4-Кітап

10 июня 2010

КӨКІҰЛЫ ЕСЕТ

Көкіұлы Есет (1667-1749) – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі. Шыққан тегі Кіші жүздің Жетіруының ішіндегі тама руынан. Әбілқайыр хан Россияға қосылу мәселесін көтергенде соның қасында болып, Кіші жүз бен Орта жүздің орыс патшасының қоластына өтуіне белсенді атсалысқан атақты Кіші жүз Бөкенбай батырдың күйеу баласы.

Есеттің әкесі Базарқұлұлы Көкі де заманында аты шыққан батыр болған. Жауға үнемі тайсалмай тура шабатындықтан «Таймас батыр» деген ат алған. Тарихшылар Салқам Жәңгір хан жоңғардың Батыры қоңтайшысының 50 мыңдық әскеріне 600 жауынгермен қарсы тұрып, шайқасып жатқанда 20 мың әскермен көмекке келетін Жалаңтөс баһадүрдің әскерінің ішінде осы Көкі батырдың да болғандығын, сонда оның шеп бұзып, үлкен ерлік көрсеткенін жазады.

Жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен тұрғыластары сияқты Есет те ел қорғау жорығына ерте араласады. Жеке ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан кейін шақырып алып: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті деген әңгіме де бар.

Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен Ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болады.

Есет батырдың кейінгі өмірі Әбілқайыр ханның саясатымен тығыз байланысып жатады. Ханның қасында болып, ақыл кеңесін береді, хан мен халық арасына түскен жарықшақты дәнекерлеп бітірушісі болады. Әсіресе, орыс патшасының қол астына өтер кездегі хан басына үйірілген қауіп бұлтын сейілтуде ол сол кездің тарихи ірі тұлғалары Бөгенбай, Жәнібек батырлармен бірлесе отырып, оған үлкен көмек көрсетеді. Россиямен қарым қатынасты жақсартудағы сіңірген еңбегі үшін патша үкіметі оған 1743 жылы «тархан» атағын берді.

Есет батыр сексен екі жасында өзінің атамекенінде, өз ажалынан қайтыс болады.

ҚАЛҚАМАНҰЛЫ БҰҚАР ЖЫРАУ

Қалқаманұлы Бұқар жырау (1668-1781) – қазақтың ұлы жырауы, XVIII ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылайханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен. Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай. XVIII ғасырда болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, XIV ғасырдағы ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай. Бұқар жырау толғауларында өзі бастан кешіріп отырған алмағайып заманның келбеті бар болмысымен көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі кең тыныспен жырланады. Ондағы басты сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту мәселесі.Ол жан-жақтан андыздаған жаулардан қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп, тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп майдан даласында көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы болып, бірліктің тірегі болып жүрген ерлерді мадақтайды. Сондықтан да Бұқар жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы шақта Абылай хандай басшының төңірегіне топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген поэзия, ұлы мұра деп білеміз. Халық жадында сақталған бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда Абылай ханның алыстан күні-түні аттан түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның таққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса керек. Заманында осылай ханы қадірлеп, халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен мәңгі бірге жасай бермек.

САРЫҰЛЫ АҚТАНБЕРДІ

Сарыұлы Ақтанберді (1668 – 1762) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.

Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.

Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.

Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.

Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай роль атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.

Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болып келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көз қарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтанбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.

Ақтанберді жырларындағы негізгі сарын ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң-балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен айқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп білді.

Аласапыран кезеңде туып, шайқас алаңында шыңдалып өскен Ақтанберді жырлары қазақтардың он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке толы өмірінің шынайы суреттерін алға тартады.

СЫРЫМБЕТҰЛЫ ХАНГЕЛДІ

Сырымбетұлы Хангелді (1688 – 1763) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен атақты батырлардың бірі. Шыққан тегі Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Көнекөз қариялардың, батырдың қазіргі ұрпақтарының айтуына қарағанда, оның аты Хангелді емес, Қангелді көрінеді. Бала анадан шыр етіп жерге түскенде, қан шеңгелдеп туғандықтан, оған халық дәстүрі бойынша «Қан келді» деп ат қойды.

Хангелді заманында айтулы батыр болған. Ұлы жүздің ақылман білікті адамдарымен аралас құралас жүріп, ел басқарысқан, жау жүрек батырларымен үзеңгілес жүріп, қол бастаған. Аягөз, Тесіктес жерінде жоңғарлармен болған шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түскен, атақты Аңырақай соғысына қатысқан.

Жоңғар басқыншылығына қарсы күресте әкесімен тізе қосып, үлкен ұлы Тілеуке мен немересі Райымбек те жауға шапқан. Екеуі де есімін ел таныған батыр болған. Райымбек батырдың аты бүкіл албанға ұран болған.

Хангелді батыр сол кездің жағдайына орай Ұлы жүз қазақтарының Россияға қосылуына ел ағаларымен бірге елеулі үлес қосады. 1733 жылы Төле би, Сатай және Бөлек батырлармен бірге орыс мемлекетінің қол астына қарауға тілек білдіріп, орыстың патша әйелі Анна Ивановнаның (Иоанновнаның) атына хат жазады. Бұл алғашқы хатты Аралбай батыр мен Оразгелді батыр жеткізсе, бір жылдан кейін, яғни 1734 жылы тағы да патша атына жазылған екінші хатты Петерборға тікелей Хангелді мен Төле бидің немере інісі Айтбай екеуі апарады.

Ел аузында Абылай сұлтан жоңғарлар қолында тұтқын болғанда, оны босатуға Төле би бастап барған тоқсан адамның ішінде Хангелді де болған көрінеді. Ол қолбасшылығымен аты танылған кезде еларалық бітімгерлік жұмыстарға да барып, деректерінде оның Жауғаш батырмен бірге қытайдың шекара әкімшілігіне барғаны айтылады.

ЖАНГЕЛДІҰЛЫ ЕСКЕЛДІ

Жангелдіұлы Ескелді (1692-1780) – қазақтың көрнекті биі, батыры. Туып өскен жері Жетісу алабы. Іле, Қаратал, Көксу өзендерінің бойы. Шыққан тегі – Ұлы жүз Жалайыр, оның ішінде Сиыршы атасынан өрбиді. Шежіре дерегі бойынша Сиыршының Бірманағынан – Байкөбен – Тоқымбет – Жанғабыл – Жылкелді – Ескелді болырп өрбіді. Ескелдіден туған Дөмей, Арғынбай, Мырзатай, найман, Таңатар, Жылқыайдар, Түнғатар деп аталатын балаларының ұрпағы өсіп өнген. Ескелдінің үлкен атасы Жанғабыл батыр әйгілі Әлібекұлы Төле бимен бастас, қадірлес, құда болған. Төле бидің Ұлбике деген қызы Ескелдінің анасы. Ескелді дүниеге келіп, Төлебиден сүйінші сұрапты дейді. Сонда Төле би: «Тілекті Алла ескерді, Жалайыйр еліне ес келді, баланың аты Ескелді болсын, елінің есіне ес қосылып, халқының қамын ойлайтын азамат болсын!» деп батсын беріпті. Ескелдінің аты жалын тартып мініп, ел ісіне араласқан кезі –Жоңғар шапқыншылығының өршіп, әсіресе Жетісуды қоныстанған қазақ ру-тайпаларының зор күйзеліске ұшырауымен тұспа-тұс келеді. Жойқын шапқыншылық жылдарында Жалайыр елі ата қонысынан ауа көшіп, Сыр бойына ығысуға мәжбүр болады. Осындай қиын-қыстау кезеңде Ескелді би өзінің әйгілі үзеңгілестеріБалпық би, Орақты батыр, Қабан жырау сияқты елге тұтқа азаматтармен тізе қоса қимылдап жүріп, ата мекеннен жаудың іргесінің түрілуіне мұрындық болады. Ескелді алғаш рет Жоңғарлармен болған Іле-Бақанас шайқасында (1723) батырлығымен көзге түседі. Осы соғыста жоңғарлардың Жетісудағы ең берік бекінісін бұзып, Ескелді батыр бастаған қол Қабанбай батырдың әскеріне қосылды. Күш біріктірген қазақ қосындары түріле қашқан жоңғар жақтарына Жоңғар қақпасының түбінде соққы беріп, зор шығынға ұшыратады. Тарихи деректерде Ескелді бидің елдік істерінің бірі ретінде шапқыншылықтан шашыраған Жалайыр елінің басын қосып, ата мекені Қаратал, Көксу өзендерінің бойына қайта қоныстандыруы айтылады. Қалың Жалайыр атамекенге оралып, қоныс-тұрақ белгілесіп жатқанда Қабан жырау Ескелді биге былай деп сауал тастапты: «Уа, Ескелді, еліңді жеріне жеткіздің, талай–талай қасіретті басыңнан өткіздің. Осы жерге жеткенше шарқ ұрдың, тыным таппадың. Айт мына жұртыңа, ұрпағыңның келешегі не болды? Бұл жерде не азайып, не толады?» Сонда Ескелді би: «Тектіден тексіз озар, бірақ ұзаққа бармас, темір құрсау үзілер, темір кісен шешілер. Ұрпағым осы жерде өседі де өнеді. Оған мына Ескелді жарқырап тұрған күндей сенеді!» – деген екен. Десе дегендей, қазір Алматы облысының Талдықорған, Көксу аудандары кезінде Ескелді ауданы деп аталып, 1928 жылға дейін Шұбар, Қарабұлақ, Жалғызағаш елді мекендері Ескелді болысы делінетін. Қазір ел қамын ойлап ересен істер тындырған ата-бабаға деген ұрпақ ризашылығының айғағындай болып Сарыбұлақ ауылында Ескелді-Балпық мұражайы жұмыс істейді. Мұражай төріне қойылған Ескелдінің дулығасы ел қамы мен халық тағдырына бел шеше аралақан ата бабаның көзіндей болып, бүгінгі ұрпаққа ықыласпен ден қойдыртады.

ТАУАСАРҰЛЫ ҚАЗЫБЕК

Тауасарұлы Қазыбек (1692-1776) – Кіші Азияның ірі қалаларында болып, діни, ғылыми білім алған оқымысты, жоңғар бақыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыр. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Әкесі Матайұлы Тауасар би болған. Баласының неге болсын қабілетті зеректігін ерте байқаған әкесі Қазыбекті бес жасында Бұхараға апарып, дін оқуына береді. Кішкентайлығына қарамай жақсы оқыған бала Қазыбек медресені төрт жылда тамамдап, елге оралады. Мұнда екі жыл ауыл балаларына дәріс береді. Екі жыл бала оқытып, біраз адамның сауатын ашқан он бір жасар Қазыбек қасына ауылдасы өзінен бір жас үлкен Өтеғұл байдың баласы Өтегенді (кейін Сүйінбай, Жамбыл жырлаған Өтеген батыр) ертіп, тағы да білім іздеп жолға шығады. Олар Самарқантта бір жарым жыл болып, атақты Қазы- заде Румидің ұрпағы Хафиз-задеге шәкірт болып, одан дәріс тыңдайды. Одан кейін қайта жолға шығып, Шамға, Бағдадқа, одан әрі Ыстамбұлға, Римге барып сегіз жыл сапарда болады. Қазыбекке, әсіресе, Бағдад пен Ыстамбұлда болып, білім алған кездері өте пайдалы болып жан-жақты өсуіне мүмкіндік алады. Араб, парсы тілдерін айтарлықтай меңгереді. Араб тілін жақсы білудің арқасында Ыстамбұл кітапханасында Әл-Фараби еңбектерімен танысады. Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түрк», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» кітаптарын осы жерде оқиды. Қазыбек пен Өтеген бүкіл Еуропаны, орыс жерінің біраз жерін аралап, 1709 жылы елге оралады. Елге келгеннен кейін жиған-терген дүниелерін жинақтап, «Иран шешегі» атты кітабын жазады. Бірақ, жаугершілікті заман оның кітап жазып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік бермейді. Ол амалсыз қаламын найзаға айырбастап, ел қорғау ісіне араласады. Оның бұдан кейінгі бар өмірі елдің шетінде, жаудың өтінде өтеді. Ол алғаш қалмақтармен Аягөзде болған соғысқа қатысады. Осында ол Қабанмен, Қожаберген жыраумен танысады. Осыдан бір жылдан соң, Сеуан Рабданға Тәуке ханның елшісі болып барады. Елдің «Ақтабан Шұбырындыға» ұшырауы – ерлердің жанына қатты батады. Олар бұл күндері ат үстінен түспей, бірде босқан елдің басын қосып, ұжымдастырып жатса, бірде өкшелей қуған жауға тойтарыс беріп, шайқасып жатты. Осы бір қазақтың басына төнген қаралы күндердің ауыртпалығын Қазыбек те ел ағаларымен бірге көріп, арпалысты күн кешеді. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар бастаған талай соғысқа қатысып, ерлік көрсетеді. Сондай шайқастардың бірінде қырық жерінен найза тиіп, ақыры сол жарадан қайтыс болады. Бізге Қазыбек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген жалғыз еңбегі жетті. Ол онда замандастары жайында көп деректер береді. Ел-жұртының тәуелсіздігі жолында арыстанша алысып, опат болған көптеген ерлердің аты-жөні айтылып, істеген ерліктері тәптіштеле баяндалады, заты қазаққа әйгілі тұлғалар жайында аса бір сүйіспеншілкпен жазады. Қазыбек Тауасарұлының бұл еңбегінің құндылығы да осында.