бостандығы жоқтардың бақытсыз күндерін солармен бірге бастан кешіреді. Теңсіздіктің, әділетсіздіктің небір сорақы түрлерін көзімен көреді. Сонда жүріп, бала болса да, оқымай, білім алмай болмайтынына көз жеткізеді. Бірақ қанша ұмтылғанмен, ол кeзде жетім балаға білім алу оңай емес еді. Ол тек 1907 жылы ғана әкесін білетін жақсы адамдардың көмегімен, онда да ат-жөнін өзгертіп, «Қырғызбаев» деген фамилиямен, Әулие-атадағы бұратаналарға арналған орысша бастауыш мектепке оқуға енеді. Бұдан кейін ол Пішпектегі ауыл шаруашылығы мектебін бітіріп, Ташкенттегі мұғалімдер институтына түседі. Бірақ онда оқудың мүмкіндігі болмайды. Осы кезде Қазақстанның әр жерінде патшаның «Июнь жарлығына» қарсы бас көтерген халықтың наразылығы ұлт-азаттық көтерілісіне ұласып кеткен еді. Әулие-атадағы осындай көтеріліске белсене қатысқан Тұрарды патша үкіметі тұтқынға алады.

Ақпан төңкерісінен кейін ол қазақ жастарын революциялық жолға жұмылдырып, Қырғыз (қазақ) жастарының одағын ұйымдастырып, Әулиеата Кеңесімен тығыз байланыс жасайды. Кеңес өкіметі орнасымен Әулие-ата уездік Совдепі атқару комитетінің төрағасы болады. Бұдан кейін ол Түркістан республикасы Орталық Атқару комитетінің, РК (б) П Мұсылман бюросының төрағасы қызметін атқарады. Бір жыл Ұлт істері Халық комиссариатының Азербайжан республикасы бойынша өкілі болып, 1921 жылы РСФСР Ұлт істері Комиссариатына қызметке ауысады. Онда ол әуелі жәй қызметкер, алқа мүшесі, кейін халкомның екінші орынбасары болады.

Коминтерн Атқару Комитетінде Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде жүргенде оны Моңғолияға уәкіл етіп жібереді. Сонда бір жылдай болып, Қазақстанға келеді. Мұнда ол БК (б)П Қазақ Өлкелік Комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы қызметтерін атқарады. 1926 жылы оны Москваға шақырады. Онда ол қашан қамауға алынғанша РСФСР Халық Комиссиараты Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде болады.

Тұрар қоғамдық саяси қызметпен қатар теориялық мәселелермен де шұғылданған. Ол Орта Азия мен Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихшылардың бірі әрі қалам қарымы мықты журналист ретінде де танылды. Оның қаламынан шыққан оннан астам кітап жарық көрді. Өмірдің өзекті мәселелеріне арнап жүзден астам проблемалық мақалалар жазды.

Осындай қыруар еңбек тындырып, халқының бақыты үшін аянбай тер төккен асыл азаматты отаршылдық озбыр саясат өз халқына жау етіп көрсетіп, тәжірибесі молайып, кемеліне келген шағында мерт етті. Бірақ халқы оның есімін ұмытқан жоқ. Қазір еліміздегі бірнеше қаланың көшесі, шаруашылықтар мен мектептер Тұрар Рысқұловтың есімімен аталады.