2-кітап

10 июня 2010

ТІЛЕУҚАБЫЛ ӨТЕЙБОЙДАҚ

Тілеуқабылұлы Өтейбойдақ (1388-1478) – қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік саяси өміріне жүйрік тарихшысы, «Шипагерлік баян» атты толымды емшілік этнографиялық еңбектің авторы, өз тұсында Жәнібек хан, Жиренше шешен сияқты тарихи тұлғалармен бастас болып, ел қамы, халық тағдырына қатысты келелі істерге араласқан қоғам қайраткері.

Өтейбойдақтың өмір дерегі, туған өлген жылдары негізінен «Шипагерлік баян» кітабындағы мағлұматтар бойынша белгілі. Автор 70 жасында жаза бастағаны туралы, содан Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы кітапты 85 жасында жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған. Сондай ақ, Өтейбойдақтың 90 жасқа жақындап дүние салғаны жөнінде де дерек бар. Демек, Тілеуқабылұлы Өтейбойдақты 1366 жылы дүниеге келіп, 1478 жылы дүние салды деп жобалауға болады.

Өтейбойдақ « Шипагерлік баян» кітабында өзі туралы былай дейді: «Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын. Ата-тегім Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын».

Емшілік, шипагерлік қасиет Өтейбойдаққа ата тегінен жұғысты болған. Ата баба әулетінің жинақтаған мол тәжірибесін бойына дарыта білген Өтейбойдақ бұл салаға бар ғұмырын арнап, халық медицинасын ғылыми жүйеге келтірген. Сөйтіп, шипагерліктің өз замандағы биік деңгейіне көтеріле білген. Бұл жолда ол Әл Фараби сияқты атақ даңқ, дүние мүлік, бас құрап, үйлі баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрік етіп, бүткіл өмірін шипагерліктің қыр сырын игеруге сарып еткен.

«Шипагерлік баян» бүгінгі күнге Өтейбойдақтың ағайын ұрпақтары арқылы жеткен. Кітап уақыттың алуан түрлі зобалаңынан өтіп, мейлінше көлемді мұраның төрттен бір бөлігі ғана бүгінгі ұрпақтың қолына тиген. Қалған бөлігі Қытайдағы атышулы «мәдени төңкеріс» кезінде «хуң уейбиндер» тарапынан өртелген.

Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» кітабы қазақтың дәстүрлі медициналық тәжірибесі туралы мейлінше мол мағлұмат береді. Бұл рете, автордың мыңнан астам дәрі түрлерін тоғыстыру арқылы 4 мыңнан астам шипалық шаралардың қолданымын (рецепт беру) ұсынуы, оның білікті шипагер, ғұлама ғалым болғанын пайымдатады. Сондай ақ «Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан жануарлардан алынатын 318 түрлі, метал металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің аталуы, 500-ге тарта анатомиялық атаулардың келтірілуі, бұл еңбектің тарихи-этнографиялық мән-маңызының ерекше екенін білдіреді. Теңдесі жоқ «Шипагерлік баян» ол заманда да қазақ тілінің қаншалық тұнық, бай болғанының айқын дәлелі.

«Шипагерлік баян» кітабы арқылы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тек қана ғұлама шипагер емес, сонымен бірге халықтың өмір салтына, дүние танымына, рухани мәдениетіне мейлінше қанық болғаны, өз заманының терең ойлы, ұлтжанды тұлғасы болғаны айқын аңғарылады.

СӘБИТҰЛЫ АСАНҚАЙҒЫ

Сәбитұлы Асанқайғы (ХІV-XV ғғ.) Еділ бойында дүниеге келген. Халидұлы Құрбанғали өзінің «Тауарих хамса» атты еңбегінде әйгілі Майқы биді Асанқайғының арғы атасы еді дейді. Берке хан дүниеден қайтқан соң (1359) Алтын Орданың тағына жанасқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлығ Мұхаммед болса, Асанқайғы сол Ұлығ Мұхаммед ханға сөзін өткізетін билерді бірі болған. XV ғасырдың 20 жылдарында Ұлығ Мұхаммед сарайдан қуылып, Қазанды паналағанда, Асанқайғы жасының егде тартқанына қарамастан өз әміршісінің жанында болған. Алайда, бас сауғалау болмысына жат Асанқайғы кешікпей қайтып оралып, Әбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі. Керей, Жәнібек сұлтандар бастаған рулардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асанқайғы болады. Асанқайғының жыр толғаулары мен нақыл сөздеріне қарағанда, Дешті Қыпшақтың кіндік мекені Еділ, Жайық бойынан қазақ руларының ірге көтеруін қолдамай, Керей мен Жәнібекке көп қарсылық білдіргені айқын аңғарылады. Асанқайғының «Жерұйық» іздеуіне қатысты айтылатын аңыздардан да халықтың бас құрап, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені байқалады.

Ақыры, елдің ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат еткен Асанқайғы Ордадан бөлінген қазақ руларын Шу, Сарысу бойына, Ұлытау төңірегіне қоныстандыруға атсалысып, халықтың темірқазығындай бағдаршы болып өткені мәлім.

Ел аузындағы қария сөздің айтуында, Асанқайғы Сарыарқада дүние салып, Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Уәлиханов Шоқанның жазуында Асан ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстық көлдің жағасында дүние салған.

Ел ішіндегі шежіре сөздер мен күй аңыздарына қарағанда, Асанқайғы халық қамын ойлаған ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен бірге дәулескер күйші де болған. Көптеген күйлердің аты мен аңыз әңгімесі де әлі күнге дейін айтылады. Өкініштісі, бүгінгі күнге «Ел айрылған», «Асанқайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты санаулы күйлері ғана жеткен.

«Ел айрылған» күйінің құрылысы қарапайым болғанмен, лекіте қағып отыратын сарынында терең күйзеліс сезіледі. Тіптен, не боларын күні бұрын болжай алатын дананың шарасыздығы сияқты торығуы да жоқ емес. Мұны бастан аяқ жалықпай сұңқылдап, талмай қайталайтын сырлы саздан аңғарасыз.

«Ел айрылған» күйін Мұхитов Ғұбайдолланың (Орал) тартуында алғаш рет А.В. Затаевич нотаға түсірген. Сондай ақ, толық, көркем нұсқасын 1964 жылы Құсайынов Мұқастың (Орал) тартуында Т. Мерғалиев нотаға түсірді.

СҮЙІНІШҰЛЫ ҚАЗТУҒАН

Сүйінішұлы Қазтуған – өз заманының әрі батыры, әрі ақыны, әрі күйші, әрі шешені болған. Сегіз қырлы бір сырлы. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр:

« Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шайы оққа кірісті,

Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе қызыл тілдің шешені,

Ұстаса қашағанның ұзын құйрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Билер отты би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршының бұта шайнар азуы,

Бидайдықтың көл жайқаған жалғызы,

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын бұзып өтіп дінді ашқан-

Сүйінішұлы Қазтуған!!!»

Алтын Орданың шаңырағы құлап, Еуразияның Ұлы Даласын көктей көшкен көшпелілер басынан құсы ұшқан кезде сұңқылдап тұрып жоқтау айтқан әйгілі тұлғалардың бірі Сүйінішұлы Қазтуған жырау өткенін қимай, бүгініне риза болмай,болашағына секеммен қарап өткен жырау. Өткенің қимайтыны, Шыңғыс ханның шаңды жорығынан кейін бірер ғасырдың аяасында түркі тайпалары қайтадан есжиып, еңсе көтеріп, қайтадан тұтастанудың нышанын танытып, алтын үзікті Орданың айбары алыс жақынға мойын бұрғыза бастап еді.

БОЛАТҰЛЫ КЕРЕЙ ХАН

Болатұлы Керей хан (?-1473 ж.) – қазақ хандығының негізін қалаушы, Көк Орданың ханы Өрістің (Орыстың) шөбересі.

Шайбан әулетінен шыққан Дәулет – шайхтың баласы Әбілқайыр ханның көк кесене төңірегіндегі шайқаста Үз-Темір Тайшы басқарған ойрат әскерінен ойсырай жеңілуі – Барақ ханнан кейін биліктен айрылған Өріс хан әулеті сұлтандарының бас көтеріп, жеке бөлініп шығуына мүмкіндік туғызады. Осы мүмкіндікті жұрыс пайдаланған Өріс ханның ұрпақтары – Болатұлы Керей мен Барақ ұлы Жәнібек өздеріне қарайтын тайпаларды бастап, Әбілқайыр хандығынан бөлініп шығып, Моғолстан жеріне кетеді. Онда оларды Моғолстан ханы Есен-бұға аса құрметпен қабылдап, өз мемлекетінің батыс жағынан Шу бойы мен Қозыбасы өңірін оларға бөліп береді. Осы арада олар жаңа Қазақ хандығының шаңырағын көтереді. Хан тауында Керейді ақ киізге отырғызып, хан көтерді.

Керей хан немере інісі Жәнібекпен біріге отырып, жас мемлекеттің іргесін бекітіп, шаңырағын биіктету үшін үлкен еңбек сіңіреді. Моғолстан ханымен бірлесіп, ойрат тайпаларына қарсы күреседі.

1468 жылы Әбілхайыр хан қайтыс болып, оның ордасында таққа талас басталады. Осы тақ таласы Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына қайта оралып, мұндағы күреске белсене араласуларына мүмкіндік береді. Әбілхайырдың ұлы, ханның мирасқоры Шейх-Хайдардың жеңіліп, жақын адамдарымен бірге қырғын табуы – ұлыстағы бар биліктің Керей ханның қолына көшуіне жағдай жасайды. Осы кезден бастап Қазақ хандығы іргелі мемлекетке айналуға бет алды.

Керей ханның есімі 1472-1473 жылдардың тарихи деректерінде Бұрыш оғылан деген сұлтанның Моғолстан ханы Жүністің ордасына жасаған шабуылына байланысты соңғы рет аталады, содан кейін еш жерде кездеспейді. Сондықтан оның қашан және қандай жағдайда қайтыс болғанын анықтау қиын. Тек кейінгі оқиғалардың даму барысына қарағанда, ол сол 1473 жылдың оқиғаларынан кейін көп ұзамай қайтыс болған секілді.

БАРАҚҰЛЫ ЖӘНІБЕК

Барақұлы Жәнібек хан (? – 1480 ж.) – Қазақ хандығының шаңырағын көтерушілердің бірі, Көк Орда ханы Өрістің (Орыстың) шөпшегі, Барақ ханның баласы. Асылы, Жәнібек – ханның лақап аты, оның азан шақырып қойған есімі – Әбусаид (кей деректе Бусаид).

Жәнібек жөнінде нақты дерек жоқтың қасы. Сол кездерден жеткен дерек көздерінде оның есімі үнемі Керей ханмен бірге аталып отырылады. Оның алғашқы белсенді қимылы өздеріне қоныс берген Моғолстан ханы Есен-бұғаға көмектесіп, қалмақтарға қарсы шайқаста көрінеді. Ол Әбілхайыр ханның баласы Шейх – Хайдарға қарсы соғыста бірнеше ел ағаларымен тіл табысып оларды өздерінің одақтасы етеді. Осы соғыста оның есімі Керей хансыз алғаш жеке аталады.

Жәнібек Керей ханнан кейін жеті жылдай Қазақ хандығының ханы болған. Қазақ хандығының бастау кезінен мол дерек беретін атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати қазақтардың Моғолстан жеріне келген кезін баяндаған да, үнемі Керейді хан, ал Жәнібекті сұлтан деп ажырата атап отырады. Содан кейін Әбілхайыр өліп, оның қарамағындағы ел ыдырап, бұрынғы көшпелі өзбек тайпаларының дені қазақтарға келіп қосылып, өзбек-қазақ атанған кезден, яғни Қазақ хандығының елі көбейіп, жері кеңейген кезден бастап, Кереймен бірге Жәнібекті де хан дейді. Осыған қарағанда, Жәнібек Керей ханның тұсында «кіші хан» есебінде елді онымен бірге басқарып, ол өлгеннен кейін билікті тұтас өз қолына алған сияқты. Оны Қадырғали Жалайыридің: «Оның (Барақтың) ұлы – «кіші Жәнібек хан» деп атанған. Осы Жәнібек хан атасының ұлысын өзі биледі» деп жазуы да дәлелдей түседі. Жәнібек өлгеннен соң билік басына Керей ханның баласы Бұрындық келеді.

Жалпы Жәнібектің аты өзінің жеке істерінен гөрі, оның бірінен бірі өтетін тоғыз көкжал ұлының істерімен әйгілі. Бұрындық ханнан кейін Қазақ хандығының тағын иеленушілердің бірыңғай Жәнібектің балалары мен олардың ұрпақтарынан болуы да осы айтылғаннан айғақ бола алады.

ТОҚТАРБАЙҰЛЫ ҚОБЫЛАНДЫ

Тоқтарбайұлы Қобыланды (XV ғ.) – аты аңызға айналған халық батыры. Шыққан тегі – Қыпшақ, оның ішінде Қара Қыпшақ. Халық жадында сақталған әңгімелерде, халық шежірелерінде оны көбіне «Қара Қыпшақ Қобыланды» деп атайды.

Шежіре деректеріне қарағанда, Қара Қыпшақ Қобыланды Жошы ханның Шайбан деген баласының тұқымы Әбілхайыр ханның тұсында (XV ғасыр) өмір сүрген, соның белгілі қолбасшыларының бірі болған адам. Қазақ хандығының бөлінуіне де осы Қобыланды батыр себеп болған делінеді. Бұл жөнінде Шәкәрім шежіресінде: «Біздің осындағы арғындардың атасы Дайырқожа Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы екен. Билікті әділ айтқандықтан «Ақжол» атаныпты. Және Қара Қыпшақ Қобыланды да ханның сүйікті адамы екен. Екеуі іштей жауласып жүргенде, бір күні Қобыланды Дайырқожаны далада өлтіріп кетіпті. Мұны әз-Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілхайыр берейін десе, көп қыпшақ бұзылатын болған соң, бере алмай, үш кісінің құнын ал деген соң, бұған Жәнібек өкпелеп, бөлініп кетеді» деген дерек беріледі. Бұл оқиғаның тарихи шындық екенін Дайырқожаның әкесі Қотан жыраудың өлген баласының денесін айналып, қайғырып, қан жұтып жүріп айтқан: «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным? Сексен асып таянғанда тоқсанға. Тұра алмастай үзілді ме жұлыным» деп басталатын толғауы да дәлелдей түседі.

Қобыланды батыр жайында екінші бір дерек көзі – қазақ халқының қаһармандық жырларының бірі – «Қобыланды батыр» жыры. Бұл мазмұны жағынан да, басқа батырлық жырларға қарағанда шоқтығы биік тұрған халықтық шығарма, ерлік эпопиясы. Бұл жырдың оқиғаларына қарағанда, Қобыландының ерлік жолы қазақ елінің сол кездегі сыртқы жауы – қызылбастар (парсылар) мен олардың шапқыншылық жасаған ханы Қазанға қарсы күресінен басталады. Оның бұдан кейінгі шайқасқан батырларының атына қарап, олардың атақты Едіге батырдың тұқымдары екенін аңғаруға болады. Қобыланды батырдың Орақ батырмен дос болып, Алшағырмен жауығуы – Қазақ хандығының өзара іштей екіге бөлінген Ноғай ордасының бірін қолдап, екіншісімен соғысып жатқан тарихи кезеңін алға тартады.

Мұның бәрі Қара Қыпшақ Қобыланды батырдың аңыздық негізде қиялдан туған кейіпкер емес, өмірде болған, ерлік істерімен еліне танылып, құрметіне бөленген хас батырларының бірі болғанын дәлелдейді.

ЖӘНІБЕКҰЛЫ ҚАСЫМ ХАН

Жәнібекұлы Қасым хан (1445-1518) – қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның ортаншы баласы. Шешесі Жаған бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңлісі.

Қасым әуелгі кезінде Бұрындық ханның атты әскерін басқарады. Ол осылай жүріп, қан майдандағы ерлігімен, ел басқаруға қосар ақылымен, көрші елмен байланыста қиыннан жол табар саясаткерлігімен, жұртты соңынан ертіп әкетер шешендігімен ел көзіне ерте түссе де, жеке билікке ұмтылмай, ел бірлігіне жарықшақ түсірмей, Бұрындық ханның дегеніне көніп, оған қалтқысыз бағынады. Сол кездің куәгері, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Ол (Қасым) әкесінің үлгісі бойынша барлық жағдайда Бұрындыққа бағынды, соған тәуелді болды» деп жазады. Бірақ Қасымның тәуелділігі Бұрындықтың ел басқарудағы қабілетсіздігіне араша түсе алмайды. Ақыры ол хандығын тастап, Самарқандағы қызына кетуге мәжбүр болады. Сонда қаза табады. Осыдан кейін барып, Қасым билікті өз қолына алады.

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу биігіне көтеріледі. Ол қауіпті көршісі Мұхаммед Шайбаниді талқандап, оның мемлекетінің құлауына себепші болады. Моғолстанның ханы Сұлтан Саид ханмен достық қатынас орнатады. Сондай ақ ол таяу көршілерімен ғана емес, сырт елдермен, мысалы, Мәскеу мемлекетімен терезесі тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатып, орыстың сол кездегі кінәзі ІІІ Василиймен байланыста болған.

Қасым ханның ел басқарудағы кемеңгерлігіне, қол астындағы халқының қамын ойлар даналығына тәнті болған көрші елдердің тынымсыз қақтығыстан мезі болған ру-тайпа көсемдері әр кезеңде ақырын жылысып, мұның қарамағына еніп жатқан. «Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді. Осы бейбітшілік сүйгіштігімен Қасым хан халықтар араснда ерекше әйгілі болды» деп жазады Әлихан Бөкейханов.

Керей хан мен Жәнібек хан тарихта Қазақ хандығының іргесін қалап, шаңырағын көтеруімен ерекшеленсе, Қасым хан сол хандықты нығайтып, халқын көбейтіп, жерін кеңейтіп, даңқын алысқа жаюымен, «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен халық жадында сақталған қазақтың тұңғыш конституциялық құжатының негізін жасауымен әйгілі болған ұлы хан.

Ол қартайып барып, Сарайшық қаласында өз ажалынан 1518 жыл (кей деректе 1523/24 ж.) қайтыс болады. Тарихшы А.П.Чулошников Қасымханның Сарайшықтағы мазарының ХVII ғасырдың басында құламай аман тұрғанын жазады.

ДУЛАТ ХҰСАЙЫНҰЛЫ МҰХАММЕД ХАЙДАР

Дулат Хұсайынұлы Мұхаммед Хайдар (1499-1551) – әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Оның толық аты-жөні – Дулат Мұхаммед Хұсайынұлы Мырза Мұхаммед Хайдар. Мұндағы «Мұхаммед Хайдар» – өз аты, «Мұхаммед Хұсайын» – әкесінің аты, «мырза» – текті әулеттің тұқымы екенін білдіретін атау (хан балаларының ханзада, сұлтан аталатыны секілді), «дулат» – шыққан тайпасының аты.

Мұхаммед Хайдардың ата – бабалары кезінде Моғолстан мемлекетінің құрамына енген қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан және Шығыс Түркістан жерлерінде ұлысбегі, тархан қызметтерін атқарған, өздерінің мұрагерлік иеліктері – Маңлай-Сүбені дербес басқарған. Өз әкесі Мұхаммед Хұсайын Моғолстанның Жүніс ханының күйеу баласы, Ташкентті билеген. Оны кейін Әмір Темірдің немересі Мұхаммед Шайбани хан өлтірген. Анасы Хуб-Нигар ханым – Жүніс ханның қызы. Бұл ретте Мұхаммед Хайдар Моғолстанның Сұлтан Саид ханмен және Үндістандағы баласы Ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалаушы Захираддин Мұхаммед Бабырмен бөле. Әкесі өлгеннен кейін Мұхаммед Хайдар біраз уақыт осы Бабырдың қолында тұрады. Содан кейін Бабырдың рұқсатымен Сұлтан Саид ханға келіп, оның Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарады. Саид ханның Әбубәкірге қарсы соғыстарына қатысады. Жан-жақты білімді, сарай қызметін жетік білетін адам ретінде ханның мұрагер баласы Әбу ар-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болады.

Сұлтан Саид өлгеннен кейін таққа отырған Рашид дулат тайпасының басшыларынан қауіптеніп, оларды қуғындай бастайды. Мұхаммед Хайдардың немере ағасы – Саид Мұхаммедті өлтіреді. Осыдан кейін өз басына қауіп бұлты үйіріліп келе жатқанын сезген Мұхаммед Хайдар Үндістанға қашады. Ол мұнда ұлы Моғолдар сарайында әскербасы болып, Кашмирді жаулап алу соғысына қатысады. Жаулап алғаннан кейін Ұлы Моғолдар атынан біраз уақыт Кашмирді билеп тұрады. Ол осында өзінің атақты еңбегі «Тарихи Рашидиді» жазуға кіріседі.

Ол сол кездегі саяси оқиғалар мен оған қатысқан қайраткерлерді, сондай-ақ Моғолстан мемлекетінің, Қазақ хандығының өткен тарихын жақсы білген. Оның тікелей өзі куә болған жайлары да көп еді. Содан да болар ол орта ғасырдағы қазақтарға, әсіресе дулат тайпасының тарихына қатысты өте құнды материалдар береді. Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы, одан кейінгі кезеңдері, олардың қырғыздармен, өзбектермен қарым қатынасы жайында кеңінен сөз болады.

ЖАЛАЙЫР ҚОСЫМҰЛЫ ҚАДЫРҒАЛИ

Жалайыр Қосымұлы Қадырғали (1530-1605) – орта ғасырдағы қазақтың ғұлама ғалымы, атақты биі. Тарихи шығармаларда оны «Қайырғали Жалаири» деп көрсетеді. Бұл – тарихи тұлғаның аты-жөнінің соңына оның қай мекеннен екені білдіру үшін туған жерін көрсететін бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша алынған. Бірақ мұнда ғұламаның туған жері емес, тайпасының аты көрсетілген. Оның шыққан тегі – Ұлы жүздің тарақ таңбалы Жалайыр тайпасынан. Оның «Жалайри» аталуы осыдан. Тарихи шығармаларда оның есімін Қыдырғали, Қыдырәли, Қадырғали деп құбылтып атай береді. Туған жері – Қазақстан жеріндегі Сырдария бойы.

Қадырғалидың ата-бабалары Қарахандар әулеті билігінен бері үздіксіз хан сарайында қызмет етіп, ханның ақылшы-кеңесшісі, қол бастар батырлары болған. Оның өз атасы Темшік Шығай ханның батыры болса, әкесі Қосым бек лауазымын иеленген. Жастай білім алып, бірнеше тіл меңгерген Қадырғалидың өзі де хан сарайында қызмет атқарып, хан балаларын тәрбиелеу ісімен айналысқан.

Шығай ханның баласы «Ұзын оқты» атанған Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, оның 13 жасар баласы Ораз-Мұхаммедті алып, өзіне қараған елмен Сібірдің Көшім ханының қол астына көшіп кетеді. Онда Қадырғалидың білімділігіне, ақыл-парасатына риза болған Көшім хан оны Төбе би етіп сайлайды, өзінің ақылгөй кеңесшісі етеді. Бірақ ол онда ұзақ бола алмайды, кейін Сібір кінәзі Сейдектің ықпалымен, онымен бірігіп, Көшім ханға қарсы шығады. Сөйтіп ол енді Ораз-Мұхаммедпен бірігіп, Сейдектің мәртебесін көтереді. Осында жүргенде оларды Сібір воеводасы Д. Чулков алдап тұтқынға түсіреді. Қадырғалиды Ораз-Мұхаммедпен бірге Москваға жөнелтеді. Кейін шведтерге, Қырым хандығына қарсы соғыста ерлік көрсеткені үшін орыс патшасы Ораз-Мұхаммедке Ока бойындағы Қасым хандығынан иелігіне жер бөліп береді. 1600 жылы орыстың жаңа патшасы Борис Годунов оны Қасым хандығының ханы етіп қояды. Қадырғали оның төрт биінің бірі болып тағайындалады.

Ол осында ғылыммен шындап айналысады. Ана тілімен бірге араб, парсы тілдерін де жақсы меңгеріп, Шығыстың әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең зерттейді. Соның нәтижесінде ол Орта Азияның сол кездегі атақты ғұламаларының деңгейіне көтеріледі. Кейін «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») деген атпен әлемге әйгілі болған өзінің атақты еңбегін жазады. «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөздерге қанық көптеген кітап оқыған адаммын» деп жазады ол өзі жайында.

«Жылнамалар жинағы» – орта ғасырдағы қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығармалардың бірі. Мұнда қазақ хандығының Х ғасырдың басынан бергі ішкі-сыртқы жағдайлары, қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның халықаралық жағдайлары, хандардың және олардың төңірегіндегі түрлі әлеуметтік топтардың саяси ахуалдары жөнінде аса құнды мәліметтер берілген.

СЕЙІТҚҰЛҰЛЫ ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР

Сейітқұлұлы Жалаңтөс баһадүр (1576-1656) – қазақтың әйгілі батыры, аса көрнекті қолбасшы, Самарқанның әмірі. Туып өскен жері – Сырдарияның төменгі ағысы. Топырақ бұйырған жері – Самарқан қаласынан 12 шақырым жердегі Төртқара руы. Атақты Бәйбекұлы Әйтеке бидің үлкен атасы болып келеді. Шежіре дерегі бойынша Кіші жүз Алшын – Қаракесек Әлім Төртқара боылп өрбитін аталардың ішінен Ораз – Тоқпан -Сейітқұл-Жалаңтөс болып тарайды. Әлеуметтік статусы бойынша арғы атасы Ораз Әмір Темірдің бас кеңесшісі, ал өз әкесі Сейітқұл 40 мың алшындардың басын біріктірген ел басы, ірі бай, ықпалды қажы болған.

Жалаңтөс шыққан әулет өз кезіндегі саяси-әлеуметтік оқиғаларға белсене араласып, белгілі дәрежеде ықпалын да жүргізіп отырған. Сол кездің саяси ахуалымен санасқан Сейітқұл 1581 жылы Бұхар маңына көшіп келіп, Бабата тауын қоныс етеді. Оң-солын тани бастаған Жалаңтөс Тамды, Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет етеді. Ел ішінің ахуалына ертерек көз қанықтырып, жас кезінен-ақ ақыл-парасатымен, батылдық – табандылығымен көзге түседі.

Ол кездің саяси-әлеуметтік жағдайы мейлінше күрделі болатын. Алтын Орда ыдырап, Әмір империясы бөлшектеніп, Орта Азияда ұлттық ордалар жанталасып шаңырақ көтере бастаған. Алыстан айбарымен ықтырған Қытай,Иран, Ресей мемлекеттерін былай қойғанда, әлі де болса этносаяси, әлеуметтік аражігі ажырап үлгермеген Азия халықтары өзара талас-тартыс халінде болатын. Өзгелер сияқты қазақ халқы да ел болып ірге көтеру, жұрт болып, бас құрау, ұлт болып, еңсе көтеру сияқты тарихи ұлы мұраттар жолында еді. Міне, осындай алмағайып, аласапыран кезінде Жалаңтөс баһадүр пісіп – жетіліп, сол кездің саяси-әлеуметтік жағдайына тегеурінді ықпалын жүргізген әйгілі жаһангер, ұлы қолбасшы, көреген стратег, білікті мемлекет қайраткері ретінде тарих сахнасына шықты. Ол сол кездің ең шиеленісті оқиғалары мен шешуші шайқастарының жуан ортасында болып, ақылымен де, ерлігімен де төңірегін тәнті етті. Талай рет қан майданда жекпе-жекке шығып, жойқын ерліктер көрсетіп, сахара сарбаздарының арасында зор беделге ие болды.

Орта Азия халықтарының өміріндегі тарихи шешуші шайқастарда Жалаңтөс аса көрнекті қолбасшы ретінде танылды. Қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы (1640), Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғар әскеріне қарсы (1643), Хорасан мен Балх үшін Иран патшалығына қарсы (1649), Кабул мен Мешхед әскерлеріне қарсы (1649) жүргізілген ірі шайқастардың бәріне Жалаңтөс қолбасшылық жасап, үнемі жеңіс туын желбіретіп отырды. Сөз жоқ, мұндай жеңістердің қай-қайсысы да Қазақ хандығының еңсе көтеруіне, қазақ халқының ұлт болып ұйысуына тікелей ықпалы болды. «Жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпат көлемі мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Осы қаражат байлыққа жасақ ұстаумен бірге Самарқанда сәулетті сарайлар мен медреселер салдыртқан» деп жазды М.Е.Массон. Яғни бұл ретте де Жалаңтөс биік ақыл-парасатымен танылып, байлықтың құлы болмай, ел даңқын асырар өркениетті істерге мұрындық бола білді. Ол салдыртқан Самарқандағы «Ширдар» (Арыстанды медресе, 1619-1635), «Тіллә-кәри» (Алтынмен апталған, 1647-1660) медреселері сәулет өнерінің аса көрнекті ескерткіштері болып табылады.

Жалаңтөс баһадүрдің өсіп-өнген ұрпақтары қазір Қызылорда, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі.

ШЫҒАЙҰЛЫ ЕСІМ ХАН

Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.

Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.

Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуы, екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.

Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.

Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.

Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды.

Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.

Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түптеп келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды. Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты.

Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды.

АЛТЫНАЙҰЛЫ ҚАРАСАЙ

Алтынайұлы Қарасай (1589-1671) – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына шыққан аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Топырақ Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінен бұйырған. Қасына өзінің қанды көйлек досы арғын Ағынтай батыр жерленген. Қос арыс – шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батырға және олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға қос күмбезді кесене орнатылған (1999).

Қарасай батырдың шыққан тегі ұлы жүз шапырашты. Шежіре дерегі бойынша, Шапырашты Шам (Ыстық), одан Малды, Желді, Қалды есімді үш ұл туады. Малдыдан Екей, Еміл, Емілден Жайық пен Есқожа туады. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш есімді үш ұл туған. Алтынайдың үшінші әйелінен Қарасай батыр туған.

Сөз орайында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы. Атап айтқанда Қарасайдан Көшек, одан Айдыр, одан Мырзатай, одан Еділ, одан Сапақай, одан Назарбай, одан Әбіш, одан Нұрсұлтан туады.

Қарасай батырдың өмір сүріп, ғұмыр кешкен заманы қазақ-жоңғар арасында екі ғасырға созылған қан қақсап соғыстың енді тұтанып, енді шиеленісіп, бірте-бірте екі көшпелі елдіің тактикасы мен стратегиясының сынға түсе бастаған кезі еді. Бұл кезде қазақ халқының дербес ел болып, ірге бекітіп, біртұтас этникалық сана-сезімнің орныққанына екі ғасырдың жүзі болған. Содан да болар, қазақ-жоңғар арасындағы өрт тұтанған кезде елі мен жерін қорғау үшін алғаш рет атқа қонып, елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне шығып, ерлік көрсеткен батырлар қатарында Қарасай да болды. Қазақ-жоңғар соғысы XVI ғасырдың өзінде-ақ шиеленіскені жөнінде тарихшы В.В.Вельяминов-Зернов жазады. Ал ағылшын көпесі А.Дженкинсон 1557 жылы Қытайға бармақшы болып жолға шыққан, бірақ қазақ-жоңғар арасында Ташкент үшін қырғын соғыс болып жатқандықтан Қытайға өте алмағанын жазып қалдырған. Демек, Қарасай батыр ат жалын тартып мініп, сарбаздар сапына тұрған кезде көшпелі екі ел арасындағы соғыс тәсілдері, қорғаныс әдістері әбден шыңдалып, өліспей беріспейтіндей шиеленісіп үлгерген. Міне, бұл тұрғыдан келгенде, қазақ халқының ұлттық патриотизмін, ерлік дәстүрін алғаш рет қалыптастыру, орнықтыру миссиясы Қарасай қатарлы батырлардың пешенесіне жазылған. Жетісуда туған Қарасай батырға Арқаның Айыртауынан топырақ бұйыруы, Қызылжарда туған Баян батырдың соңғы демінің Іле бойында таусылуы, Еділ бойында туған тама Қабанбай батырдың Арқадағы Сарысу бойындағы шайқаста қаза табуы, Ерейментаудың Малайсарысының Алатау бөктерінде дүние салуы, сөз жоқ, ұлттық-этникалық біртұтастықтың, мемлекеттіктің әбден орныққандығының, сол мемлекет аясындағы ата мекеннің азаматтар санасында біртұтас киелі сипат алғандығының ең бедерлі айғағы еді. Осындайда қазақ халқының кейінгі ғасырларда бастан кешкен жойдасыз азапты өмірінде отаншылдық сияқты ең киелі сезімдерінің шайылмауының басты себебі, сол бір Қарасайлар заманында орныққан эпикалық ерліктер мен патриотизмнің негізі беріктігіне де болар деген қорытындыға тоқтауға тура келеді.

Есім мен Жәңгір сияқты ақылды хандардың арман-аңсары Қарасай сияқты біртуар батырларға, ру–тайпа көсемдеріне тікелей арқа сүйеу арқылы жүзеге асып отырды. Жалпы XVII ғасыр аясында, яғни Қарасай батырдың ат үстінде болған кемел шағында қазақ-жоңғар арасында әйгілі үш соғыстың болғаны тарихтан аян. Мұның біріншісі – 1635 жылы болған Сібір-Тобыл соғысы. Бұл соғыс туралы И.Э. Фишер «Сібір тарихы» атты еңбегінде жазған. Тарихи деректерде осы кезеңде жалайыр, шапырашты руларының Тобыл бойында болғаны айтылады. Сібір-Тобыл соғысына Қарасай батырдың қатысқаны ешқандай күмән келтірмейді.

Екінші соғыс 1643 жылы болған. Бұл әйгілі Жәңгір сұлтанның (ол кезде әлі хан тағына отырмаған) 600 жанкешті сарбаздарымен жоңғардың 50 мың әскеріне қарсы тұрып, оған алшын Жалаңтөс батыр 20 мың әскерімен көмекке келетін жойқын соғыс. Бұл соғыс жайында орыс тарихшылары Н.М. Карамзиннен бастап И.Я. Златкинге дейін таусыла жазып, жалпы соғыс тарихында сирек кездесетін оқиға ретінде атап өтеді, яғни шежіре деректерінде шапырашты Қарасай батырдың 3 мың қолымен осы соғысқа қатысып, жойдасыз ерлік көрсеткені айтылады. Әйгілі Сүйінбай жыраудың:

Қарасай халқы үшін атқа мінді,

Шыдамай жауыздыққа неше түрлі,-

дейтіні, немесе:

Сол қуғаннан қуылды Шудан бастап,

Қалмақ қашты баласын, малын тастап.

Әйеліне қарауға шамасы жоқ,

Келіп еді о баста жерді ластап,-

деп суреттейтіні Қарасай батырдың осы соғыстағы ерлігіне орай айтылған.

XVII ғасырдың аясында қазақ-жоңғар арасында болған сұрапыл соғыстың үшіншісі – 1652 жылы өткен. Бұл соғыста Жәңгір ханды жекпе-жекте 17 жасар Қалдан Серен өлтірді. Осындайда «тарихтың тәлкегі» деуден гөрі, «тарихтың заңдылығы» деуге болатын бір гәп еске түседі, сол Қалдан Сереннің баласы Шарышты Аңырақай шайқасында 17 жасар Абылай сұлтан (ол кезде хан емес) жекпе-жекте өлтіреді. 1652 жылғы соғыста Қарасай батыр жалпы қазақ әскерлері қолбасшыларының бірі ретінде ақыл-парасатымен, тапқырлық-табандылығымен танылған.

Сахара төсінің ежелден қалыптасқан тәртібі бойынша ел бастаған көсем мен қол бастаған батырлардың есімі әдетте ру-тайпа атауына ұласып, ұранға шығып отырған. Ондай ірі тұлғаларға жер атын беру рәсімі қалыптасқан. Бұл ретте Қарасай батыр есімінің ру атауына ұласып, ұранға шығуы, бірнеше жер атауларының берілуі, ең алдымен, іргелі рудың қам-қарекетін елдік мұрат-мүддесімен тоғыстыра білген қайраткер- қолбасшылығына айғақ болса керек. Белгілі зерттеуші П.П. Румянцевтің Жетісу тарихы мен шаруашылығына арналған кітабы 1913 жылы Петербургте жарық көрді, «Материал Семиреченской области» деп аталатын осы кітапта былай жазылған: «Батыс Кәстек өңірінің жұрты шапырашты руынан шыққан Қарасай руы Ақмола облысының жерін қоныс етеді. Қарасайдың бейіті Көкшетау уезінің Айыртау деп аталатын өңірінде» – дейді.

Қазақ халқының тарихи тұлғаларына деген марапат-құрметінің соншалықты баянды екені қайран қалдырады. Өлетін малмен, тозатын дүниемен алдарқатпайды, еліне лайық ер туса, олардың есімін тұтас ру мен киеі туған жерге бұйыртып отырған. Онысы жеріміз бүтін, еліміз аман болса, біртуар ерлердің де есімі ұмыт болмайды дегені болуы керек. Қазақ халқының мұндай мәртебеге лайық перзенті Қарасай батыр екенін тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН

Жиренше шешен (XV ғ.) – қазақтың ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аты аңызға айналған ділмар шешені. Аңыз-әңгімелердің дерегі бойынша ол тарихта болған, әз–Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген кісі, бірақ тарихи шғармаларда Жәнібек ханның төңірегінде ондай адам болды деген дерек кездеспейді.

Жиренше шешен жөнінде өзге халықтардың шығармаларында да сөз болады. Түркі-моңғол, үнді-еуропа халықтарының біразының фольклорында да ол туралы әңгіме бар. Қазақ фольклорында бар Жиренше шешен жайындағы аңыз әңгімелердің кейбір нұсқалары негізгі кейіпкердің атымен, мысалы, қарақалпақ (Жиренше), қырғыз (Жээренче чээчен), түрікмен (Йикренче) фольклорына ауысқаны байқалады.

Жиренше шешен туралы ертегілер, әңгімелер қазақ фольклорында шамамен XV ғасырдан басталады. Онда шешендік сөздің үлгілерімен қатар, тұрмыс-салт ертегілер де бар.

Жиренше шешен атымен байланысты әңгімелердің ішінде ең көп тарағаны – оның көркіне ақылы сай, дана қыз Қарашашқа үйленгені. Жалпы зерттеулер Жиренше шешеннің атына қатысты аңыз әңгімелерді үш топқа бөледі. Біріншісі – Жиренше шешенді Жәнібек ханның ақылшысы әрі досы етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда Қазақ хандығын құрысуға белсене қатысқан Жәнібек ханға деген ел ілтипатының әсері айқын аңғарылады. Екіншісі – Жиренше шешенді әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресуші етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда ол ханды әшкерелеуші, ханның зорлығына өзінің ақыл-парасатын қарсы қоюшы, тапқыр ақыл иесі ретінде бейнеленеді. Үшіншісі – Жиренше шешеннің көпшілік арасындағы күнделікті қақтығыстарда айтатын тапқыр әзіл-қалжың сөздері. Осы шығармалардың арасында Жиренше есімі ұмыт болмай, ғасырдан ғасыр асып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.

ЖӘҢГІРҰЛЫ ТӘУКЕ ХАН

Жәңгірұлы Тәуке хан (1626-1718) – Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі – қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Күнделен-тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгінін қолға алған кезде (1680ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған білікті жан болатын. Сондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді. Тәукені өзге қазақ хандарынан ерекшелеп, оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытанын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүруінде. Бұл ретте ол ұлы бабасы Қасым ханға қарай бейімделеді.

Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел аудырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтан торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып – өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат үстемдігін орнатты. Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлібекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек, Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік – берекесін кетірер ішкі дау – жанжалды, барымта – сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды. Жұрт ерді ел қолдаса – береке, ханды ел қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез – халық есінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалды.

Бірақ, бұл, әрине ол кезде ешқандай шапқыншылық болған жоқ, бірыңғай бейбіт күн туып, қазақ халқы сыртқы жаудан қаймықпай алаңсыз ғұмыр кешті дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Тәукенің кезінде қалмақтармен қақтығыс жиілей түспесе, кеміген жоқ. Сонау 1681 жылғы қалмақтың қоңтайшысы Галдан Бошоктудың қалың қолмен Шу өзенінің бойына жетіп, Сайрам қаласын қоршағаннан басталған шабуылдар легі кейін оның немересі Цеван Рабтан билік басына