1-Кітап

10 июня 2010

ТҰМАР

Тұмар (Томирис) ханша (ж.ж.с.д. 570-520) – күнгей түркі сақ халықтарының байырғы заманда ел билеген атақты әйел патшаларының бірі. Грек жазбаларында оның елін «массагет» деп атайды. Тұмар ханша есімінің тарихқа еніп, әлемге танылуы Ахемен әулетінен шыққан, «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсының әйгілі патшасы Кирдің (ж.ж.с.д. 558 – 530) Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген, «жеңілуді білмейді» деп дәріптелген әскерін ашық шайқаста тас талқанын шығарып жеңуімен тікелей байланысты.

Мемлекетінің аумағын тойымсыздықпен кеңейте беруді ойлаған Кир патша батыс елдеріне аттанбас бұрын әуелі шығыс жағын қауіпсіздендіру мақсатымен күнгей түркі сақтарды бағындырып алуды көздейді. Сөйтіп түркі сақ еліне елші аттандырып, олардың ханшасы, сол кезде күйеуі өліп жесір отырған Тұмардың (Томириске) өзіне тұрмысқа шығуын сұрайды.

Бұл Кирдің түркі сақтармен соғысуға желеу іздеуі еді. Тұмар ханша Кирдің ұсынысын қабылдамай тастайды. Осыны желеу еткен Кир өзінің жау қайдалап жұтынған жаужүрек жауынгерлерін шығысқа қарай қаптатады. Аракс дариясына жетіп, үстінен қалқыма көпірлерді құруды кемелердің кермесінде мұнара қамалдар тұрғызуды әмір етеді.

Өздерін жаулап алуға келген парсылардың әр қадамын алыстан бақылап, біліп отырған Тұмар ханша олардың дариядан өту үшін әуреленіп, көпір салғалы жатқанын естіп, Кирге арнайы жаушы жібереді.

— Мидиялықтардың патшасы! -, дейді жіберген жаушысы арқылы Тұмар ханша Кирге. – Ниетіңнен қайт. Салып жатқан көпірлеріңнің игілігін көрер көрмесіңді өзің де білмейсің. Өнбес істі қума. Өз патшалығыңа бар да, өз билігіңді жүргізе бер, бізді күндеме. Ал егер алда жалда соғыспай қоймаймын десең, онда көпір салып, уақыт өткізіп, әуре болма. Дарияның біз жақ бетіне шығып соғысамын десең, біз үш күншілік жерге кетіп, жол ашайық, ал дарияның өз жағыңда соғысамын десең, сен үш күншілік жерге шегін. Қалауына қарай өзің шеш.

Тұмардың ұсынысын Кир әскери кеңеске салады. Біраз пікір таласынан соң, Лидияның бұрынғы патшасы, сол кезде Кирдің қолындағы мырза тұтқын Крездің ақылымен дарияның түркі сақтар жағында соғысуды ұйғарып, шешімдерін Тұмарға хабарлайды.

Түркі сақтар уәделерінде тұрып, үш күншілік жерге шегініп кетеді. Олардың кеткеніне анық көз жеткізгеннен кейін Кир бүкіл әскерін дарияның арғы бетіне өткізіп, Крездің үйреткен айласымен түркі сақтардың шабылдаушы тобын алдап қолға түсіріп, түгел қырғынға ұшыратады. Осы шабуылшы топтың басшысы, Тұмар ханшаның ұлы Спаргапты (Спаргапис) тұтқынға алады.

Сүйікті ұлы мен шеп бұзар жауынгерлерінің қайғылы хабарын алған Тұмар Кирге жаушы жіберіп, оған өзінің соңғы сөзін жеткізеді.

Қанқұмар Кир! Жеңіске желікпе. Сен менің ұлымды ашық айқаста қару құдіретімен жеңген жоқсың. Шарап ішкізіп, алдап барып, пенде еттің. Енді менің мына ақылымды ал. Айла амалмен біраз жауынгерімді опат еткеніңді қанағат тұтып, менің ұлымды өзіме қайтарып бер де, есен сауыңда жөніңді тап. Егер өйтпесең, Тәңірі атымен ант етіп айтайын, қанға қаншама тойымсыз болсаң да, адам қанын сусының қанғанша ішкізермін!

Бар аңсары біреудің елін шауып, олжаға батып, атағын шығаруға ауған Кир ханша ақылын тыңдамай, өзінің шайқасатынын айтып, Тұмардың жаушысын кері қайтарады.

Тұтқынға түскен Тұмардың ұлы өзінің қандай күйге ұшырағанын мастығы айығып, есі кірген кезде ғана бір-ақ біледі. Кирден аяқ қолын босатуын өтінеді. Қолдан бұғау, аяқтан кісен алынысымен, ол қасында тұрған парсы жауынгерінің қаруын жұлып алып, өзін өзі өлтіреді.

Келесі күні екі жақтың арасында бұрын соңды көз көріп, құлақ естімеген сұрапыл қырғын соғыс басталады. Ақырында далалық ұрыс тәсілін тиімді пайдаланған түркі сақтар парсылардың әскерін түгел дерлік жусатып салады. Қоршауға түсіп, бас сауғалар мүмкіндігінен айырылған. Кирдің өзі де жауынгерлерімен бірге айқас алаңында қаза табады.

Тұмар ханша шайқас аяқталған соң, сарбаздарына Кирдің денесін таптырып алып, басын кестіріп, қан толтырылған меске салып тұрып: «Әйтеуір тірі қалдым, сені жеңіп шықтым демесем, жан дегендегі жалғыз ұлымды аярлықпен қолға түсіріп, сен менің түбіме жеттің, жауыз! Енді Тәңірге берген сертімді орындап, басыңды қанға бөктіріп, сусыныңды қандырғаннан басқа амалым жоқ» дейді.

Осылайша күнгей түркі сақтар өздерін жаулауға жасанып келген басқыншылардан елінің тәуелсіздігін сақтап қалады. Осылайша Тұмар ханша елбасылық ұлы тұлғасымен, қолбасшылық асқан ерлігімен тарихқа енеді.

ТҮМЕН ҰЛЫ МҮДЕ ҚАҒАН

Түмән ұлы Мүде қаған (ж.ж.с.д. 228-174) Сиуңну (Ғұн) империясының негізін қалаушы, жеке тағдыры қызық та қасіретті оқиғаларға толы, қаталдығы мен даналығы қабат өріліп жатқан күрделі тарихи тұлға. Қытай жазбаларында оның есімін «Маудун», ал билік лауазымын «чәниүй» деп атайды. Чәниүй атауының жеке сөз ретінде не мағына беретіні әлі күнге белгісіз, ал лауазым ретіндегі мағынасы сиуңнулар үшін ортағасырлық түркілердің «Қаған» дегенімен мәнзелдес. Қазіргі тарихшылардың чәниүйді «тәңірқұт» деп алулары қате.

Мүде шамамен 18-19 жасында, ж.ж.с.д. 209 жылы, әкесі ТҮмәнді өлтіріп, Сиуңну хандығының тағына отырып, өзін сиуңну елінің дара билеушісімен деп жариялайды. Содан көп ұзамай шығыста дҮнху, батыста жыужы (юечжи), терістігінде хуниүй, чуйшы, динлиң, гыгун және шыңли, оңтүстігінде лыуфаң, бай иән секілді елдерді жаулап алып, шағын Сиуңну хандығын Шығыста теңдесі жоқ далалық ұлы империяға айналдырады. Осыдан кейін елі оны «ақылы асқан дана» деп мойындап, оған «Чиңтижы» деген ат береді. Бұл қазіргі түсінікте «Тәңірінің күші», яғни «Құдайдың қаһары» деген мағынаны білдіреді.

Ел билігінің басына көсемдік дарыны аса жоғары, қолбасшылық қабілеті тым ерен, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын жігерлі жас Мүденің келуі тек сиуңну халқының ғана емес, бүкіл Шығыс халықтарының тағдырына үлкен өзгеріс әкеледі. Бұрын жеке жеке хандықтарға бөлініп, өзара қырқысып жатқан түркі халықтарының басы бірігіп, бәрі тарихқа танылған үлкен бір далалық империяның құрамына енеді. Елді басқарудың жаңа жүйесі қалыптасады. Бұл жүйе елді үш әкімшілік аумақтық құрылымға бөліп басқару арқылы жүзеге асырылып, бар билік бір адамның чәниүйдің қолына көшеді.

Мүде қаған тұсында мемлекетті басқару жүйесінің шен дәрежесі де белгіленеді. Мемлекеттің шығыс бөлігін Сол тужи уаң, батыс бөлігін Оң тужи уаң басқарды. Қытайша аталған бұл лауазымдардың билік пәрмені кейінгі түркілердің «кіші хан» деген ұғымына келеді. Бұдан кейінгі лауазым иелерін Сол лули уаң, Оң лули уаң деп атайды. Бұлар кіші хандарға бағынышты азық түлікке жауап беретін уәзірлер. Кезінде осы төрт лауазым иелерін топтастырып ортақ бір ақ атаумен чәниүйдің «төрт мүйізі» деп атаған. Мұның сыртында «түмен басы» деп аталатын 24 әкімшілік басшылары болған. Тәрізі қазақтың қария сөзінде жиі айтылатын «24 баулы ел» деген тіркес сол бір шалғай кез кезеңнен келе жатқан үрдіс болуы әбден мүмкін.

Мүденің реформасынан кейін мемлекетте әскери шен жүйесі де (бас қолбасшы, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасы) бір қалыпқа түседі. Сиуңну империясы азаматтарының бәрінің бірдей әскер қатарына шақырылуға міндетті болуы, шақырылғандардың әскери бастықтарына сөзсіз бағынуы, әскердің үнемі жауынгерлік рухта болуы үшін әскери жаттығулардың жүйелі жүргізіліп тұруы сиуңнудың тұрақты армиясы болғанын дәлелдейді. Оның саны бір деректе «300 000, екіншісінде 400 000 еді» деп көрсетіледі.

Сиуңнулардың ата-баба дәстүріне негізделген азаматтық, қылмыстық заң жүйесінің өмірге келуі де осы Мүде қағаннан басталады. Бірақ бұл заңдардан қытайдың байырғы жазбалары арқылы бізге жеткені 4-5 бап қана. Олар:

Адамға пышақ, не қанжар салып, өлімші еткендер өлім жазасына кесіледі;

Ұрлық жасаушының мал-мүлкі түгел тәркіленеді;

Жеңіл қылмыс жасағандардың беті тілінеді. Қазақтың «бетің тіліңгір» деген қарғысы осы Мүде қаған заманынан бүгінге жеткен бір белгі болса керек;

Ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына бұйырылады;

Қылмыстыларды қамауға алып, жазасын беру он күннен әріге созылмайды. (Бірақ мемлекетте мұндай қамауға алынатын қылмыстылар онша көп болмаған).

Сиуңнуларға шын ниетімен беріліп, өлгенше чәниүй ордасында тұрып, адал қызмет атқарған қытай оқымыстысы Жүншин Иөннің айтуына қарағанда: «олардың заңдары орындауға жеңіл» көрінеді. Бұл, әрине, оның Сиуңну мемлекетінің заңын Хaн патшалығының заңдарымен салыстырудан шығарған қорытындысы еді.

Сиуңну империясы билігінің тізгінін 35 жыл уысында ұстаған Мүде қаған ж.ж.с.д. 174 жылы қайтыс болғаннан кейін де, кезегімен билік басына келген оның ұрпақтары ол орнатқан ел басқару тәртібі мен заңдылықтарды қатаң сақтап, жарты әлемді жалпағынан басқан алып мемлекеттің үш ғасыр бойы өмір сүруін қамтамасыз ете алады.

МЫҢЗЫҚҰЛЫ ЕДІЛ ҚАҒАН

Мыңзықұлы Еділ (Аттила) қаған батыстағы Ғұн (сиуңну) империясының аты аңызға айналған әйгілі билеушісі, адамзат тарихында өзіндік орыны бар тарихи ірі тұлға. Оны Еуропа тарихшылары «Аттила», «Атилла», «Атыл», «Аттылы» деп те атайды.

Ежелгі қытайдың әулеттік шежіре тарихы «Хан кітабынан» («Хәншудан») қытайлықтар есімін білмегендіктен, «Солтүстік чәниүй» деп атап кеткен Солтүстік Сиуңну мемлекетінің билеушісінің жаңаша жыл санаудың 92 жылы Хән империясы мен сиәнбилердің біріккен күшінен ойсырай жеңілгеннен кейін, батысқа қарай ығысып кеткені белгілі. Міне, осы сиуңнулар бірден бірге ығыса отырып, ІІ ғасырда Еділ мен Жайықтың ортасында жаңа ғұн ордасының шаңырағын көтереді. Олар кейін күшейе келе IV V ғасырларда Қара теңіз жағалауы мен Еуропаның біраз бөлегін өздеріне қаратып, үлкен далалық империяға айналады.

Руғиланың тұсында Ғұн империясы бұрынғыдан да айтарлықтай күшейе түсті. Ол ата баба дәстүрімен осы үлкен елді інілері Ақтар және Мыңзықпен бірлесіп басқарады. Бұл баяғы Мүде қаған қалыптастырған, елді бір орталыққа бағынған үш әкімшілік аумақтық құрылымға бөліп басқаруға қатысқан үштіктің бірі осы Мыңзықтың баласы.

434 жылы Руғила өлгенде империя билігі оның інілерініңбаласы Бледа мен Еділдің қолына көшеді. Бірақ көп ұзамай Еділ немере туысы Ақтардың баласы Бледаны өлтіріп, билікке өзі жеке дара ие болады. Осыдан кейін ол бұрын білікті қолбасшы ретінде төңірегіне мәлім болса, енді үлкен саясаткер, көреген көсем ретінде жарқырап көзге түседі. «Әділ билеуші» атанады. Оның есімі қарсыластары арасынрда үрей туғызады. Оны «Құдайдың қаһары» деп атайды.

Еділдің тұсында империя өзінің шарықтау биігіне көтеріледі. Шығыста Кавказға, батыста Рейнге, терістікте даниялық аралдарға, күнгейінде Дунайға дейінгі жер Ғұн империясының иелігіне айналады.

Еділ бастаған ғұн әскері 447 жылы Фракия мен Иллирияны талқандап, Фермопил мен Константинополь іргесіне дейін жетеді. Шығыс Рим империясы (Византия) Еділге тәуелді екенін мойындап, алым салық төлеп тұрады.

Арада төрт жыл өткеннен кейін Рим императоры Валентин ІІІ-тің қарындасы Онорияның өтінішімен Еділ батысқа аттанып, Галлияға басып кіреді. Галлияны билеуге Рим императоры жіберген атақты қолбасшы Аэций вегтгот, алан, франк корольдерімен тіл табысып, Еділге қарсы көп әскер шығарады. Мұның аяғы тарихта бұрын болмаған үлкен қырғын әйгілі Каталун шайқасына әкеледі. Тарихшылар осы шайқаста майдан даласында 165 мың жауынгердің өлігі қалды дегенді айтады.

452 жылы Еділ Италияны ойрандап, Падуя, Милан секілді қалаларын алады. Рим салық төлеп құтылады. Сөйтіп ол осынау ұлы жорықтан Дунай бойындағы мемлекетінің астанасы Еділқалаға (Этзелбургке) үлкен жеңіспен, салтанатпен оралады.

Осының алдында Еділ герман тайпаларын бағындырған кезде Бургундия ханшайымы Илдионаға (Идилкаға) ғашық болып қалған еді. 453 жылы елінде үлкен той жасап, осы ханшайымға үйленеді. Бірақ алғашқы неке түнінде белгісіз жағдайда кенеттен қайтыс болады.

Оның орнына әкесімен бірге шерулі жорықтарға қатысып, қолбасшылық дарыны танылып, үлгірген батыр баласы Эллақ отырады. Еділ өзінің көзі тірісінде оны мұрагері етіп белгілеген болатын.

Сөйтіп билік басында болған он тоғыз жыл ішінде Ғұн империясының жеріне жер, еліне ел қосып, даңқын алысқа жайған Еділ қаған Шығыстың ұлы жаугер ұлдарының бірі ретінде тарихқа енді. Содан да болар, батыстың тарихшылары оның есімін «адамзат тарихындағы ұлы адамдар Александр Македонский мен Юлий Цезарь есімдерінің қатарына қояды».

БУМЫН ҚАҒАН

Бумын қаған (? – 552 ж.) – түркілердің өздері «Мәңгі ел» деп атаған әйгілі Бірінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушы тарихи ұлы тұлғалардың бірі. Оның алғаш тарихқа танылуы түркі еліне Батыс Вей империясының елшілерінің келуімен тікелей байланысты. Бұл кезде түркі елі Жыужән қағанатының құрамындағы, соларға темір кенін өндірумен айналысатын бодан ел болатын. Бумынның бұл кездегі билік лауазымы ұлы йабғу (даиеху). Оған ол түркі елінің басшысы болған әкесі Ту (Туву) өлгеннен кейін, мұрагерлік жолмен ие болған.

Кезінде хатталып, қағаз бетіне түспегендіктен, Батыс Вей империясынан елші келгенге дейінгі түркі елінің де, оның басшысы Бумынның да тарихы белгісіз. Сондықтан да болар тарихшылар ортағасырлық түркілердің тарихын, шартты түрде, осы елшілер еклген да тун жылнамасының он бірінші жылынан, яғни 545 жылдан бастайды.

Елшінің келген мақсаты түркілердің Батыс Вей империясының бақталасы Шығыс Вей империясының одақтасы болып отырған Жыужән мемлекетіне қарсы қойып, қарсыластар күшін әлсірету әрі оларды күресте өздерінің жақтасы ету болатын. Бумынның аса ірі саясаткер, көреген басшы екенін танытатын тұс та, міне, осы кез. Ол алып империяның айдапсалына елігіп, билікке таласушылардың қол шоқпарына айналмай, өз саясатын жүргізе біледі.

Асылы, Бумын өзін империя қолдайды екен деп, аңдаусыз аяқ басудың апатқа ұрындырарын мейлінше ұққан сақ жан. Жылнамалар жеткізген тапшы деректер осыны дәлелдейді. Ол Батыс Вей секілді империяның қолдауын пайдаланып қалайын деп, телылар сияқты жанталасып, бірден атқа қонбайды. Батыс Вейдің елшісі кеткеннен кейін оларға өзінің елшісін жіберіп, бар жағдайды өз адамдары арқылы толық біліп алады. Күресте көмектеседі деген империясының өз көмегіне зәру мүшкіл хәлін көреді. Азаттық күресінде тек өз күшіне ғана сүйену керектігін, қазіргі жағдайында қыздырманың тіліне еріп, қарсы шыққанменен, дәуірлеп тұрған жыужәндарды жеңуге шамасы жетпейтінін түсінеді. Сол себепті де ол ешкім күтпеген әрекетке барып, жыужәндарға қарсы жорыққа аттанған телы тайпаларын қолдау орнына, оларға тосыннан тиісіп, бүкіл елін өз қарауына қосып алады.

Бұл ретте «Жыу кітабы» (Жыушу): «Осы кезде (546ж.) телылар жыужәндарға қарсы жаза жорығына шығады. Тумын (Бумын) өзіне қарасты тайпаларды бастап, оларға орта жолда бүйірден тиісіп, талқанын шығарады. Сөйтіп 50 мың түтіндік бүкіл елін бағындырады» деген дерек береді.

Осылайша еліне ел қосып, жауынгерлер санын көбейтіп, әскери қуатын нығайтып алғаннан кейін барып, ол жыужәндарға қарсы шығудың әрекетіне көшеді. Онда да өзі бірден тиіспей, жыужәндардың өзін соғысуға мәжбүрлейді. Жыужән мемлекетінің билеушісі Анагүйге қызын өзіне әйелдікке беруді сұрап, елшісін жібереді. Бұл сол кездің дипломатиясында: «менің енді сенімен терезем тең. Менімен санасуға тиістісің» дегенді білдіретін еді. Бұған, әрине, Анагүй келісе алмады, тас талқан болып ашуланып, Бумынды балағаттап, «Сен менің темірші құлымсың, бұлай істеуге қалай батылың барады» деп, арнайы шапқыншысын жібереді.

Бумынның күткені де осы еді. Дәстүр бойынша, енді оның қорланған жан есебінде не істеймін десе де еркі бар, халықтың толық қолдауына ие болады. Осыны қапысыз пайдаланған Бумын өшпенділікті одан әрі өршіте түсу үшін Анагүйдің шапқыншысының басын алуға әмір береді. Қаған шапқыншысын өлтіру бұл дағы соғыс ашудың бір сылтауы болатын.

Ақыры фи ди жылнамасының бірінші жылының (552ж.) бірінші айында Хуәй хуанның терістігіндегі кең жазықта жыужәндар мен түркі әскері шешуші айқасқа шықты. Осы шайқасқа жеті жыл бойы қапысыз дайындалған Бумын ашудың жетегінде асығыс жиналған жыужән әскерінің тас талқанын шығарды. Ойсырай жеңілген Анагүй өзін өзі жарып өлтірді. Сөйтіп байтақ далада бір жарым ғасыр бойы дара билік жүргізген Жыужән қағандығы құлады. Оның орнына кейін Ұлы Далаға бірнеше ғасыр бойы үстемдігін жүргізген атақты Түркі қағанаты орнады.

Түркі елі жиналып, Бумынды ақ киізге көтеріп, «Ел қағаны» деп жариялады. Әйеліне «Ел Білге қатын» деген атақ берді. Бірақ Бумын қаған өзі орнатқан қағанаттың дәуірлеп дүркірегенін көре алмады. 553 жылдың қозы айында өз ажалынан қайтыс болды.

ҚАРАШАҰЛЫ БӘЙДІБЕК

Қарашаұлы Бәйдібек (VI-VII ғ.ғ.) Жетісу алабындағы көшпелі тайпалар көсемі. Ақыл парасатымен, ерлік істерімен елге ұйтқы болған тарихи тұлға.

Ел ішіндегі қария сөздер далалық ауызша тарихнама бойынша (ДАТ) Ұлы жүздің үйсін бірлестігінің құрамындағы албан, суан, дулат, сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты тайпалары Бәйдібекті өздерінің түп атасы деп білдеі. Бәйдібектің әкесі Қараша (530-604) туралы, Бәйдібектің ұрпағы Майқы би туралы, Қытай жылнамаларында, Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) еңбегінде деректер кездеседі. Бәйдібек жалпақ жатқан Жетісуды, Арыс өзенінің шұрайлы алқаптарын, Қаратау мен Ташкент алабын қоныс етіп, ондағы ру тайпалардың бас біріктіруіне, ел болып ұйысуына ықпал еткен.

Бәйдібек үш некелі болыпты. Бірінші әйелі Сары бәйбішеден Байтоқты есімді бала туып, одан Түргеш (Сарыүйсін) өрбіген. Екінші әйелі Зеріптен Жалмамбет туады. Одан Шапырашты, Ошақты, Ысты өрбіген. Үшінші әйелі есімі исі қазаққа мәшһүр әулие Домалақ ана. Бұл кісінің шын аты Нұрила. Домалақ анадан Тілеуберді туады. Тілеуберді ел аузында Жарықшақ (Жарықбас) атанып кеткен. Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат өрбиді.

Бұл аталардан бәрі де іргелі ру тайпаларға ұласып, қазақ халқының ел болып ұйысуына тікелей араласқан.

Бәйдібектің Сары бәйбішесінен туған Байбоқтыдан басқа алты бірдей ұлы соғыста қаза тауып, Қаратаудың шығысындағы Қошқарата өзенінің бойына жерленген. Күні бүгінге дейін бұл жер «Алты сары басы» деп аталады.

Бәйдібектің өзінің сүйегі балабөген өзенінің жағасына жерленген. Басына көрнекті кесене тұрғызылған. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір аудан Бәйдібек есімімен аталады.

Бәйдібектің өмір сүрген заманы Еуразияның Ұлы даласын (Л.Н.Гумилев) қоныс еткен желдей еркін көшпелі тайпалардың арасында этникалық тұтастану үрдісі қызу қарқынмен жүріп, мемлекеттің ірге тасы қаланып, тарих сахнасына әйгілі Түрік Қағанатының шыққан кезі. Шығысында Сарыөзен (Хуанэ) мен батысында Темірқақпаға (Дербент) дейін қанат жайған алып қағанат өз кезегінде төңірегінде Қытай, Парсы, Үнді, Рұм (Византия) сияқты империялар мен патшалықтарға ықпалын жүргізе бастаған. Ең бастысы, түркі жұртының шаруашылық мәдени типі сараланып, өзіндік төлтума өркениеті қалыптасып, енді түркі тектес ұлттар өз қоныс тұрағымен, өзіндік тіл ділімен тұлға таныта бастаған.

Міне, осындай аса күрделі тарихи кезеңде Бәйдібек ақыл парасатымен де, ерлік істерімен де ұлттың ұйысуына, елдің бас біріктіруіне, сөйтіп қазақ даласындағы ру тайпалардың этникалық тұтастануына мұрындық болған тарихи тұлға.

Бәйдібек, Домалақ ана кешендеріне 2000-2001 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары тарихи тұлғалардың қоғамда алар орнына, өмір сүрген заманына қатысты толымды дерек мағлұматтар беріп отыр. Солардың ішінде VI-VII ғасырда шығарылған тиын теңгелер Бәйдібек пен оның жұбайы Домалақ ананың өмір сүрген заманына, олардың әлеуметтік статусына елеулі айғақ ретінде ден қойдырады.

Халық жады арқылы атадан балаға жалғасып жеткен қария сөздер Бәйдібектің ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ұйтқы болып, көреген көсемдігімен жұртқа ықпал еткен тарихи тұлға екенін танытады.

ДОМАЛАҚ АНА

Домалақ ана (Шайхы Мизамбекқызы Нұрилә) (VI-VII ғ.ғ.) Қазақстанның оңтүстік өңірінің біраз бөлігін алып жатқан Шапырашты, Ошақты, Ысты, Албан, Суан, Дулат тайпаларынан тараған ұрпақтың арғы атасы Бәйдібек батырдың үшінші әйелі, Албан, Суан, Дулаттың анасы. Шын аты Нұрилә. Өзгені де өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті.

Домалақ ананың қадір қасиеті ерте-ақ танылған. Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: « Бәйдібек заманында жайлауында үйір үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пенен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрилә: «Бай еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз» деп, өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған жүген құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, «жолдан қайтар қатын емеспін» деп, жасағын бастап, жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аттанға Ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты.

Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісенеді дейді. Сол күні намаздыгер шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып ақ түгел қайтарып алса керек. Мұндай әңгімелер көп ақ.

Домалақ ана қос Бөгеннің сағасындағы бір жазыққа жерленген. Айналасын көгілдір таулар қоршаған сол жазықта қазір бозарып сәулетті күмбез көрінеді. Ол Домалақ ана мазары. Әулие ананың қасиетін қастерлеген ұрпақтың ана бейітіне ағылған ізі, салған жолы ескіріп көрген емес.

ТОНЫКӨК

Тоныкөк (Тоңыұқық) (646- 741ж.ж.) – Екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Көшпелілер тарихында артында өшпес атақ даңқын қалдырып; ақыл парасатына, қол қайратына, көрегендігіне табындырып; ел жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөктей тұлға болған емес.

Сол тас жазуда: «Мен, Білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түркі халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деп жазылған. Бұдан Тоныкөктің түрк тайпасы көсемдерінің бірінің баласы екені анық аңғарылады. Өйткені ол кезде көшпелілердің тек ел басыларының қытайға аманатқа берген балалары ғана император сарайында оқып, тәрбиелене алған.

Қытай сарайында жүріп, олардың өз еліне жасап жатқан қорлық зорлығының бәрін көріп біліп өскен Тоныкөк ақыры шыдай алмай, 683 жылы шыли иуән тайпасының басшысы Құтылығпен бірігіп, табғаштарға қарсы көтеріліске шығады. Көтерілісшілер жеңістен жеңіске жетіп, ұзамай әйгілі Екінші Шығыс Түркі қағанатының шаңырағын көтереді. Құтылығты «Ел төресі» деген атпен қаған етіп сайлайды.

Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту» саясатымен түркілерге көрші тоғыз оғыз халқын айдап салды. Бірақ табғаш елінде болып, олардың қарсыластарын құрту үшін қандай әрекеттер жасайтынын жақсы білетін Тоныкөк асқан көрегендікпен бұл апаттың алдын алып, Тоғыла жазығында тоғыз оғыздардың әскерін тас талқан етеді. Қолға түскен тұтқындарды Тоныкөк Құтылығ қағанға айтып, түгел босатып, еліне қайтарады. Оларға: «Түбіміз бір туыспыз. Өзара қырқысқаннан өзгеге жем болғаннан басқа пайда жоқ. Табғаш елі ортақ жауымыз. Сондықтан соған қарсы күш біріктірейік. Бір-бірімізді өгейсітіп, көзге түрткеннен тапқан олжамыз кәні? Бірігіп ел болайық, осыны айта барыңдар. Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін. Біз сонда бірер күн еру боламыз»- дейді. Тоныкөктің осынау сөзі қандастарының жүрегін жібітіп, оғыздар түгелдей түркi туының астына жиналады. Кейін бұл жөнінде Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Осыдан кейін оғыздар өз аяғымен көтеріле келді. Келтіргендей ақ келтірдім ау» деп ризалық сезіммен сол кезді еске алады.

Құтылығ қаған өлгеннен кейін, орнына інісі Қапаған отырады. Тоныкөк оған да сенімді серік, білікті ақылшы болып, адал қызмет етеді. Бұл ретте Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Елтөресі (Құтылығ) қаған, Білге Тоныкөк қам жеп, иелік қылғаны үшін Қапаған қаған бар болып отыр» дейді. Онысы рас та секілді. Қытай жылнамасы Қапағанды қарамағындағыларға аяусыз қатыгездікпен қарады, қартайған сайын қызғаншақ, ақылсыз бола бастады деп суреттейді. Тоныкөк осы кезде қағанына өкпелеп, қытайға өтіп кетуге жырыла көшкен ру тайпа көсемдерін тоқтатып, ел бүтіндігін сақтау үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, ат үстінде жүреді. Бірақ Тоныкөктің халық алдындағы беделінің тым жоғарлығын қызғанған Қапаған оны ел билігінен оқшаулай бастайды. Қағанат құлауға айналады. Ақырында Қапаған қаған ойда жоқта өз қандастарының қолынан қаза табады.

Билікке таласып, ел бірлігіне зиян келтіреді деген қауіппен Қапаған қағанның бүкіл ұрпағын қырып тастаған Күлтегін батыр ағасы Могилиәнді қаған тағына отырғызды.

«Білге қаған» деген атпен таққа отырған Могилиән өз тайпасының ортасына кеткен Тоныкөктің көрегендік ақылымен тұс, тұстан анталаған жауының бәрін жеңіп, құлауға айналған қағанатты қалпына келтіреді. Тас жазуда Тоныкөк: «Түркi Білге қаған түркi сыр, оғыз халқын асырап, мерейін үстем қылып отырар» деп, оған үлкен сенім артады.

Түркi жұртының азаттыққа қол жеткізіп, жеке дербестік ел болып отыруына айтулы еңбек сіңірген дала кемеңгері Білге Тоныкөк өзінің бағасын, тарихтағы орнын өзі қашатып, жаздырып кетті.

«Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі жұртына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым. Ел төресі жауламаса, оған еріп мен жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде, менің шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Түркі Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған мен Білге Тоныкөкпін» дейді дана қарт.

Тоныкөктің қай жылы өлгені белгісіз. Қытай тарихында білге қаған оны ордаға 716 жылы қайта шақырып алдырғанда Тоныкөктің жасының 70-те екені анық көрсетілген. Содан кейін ол Білге қағанның қасында болып, Түркі қағанатын төніп келген апаттан құтқаруға көмектесіп, оған пайдалы ақыл кеңесін береді. 734 жылы Білге қаған уланып өледі. Бұдан кейін Тоныкөкке қатысты дерек еш жерде кездеспейді. Білге қаған өлгеннен кейін оның орнына таққа балалары бірінен кейін бірі отырғаны және бар биліктің сол балалардың анасы, Білге қағанның әйелі, Тоныкөктің қызы Бопының (Пофудың) қолында болғаны белгілі. Осының бәрі Тоныкөкті бұл жылдарда да қаған ордасында болды деуге мүмкіндік береді. Тарихшылар оны әбден қартайып барып, өлді дегенді айтады. Соған қарағанда ол 741 жылдың шамасында 95 жасқа жетіп қайтыс болған тәрізді.

ҚҰТЫЛЫҒҰЛЫ КҮЛТЕГІН

Құтылығұлы Күлтегін (684-731ж.ж.) Екінші Шығыс Түркі қағанаты әскерінің бас қолбасшысы, «көк түркінің көк семсері» атанған атақты батыры. Әкесінен жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның трбиесінде өскен Күл тегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, түркі еліне тұс тұстан төнген басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күреседі. Бұл ретте түркінің атақты Білге қағаны Күлтегін батырдың басына қойылған ескерткіші тасқа ойып жаздырған ғұмырнамасында: «әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды» деп жазды. Тарихи деректерді салыстыра зерделесек, бұдан Күлтегіннің он жасында ер атанып, алғаш көзге түскен соғысының табғаш елінің әйел патшасы У хыудың Қапағанның басына ақша тігіп, кімде кім оны өлтірсе, соған «Жан чо» («Чоны өлтіруші», яғни Мочо Қапағанды өлтіруші) деген атпен бірінші дәрежелі кінәз атағын беремін деген уәдесін арнайы жарлықпен бекітіп, түркі еліне жазалау жорыққа қалың қол аттандырғаннан кейінгі, 694 жылғы Жау жыу және Дин жыу аймақтарында болған соғыс екені анық көрінеді. Қапаған осы соғыста 90 мың тұтқынды қолға түсірген.

Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін, дулығасы жарқырап, жауын жапырып қан майданның ортасында жүргенін тамсана баяндайды. Бұл арада сол деректерді тізіп жатпай ақ, батырдың өзіне арнап орнатылған ескерткіштегі мына жазулардан да біраз жайды аңғаруға болады. Тас жазудың авторы Йолығ тегін Күлтегін ерлігін былайша тізбелейді: « Он алты жасына келгенде…. алты чуб, соғдыларға қарсы аттандық. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды. Он тұтықты қарулы басшылармен қолға түсірді. Ол әскерді сонда талқандадық. Жиырма бір жасында Чача Сеңүнмен айқастық. Күлтегін әуелі Тадықан шораның Боз атын мініп шапты. Ол ат сонда өлді. Екіншісінде Ышбыр Жамтардың боз атын мініп шапты. Ол ат та сонда өлді. (Күлтегіннің) сауытына, қалқанына жүздеген оқ тиді, бірақ бірі де денесіне дарыған жоқ. Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде қырғыздарға қарсы аттандық. Күлтегін Байырқының Ақбоз айғырына мініп, шабуылға ұмтылды. Бір батырын оққа ұшырды, екі батырын найзамен түйреп түсірді. Ақбоз айғырдың белі үзілді. Қырғыз қағанын өлтіріп, елін алдық. .. Тоғу қаласында шайқастық. Күлтегін Азбан ағын мініп ұмтылды. Алты батырын шаншып түсіріп, жетіншісін қылышпен шапты. Тоғыз батырын қуып жетіп, тақымға басты…. Оғыздармен соғыстық Күлтегін Жетімек (Өгсіз) атқа мініп шауып, тоғыз ерін шанышты…. Түргеш халқы жау болды. Күлтегінді шағын қолмен жібердік. Жойқын соғыс жасапты. Қара түргеш халқы сол жерде өлім тауыпты»…Осыла й жалғаса береді. Қарап отырсаңыз, Күлтегін батыр 47 жасқа жетіп, қаза тапқанша соғыссыз өткен жылы болмапты. Соның бәрінде ол жау қолына жасындай тиіп, түркі қолын жеңіске жеткізіп отырыпты.

Әкесі Құтылығ қаған Екінші Шығыс Түрік қағанатының іргесін қалап, шаңырағын көтерсе, артында қалған екі баласы: үлкені Білге қағаны ел бастап, кішісі Күлтегіні қол бастап, сол қағанаттың айбынын асырып, мерейін тасытыпты. Ағайынды екі ұлан ақыл қосып бірге қимылдап, елінің бірі алтын тұтқасына, бірі айбарлы асыл тірегіне айналыпты. Ажал алытн тұтқасына, бірі айбарлы асыл тірегіне айналыпты. Ажал жетіп, сол асыл тірек құлағанда Ұлы Дала күңіреніп, төрткүл дүниеден түгел елшілер келіп, Күлтегін рухына тағзым етіпті. Басына ел тарихын жазып, алып ескерткіш орнатыпты. Сол ескерткіштің ғылыми көшірмесі бұл күнде тәуелсіз еліміздің астанасында, Еуразия ұлттық университеті бас ғимаратының төрінде тұр. Батыр бабаның бақытты ұрпағы күн сайын ескерткіш қасына келіп, ұлы Ерлікке тағзым етеді, ата рухына адалдықтарын білдіреді.

ҚОРҚЫТ

Қорқыт (VIII-IX ғғ.) оғыз, қыпшақ тайпаларының ұлы ойшылы, батагөй абызы, дәулескер күйшісі, келер күнді болжайтын көріпкел данасы. Оның өмірде болғаны Сыр бойы мен Сарыарқа алабында ғұмыр кешкені, нақтылы тарихи тұлға екені бүгінгі күнге дейін жинақталған ғылыми деректер бойынша күмән қалдырмайды. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қай (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, анасы жағынан қалың қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қара (Қарақожа) деген кісі болса керек.

Қорқыт оғыз бен қыпшаққа бірдей басалқылық жасаған кемеңгер. «Қорқыт батыр емес, абыз, халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды» дейді В.В. Бартольд. Бұл тұжырымды Қорқыттан жетті дейтін мынандай нақыл сөздер орнықтыра түседі: «Қара есектің басына жүген таққанмен, тұлпар болмас, күңге сары пай шапан жапқанмен, бәйбіше болмас», «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан өнеге алмаған ұл жаман», «Атақ-даңқын шығаратын өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейд», «Өтірік сөз өрге баспайды».

Қорқыт ата оғыз қыпшақ ортасындағы саяси әлеуметтік мәселелерді шешуде жол көрсетуші бас тұлға. Ол ел ішіндегі жөн жоралғыны, салт-дәстүрді реттеуші батагөй дана. Халықтың сырьтқы жаудан, ішкі даудан аман болуын қадағалаушы ақылгөй. Дүйім жұрттың көш қонын, мекен тұрағын, ен таңбасын, ұран ұжымын белгілеп отыратын білгір.

Қорқыт туралы ең алғашқы хатқа түскен айғақ «Қорқыт ата кітабы» болса, мұның өзі XV ғасырда жазылған. Бұл кітаптың әзірше екі нұсқасы белгілі. Бірі – 12 тараудан Дрезден нұсқасы, екіншісі тұратын Ватикан нұсқасы.

ӘБУ НАСР ӘЛФАРАБИ

Әбу Наср әл-Фараби (870-950) – Аристотелден кейін дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопидист ғалым. Оның мұсылманша толық аты жөні Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Узлағ Тархани. Туған жері Сырдария бойындағы ерте заманда түркі халықтарының орталығы болған Отырар қаласы. Отырарды арабтар «Фараб» деп атаған. Қай жерден шыққанын білдіру үшін аты жөніне өзінің туған мекенінің атауын тіркейтін сол заманның дәстүрімен ұлы ұстаз Фараби аталған. Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрк» атты еңбегінде Фараб қаласының түрікше аты «Қарышоқы» деп көрсетеді.

Әл Фараби заманында бүкіл Орта Азия мен Түркістан aраб халифатының ықпалында болған. Соған байланысты қала халқы сауда саттық мәселесінде ислам қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Соның ішінде рухани, ғылыми тіл араб тіл болған. Сондықтан осы қалада сауат ашып, осы қалада білімге, ғылымға деген құмарлығы оянған Әл Фарабидің осы үш тілді жетік білуі заңдылық еді. Ол кейін білім ғылым іздеп, көп жерді аралайды. Ақыры сол кезде әлемнің ғылым дүниесінің орталығы болған Бағдадқа келіп, сонда тұрақтап қалады. Сoл кездің әйгілі ғалымдарымен кездесіп, олармен сырлас болады. Грек, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренеді.

Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырады. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Сол еңбектерді ғылым салаларына қарай бөлетін болсақ, олар мынандай: астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия риторика, философия болып келеді.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай Қазақстан ғалымдары да ұлы ұстаздың бай мұрасын жинап, зерттеп тануға өз үлестерін қоса бастады. Қазір Қазақстан Ғылым академиясының кітапханасында Әл Фарабидің елу шақты еңбегі бар. Олардың ішінде басқа тілге аударылмаған, ғалымдар арасында осы күнге дейін белгісіз болып келген: «Алмагеске түсініктеме», « Геометриялық сызықтар жасаудың әдістері», «Астрология», «Китаб әл мусики әл кабир» секілді әрқайсысы бір бір ғылымның шыңын көрсететін аса ірі туындылары бар. Мұның сыртында соңғы жылдары Қазақстанның Иранда алғашқы Төтенше және Өкілетті елшісі болған ғалым Мырзатай Жолдасбеков тауып әкеліп, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің кітапханасына тапсырған Әл-Фарабидің қолжазбалары өз алдына бір пара қазына. Олардың көшірмесі (он үш қолжазба) бүгінде Еуразия ұлттық университетінің Отырар кітапханасында сақтаулы.

Өмірінің соңына қарай Әл-Фараби Мысыр, Шам, Халеб қалаларында болып, ақырында Шам шахарында келіп, сонда тұрақтайды. Осында қайтыс болады. Оның денесі Шам шахарының Кіші қақпа (Баб ас-Сағир) жағындағы зиратқа қойылады.

Әл Фарабидің ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Олардың ішінен, ең алдымен, Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) есімін атауға болады. Кейінгі кездегі шығыс ғалымдары оларды бөліп жармай «Қос Фараби» деп те атайды. Сондай ақ еңбектері ұлы ұстаз еңбектерімен сабақтасып жатқан ұлы ғалымдар Беруни, Бозжани, Омар Һайямдар да өздерін Әл- Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген.

ӘБДІКӘРІМ САТҰҚ ҚАРАХАН

Әбділкәрім Сатұқ Қарахан (? – 960) Орта Азияда Қарахандар мемлекетінің негізін қалаушы. Шыққан тегі мұсылман түркі әулетінен.

Қарахан мемлекетінің құрылуы Қарлұқ қағанатының ыдырауымен тікелей байланысты. Тарихи әдебиеттерде Қарахандар әулетінің шығуы жөнінде түрлі пікірлер айтылады. Солардың ішінде Қарахан мемлекетінің тарихын зерттеуде үлкен еңбек сіңірген. О. Прицактың пікірінше, Қарахандар әулеті негізінен екі ірі тайпалар бірлестігінен шігілдір (шикілдер) мен иағмалардан құрылғанға ұқсайды. Қарахан осы иағма тайпасынан шыққан.

Қарлұқ қағанатының қағаны Білге Құл (Қадыр хан) өлгеннен кейін, оның орнында қалған екі баласы Бәзір Арслан мен Оғұлшақтың немере інісі Сатұқ Боғра хан ерекше көзге түседі. Ол кейін Оғұлшақтың өзіне қарсы шығып, Тараз бен Қашқарды одан тартып алады.

942 жылы ол Баласағұн билеушісін тақтан тайдырып, өзін «қағанмын» деп жариялайды.

Қарахан 960 жылы қайтыс болады. Оның орнына отырған баласы Мұса исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Осыдан болар мұсылман тарихшылары қарахандар әулеті билеушілерінің кестесін осы Мұсадан бастайды. Бірақ шын мәнінде Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Мұсаның әкесі Әбділкәрім Сатұқ Қарахан, кейінгі тарихшылардың мемлекет атын оның есімімен «Қарахан» деп атауы да осыдан. Қараханның мазары бұл күнде Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында тұр.

АЙША БИБІ

Айша бибі (ХІ ХІІ ғғ.) Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы, қазіргі Тараз қаласының жанындағы, сонау скифтер заманынан бастап-ақ қазақтың қол өнеріне енген, содан бері қолданылып келе жатқан ою-өрнек, әшекей түрлерінің бәрін қамтитын күрделі архитектуралық әсем ескерткіштің иесі.

Айша бибінің кім екені жөнінде атадан балаға қалған аңыз болмаса, тарихи деректер жоқ. Ал, аңыз оны төрт түліктің бірі сиыр малының атасы деп есептейтін Зеңгі бабаның қызы еді дейді.

Сол аңыздың айтуынша, Айша бибі Түркістанда жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс-тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін-жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әже қатынды ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді.

Қаланың төбесі көрінгеннен кейін өзеннің жағасына тоқтап, сол арада суға түсіп, шаң тозаңнан арылып, біраз дем алуға тоқтайды. Күтушісі ас жабдығына кіріседі.

Салқын суға шомылып, денесі сергіп шыққан Айша бибі күтушісі ас әзірлегенше дем алмақ болып, арнайы өзіне төселген төсенішке келіп жатады. Су сабатының салқын ауасына қосылған таудың самал желі ұзақ жолдан шаршаған жас арудың балғын тәнін аялай сипап, рахат құшағына бөлейді. Сүйіктісінің ауылының төбесін көріп көңілі жайланған, енді аз уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, тәтті қиял бесігінде тербеліп жатып, маужырап ұйықтап кетеді. Осы ұйқыдан оны даланың улы жыланы шағып оятады.

Денесін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптерін, молдасын алып жеткенде ару қыз ісіп кеуіп екі дүниенің арасында жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: « Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты.

Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді.

Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Жауын шайып, жел мүжіп, уақыт өз белгісін салғанымен бір-бірін шынайы сүйген ғашықтардың махаббатының өшпес белгісіндей болып, сол күмбез әлі тұр Тараз қаласының іргесінде.

ҚАРАБУРА

Қарабура (ХІ ХІІ ғғ.) оғыз қыпшақ заманының әйгілі тұлғасы, дуалы ауыз абызы, ықпалды қайраткері. Шыққан тегі тама руынан. Туып өскен жері, ғұмыр кешкен мекені Шу, Талас, Сырдария, Еділ, Жайық өзендерінің бойы, сахара жұртының сол алаптардағы көшпелілік пен отырықшылықты тоғыстырған ортасы. Топырақ бұйырған жері Қаратаудың етегі, Созақ елді мекені.

Далалық ауызша тарихнама деп жүрген қазақтың қария сөзі Қарабураның тегін былай таратады: әйгілі Қырымның қырық батырының бірі Қарадөн болса, одан Жұбаныш, одан Сүйініш, одан Ер бегіс, Ер Көгіс, одан Тама, одан Қарабура болып келеді де, Қарабурадан Нәрік, одан Шора, одан Есенгелді, одан Атамшыл, одан Торым, одан Базарқұл, одан Көкі, одан атақты тархан Есет батыр болып бір қайырылады. Бәрі де жыр арқауы болған ересен ерлер. Бұл жерде «Тама» атауы осынау ерлердің бәріне қатысты ру атауы, этноним екенін қаперге ілген абзал.

Қарабураның өмір сүрген заманы Қарахан қағанаты, Ғазнауи сұлтандығы, Салжұқ сұлтандығы, Хорезмшах мемлекеті сияқты елдік мемлекеттік құрылымдар арқылы Орта Азияда ислам дінінің салтанат құра бастаған кезі еді. Яғни, Ұлы Дала көшпелілерінің ғасырлар бойғы бір Тәңірді тәу еткен наным сенімі сол кезеңнен бастап бір Аллаға мойын ұсынуға ден қоя бастады. Саяси әлеуметтік төңкерістен гөрі қашанда санадағы сілкіністер әлдеқайда күрделірек болып отырған. Сахара жұртының барша өмір салты, шаруашылық мәдени типі, адамдар арасындағы моральдық этикалық қарым қатынасы, салт дәстүрлері ғасырлар бойы тәңірлік дүниетаныммен реттеліп, мұның өзі экожүйемен үндесе шыңдалып, өмір сүрудің қалыбына айналған болатын. Әрине, мұндай ырғақты өмір салтқа исламдық наным сенімнің, исламдық құндылықтардың араласуы оңай құбылыс емес еді.

Міне, осындай өтпелі кезеңде қайраткерлік қасиеттерімен ел тағдырына белсене араласқан көшпелілер аристократиясының ықпалды тұлғаларының бірі Қарабура болды. Мұны Қарахан, Салжұқ, Ғазнауи мемлекеттік құрылымдар өміріндегі күрделі ситуациялар ортасында ұдайы Қарабураның да бой көрсетіп отыруынан айқын аңғаруға болады. Әсіресе, Сыр бойындағы Жент сияқты іргелі қалада исламдық наным сенімге тәу еткен Қыпшақ Қимақ одағының арасындағы қанды қақтығыстар тұсында Қарабураның басалқылық ықпалы айқын байқалып отырады. Бұл жөнінде аңыз әңгіме түрінде, күй шежіре түрінде жеткен қызықты деректер мол.

Қарабура сахара тұрғындары арасында қалыптасқан өмір салттың шырқын бұзбастан исламдық наным сенімді жерсіндіруге белсене ықпал еткен өз заманының қайраткері. Бұл тұрғыда ол әйгілі ойшыл ақын, сопылық дүние танымның ірі өкілі Қожа Ахмет Яссауимен мүдделес болды. Фәни мен бақи арасындағы құндылықтарды парықтай отырып, адамдар арасында адамгершілік, ізгілік, қанағат, рахымшылдық, адалдық сияқты қасиеттерді өмірдің ең өзекті ұстанымдары ретінде насихаттап отырды. Бұл ретте қызы Бегім сұлу мен күйеу баласы Санжар сұлтанның арасындағы қырбайлықта Қарабураның тек қана адалдыққа жүгініп, тек адалдықтың айнымас үкімін кепіл етуі, оның өмірлік ұстанымына айғақ болатын жарқын мысалдардың бірі.

Қарабура есімінің ұранға шығуы, ол ұстанған гуманистік арман аңсардың (идеал) кейінгі ұрпақ үшін де бойтұмардай қастерлі екенін пайымдатады. Тіптен, Қарабура дүние салып, сүйегі Созақ топырағына бұйырған соң да, оның қабірі Орта Азия халықтары үшін киелі орынға айналды. Қарабураның аруағын исі түркі жұрты күні бүгінге дейін зор құрмет тұтады. Оның кесенесіне қоңырат Құрбан атаның, тарақты Шілмәмбет бидің, тама Құлтас бидің, сары үйсін Белгібай қажының, ұйғыр Шәкәсім ахуанның, өзбек Қожамқұл оқымыстының жерленуі де біраз жайды аңғартса керек.

МАХМҰД ҚАШҚАРИ

Махмұд Қашқари ХІ ғасыр түркі ғалымы, әйгілі «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбектің авторы. Толық аты жөні Махмұт ибн әл Хұсейн ибн Мұхаммед. Туған жері қазіргі Қырғызстан жеріндегі Ыстықкөл жағасындағы (кей деректе Шу бойындағы) Барсхан қаласы.

Махмұдтың әкесі белгілі қолбасшы, Барысханның әмірі болған. Ол кейін Қарахан әулеті билеген мемлекеттің мәдени-саяси орталықтарының бірі Қашқарға ауысқан. Махмұд осында дәріс алған, ұзақ жылдар тұрған. Оның аты жөніне қай жерден шыққанын көрсететін дәстүрмен «Қашқариді» тіркеуінің мәнісі де содан.

Ғалымның туған, өлген жылы белгісіз. Ол жөнінде өзі де, басқа зерттеулер мен сол тұстағы жазбаларда да ештеме айтылмайды. Ол Қашқарда алған білімін одан әрі толықтыру мақсатымен, Бұқара, Нишапурда, Бағдад қалаларында болады, түркі тілінің сыртында араб, парсы, тілдерін жетік меңгереді. Өз заманының аса білімдар филологы, тарихшысы, этнографы, географы ретінде танылады.

Махмұд Қашқари түркінің тұңғыш тіл маманы, түркі тілінің оқулығын жасаған, грамматикасын түзеп, жалпы түркі әлемінің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама. Түркология тарихында ол тұңғыш тарихи салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихи диалектологиясының негізін салды. Оның осы тілдерді салыстырмалы түрде зерттеу тәсілі бүкіл Шығыс тілшілеріне ортақ зерттеу тәсілі ретінде өзінше бір мектеп болып қалыптасты.

Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен өнері, этнологияық ерекшеліктері «Диуани лұғат ат-түркте» нақты тарихи деректілік сипатпен танылған. Ол көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін саралап, түркі тілінің бітімін ежіктей түсіндіреді, тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын баяндайды, сол кездегі бір қатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректерін, түркі халықтарының байырғы жырларын, мақал-мәтелдерін береді. Сонымен қатар ол көне дәуірдегі түркінің әлемдік қартасын жасап, онда Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап, түркі дүниесінің ежелгі шаһарларын, елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді. Бұл ретте оны түркі жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады.

ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН

Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн (1020-?) Орта Азияның белгілі ақыны. Туған жері Жетісу жеріндегі Баласағұн қаласы. Бұрын бұл қаланы «Күз Орда» деп атаған.

Жүсіптің әкесі де ақын, өнерпаз кісі болған. Қараханидтер мемлекетінің астанасы Баласағұн қаласында хан сарайында өлең айтып, күй шерткен. Кейін ол бұл іске баласын да тартып, Жүсіп әккесімен бірге хан сарайында қызмет еткен. Осында жүріп қоғамдыққа тән жаратылыстану ғылымдарынан білім алды.

Жүсіптің ақын ретінде де, ғалым ретінде де атын шығарған еңбегі «Құтты білік», «Құтадғу білік» атты дидактикалық поэмасы. Бұл байырғы түрік тілінде жазылған, түркі тектес халықтардың ортақ қазынасы. Көптеген зерттеушілер бұл поэманы саясат, мемлекет басқару, әскери-іс жөніндегі философиялық трактат деп жүр. Шындығында да, бұл жалаң әдеби дүние емес. Бұл бүтін бір тарихи кезеңнің мінез құлқын бойына сіңірген, қоғамдық-саяси, әлеуметтік бітімі қанық, моральдық этикалық, рухани қазынамыздың негізі, арқау боларлық дүние. Ондағы бүгінгі тілімізге, ой толғамымызға төркіндес, етене жақын орамдарды көргенде, қазақ әдебиетінің солармен тікелей сабақтаса жалғасқан дидактикалық поэзия мен шешендік сөздердің, билердің орағытып, ой тастайтын кең тынысты толғамдарының дәстүрлі бірлігі «мен мұндалап» тұрады.

Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Қоғамдық әлеуметтік мәні терең, халықтың моральдық этикалық бағдарламасы іспеттес бұл еңбегін Қараханид мемлекетінің сол кездегі билеушісі Табғаш Арслан хан Боғратегінге тарту етіп, бұған қоса оның арғы тегіне арнап «Дәрдә Хұсайын» («Хұсайынның қасірет») деген үй шығарған. Хан оның бұл еңбегін жоғары бағалап, оған «Хас Хажыб» деген атақ берген. Жүсіп Баласағұнның аты жөніне «Хас Хажыбтың» тіркелуінің мәнісі де осында. «Хас Хажыб» араб сөзі, ханның ең жақын, ең сенімді кеңесшісі деген мағынаны білдіреді.

Ақынның «Құтты білік» поэмасынан басқа жазған көптеген рубайлары да болған. Мысaлы, Наманган қолжазбаларының ішінен оның 600 жолдан астам рубаилары табылған. Олардың да поэзиялық көркемдігі жоғары, философиялық толғамдары терең.

Қожа Ахмет Яссауи

Қожа Ахмет Яссауи (? – 1166 ж.) қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орыны бар ұлы ақын. Өз аты Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Яссауи» ақынның қай жерден шыққандығын көрсетеді. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, Йасы қаласы оның туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын туыстарының қолына келіп, бала кезнен өскен жері. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибрахим мұсылманша сауаты бар, сөз қадірін білетін білікті адам болған. Шешесінің аты Қарашаш.

Ахмет Бұхара қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алғаннан кейін, Түркістанға кліп, сол кезде Орталық Азияда кең тараған софылық, діни-тақуалық идеялардың ірі насихатшысына айналады.

Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикмат» (Хикмат жинақ). Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Стамбул , Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылады. Соның бірі 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шыығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кмшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.

«Диуани Хикматтан» қазақ халқының ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Яссауи әзіреті сұлтан аталып, басына XIV ғасырдың аяғында атақты Ақсақ Темір күмбез орнаттырады.

МАЙҚЫ БИ

Майқы би (ХІІ – ХІІІғғ.) – халықтың ауызша тарихының айтуында, Шыңғысты хан көтеруге қатысқан атақты 12 бидің бірі. Әділ билігімен, тапқыр шешендігімен бүкіл қазақ қауымының арасында атағы шыққан адам. Халық арасында: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген ескі сөз бар.

Шежіре деректері бойынша Ұлы жүздің түп атасы Ақарыстан Ұзынсақал Ыбрайым, одан Кейкі, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекре тарайды. Майқы есімі қазақтардың шығу тегіне қатысты көптеген аңыз әңгімелерде кездеседі. «Қазақ Совет энциклопедиясында» оның Шыңғыс ханның ел бастау ісіне көмектесіп, ақылшысы, өзі жорыққа аттанғанда орнына қалдыратын биі болғаны, Жошы ханның Батысқа жасаған жорығында моңғол әскерінің он қанатын басқарғаны айтылады. Осыған қарағанда, МАйқы би жас жағынан Шыңғыс ханмен қарайлас, болмаса ептеп үлкен болуы мүмкін.

Ал қазақ аңыздары оны одан бірер ғасыр кейін жасатып, қазақтардың үш жүзге бөліну кезеңінде үлкен рөл атқарды дегенді айтады. Мұнда Майқы би Орманбек би өліп, он сан Ноғай елі бүлінгенде, қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер есебінде көрсетіледі.

Майқы би қазақ руларын үш жүзге бөліп, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Арғын бастаған бөлікті Орта жүз, Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атайды. Ноғайлы хандарының бірі – Қызыл Арыстанның баласы Ахметті Ұлытауда үш жүздің ханы етіп көтереді.

Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың ерекшелігіне қарай белгілейді. Ұлыс туын ұстаған Үйсінге «жалау», ортада жүрген Арғынға «көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «найза» таңбасын берген. Аталмыш 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Кезінде «Майқының таңбасы» деп аталған бұл таңбалы тас кейін жер атымен «Нұра таңбасы» аталып кеткен.

Майқы би қазақ ұлысын құра отырып, кейінгі ұрпақтарына: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді… Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ел болуды ойлаңдар» деп өсиет қалдырған.

Ел аңыздарының деректеріне қарағанда, Майқы бидің өз заманында ел қамын ойлаған үлкен ойшыл адам болғаны аңғарылады, халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын заңға айналдыруда Майқы бидің орнының ерекше болғаны көрінеді.

Майқы биді өзбек, татар, башқұрт халықтары да өз биіміз деп есептейді. Бұған шежіреде көрсетілгендей, Төбе биден тараған Қойылдыр, Мекре есімді балаларының осы халықтардың арасына барып, сіңісіп кетуі себеп болса керек.

ШЫҢҒЫСҰЛЫ ЖОШЫ ХАН

Шыңғысұлы Жошы хан (1187-1227 жж.) – моңғол шапқыншылығынан кейін Қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет – Жошы ұлысының негізін қалаушы, атақты Шыңғыс ханның қоңырат қызы Бөрте бәйбішесінен туған төрт ұлдың үлкені. Ол ересен күшті, ер жүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар адам болған. Ол, алдымен, моңғолдардың басқыншылық әскери жорықтарының бәріне қатысқан аса ірі әскери басшы ретінде танылады.

Жошы Шыңғыс ханның батысқа қарай бағытталған бірқатар шапқыншылық жорықтарын басқарып, Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаларды бағындырып, Жетісу өңіріне жетеді.

1211-1215 жылдары Қытайды жаулау жорығына қатысады.

Содан үш жыл өткен соң, Жошы Қыпшақ даласына басып кіріп, Ырғыз даласына жеткенде Хорезм шахтың 60 мың әскерімен шайқасқа түседі. Күш ара салмағының кемдігіне қарамастан, Жошы қолбасшылық дарынымен ерекше көзге түседі. Хорезм шах әскері ашық шайқаста жеңіліп, қала қорғандарына барып тығылады.

Бұдан кейін Жошы Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Аспас, Жаңакент қалаларын алып, арада жыл өткенде Хорезмді бағындырып, Түркістанды иеленді. Келесі жылдың көктемінде Жошы әкесінің шақыруымен Сайрам мен Таластың арасындағы Құланбасы жазығында өткен құрылтайға қатысады.

Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін бөліске салған кезде Жошының еншісіне Ертістен бастап, Орал тауының аралығы және одан арғы батысқа қарайғы жерлер тиеді. Ордасы Ертіс өзенінің бойына орналасады.

Құрылтайдан кейін Шыңғыс ханның басқа балаларының бәрі кері қайтып кеткенде, Жошы өзінің жаңа иелігінде қалады. Ол осында 1227 жылы қайтыс болады.

Жошының өлімі жөнінде әр түрлі әңгіме бар. Оның бірі – Жошы аң аулап жүргенде, жараланған құланның айғыры шайнап өлтірді десе, екіншісі аттан құлап, мойны үзіліп өлді дейді. Ал енді бір дерек жеке билікке ұмтылып, әке ырқына көнбей, асаулық танытқан ұлын Шыңғыс өзі арнайы адам жіберіп, бел омыртқасын үздіріп өлтіртті дегенді айтады. Қалай болғанда да, Жошы ханның қазақ жерінде, Ұлытауда өлгені анық. Соның куәсіндей болып, Жезқазған қаласынан 45 шақырымдай жерде Кеңгір өзенінің сол жағасында Жошының мазары сол күйі әлі тұр.

ЖАМАҚҰЛЫ БЕЙБАРЫС

Жамақұлы Бейбарыс (1223-1277) – түркі әулеті Бахриден шыққан мамлюктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс, Бибарыс деп те атайды. Оның шыққан тегі – қыпшақ. Бірақ қай жердің қыпшағы дегенге келгенде әр түрлі деректер айтылып, бірі – Хорезм, Дербент қыпшақтарынан десе, екіншілері маңғыстаулық еді дегенді айтады. Соңғы зерттеулер бұл дүдәмалдықтың түйінін шешіп, Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екені анықтауға мүмкіндік берді. Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен. Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген, алдыңғы Азиядағы араб тілдес халықтармен тілмәш арқылы түсініскен.

Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожайыны Айдакин Бундукдаридің атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Кейін Бейбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нажумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді және қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық етеді.

Египеттің жаңа сұлтаны Муиззәддин Айбек Айюби әулетінің соңғы бастаған кезде, Бейбарыс бас сауғалап, Сирияға қашып кетеді. Содан мамлюктер Айбекті өлтіргеннен кейін ғана ол Каирға қайта оралады. Мұнда таққа жаңа отырған Мұзаффар Сайфуддин Құтұз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерлей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттанады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста мамлюк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Бейбарыс ер жүректілігімен айрықша көзге түседі. Бірақ Құтұз, неге екені белгісіз, басқаларға сый-сияпат жасап, Бейбарысты елеусіз қалдырады. Осыған өкпелеген Бейбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Құтұзды өлтіреді. Жақтастары Бейбарысты Египеттің сұлтаны деп жариялайды. Сөйтіп ол әд- Мәлік әз-Заһир Руки-әд-Дүние вә-д-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихи деген есіммен Египеттің тағына отырады. Билік басына келісімен Бейбарыс бар күш-жігерін крест жорығына қарсы шабуылға жұмсайды. Негізгі шабуыл 1265 жылы басталып, крест тағушы франктердің қамалдары бірінен кейін бірі алынады. Бұдан кейін Кіші армения патшалығына (1267 ж.) Кіші Азия селжұқтарына қарсы жорықтар жасап, берберлерді бағындырады.

Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады.

Бейбарыс Хулагу әулетіне қарсы күресу мақсатымен Алтын Орда ханы Беркеге елші жібереді. Осыдан бастап Египет пен Алтын Орда арасында тұрақты дипломатиялық қатынас орнап, екі ел арасындағы одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталады. Өйткені бұл байланыстың осыншалық ұзақ уақытқа ұласып, берік сақталуының негізінде египет елін билеген Бейбарыс сұлтанның бір кезде тағдырдың қатал кесімімен қол үзіп қалған туған жеріне, ата бабасының еліне жақындауды мақсат тұтқан арман тілегі жатқан еді. Бұл, сайып келгенде, Мысыр елін «Қыпшақ Египеті» атандырған мамлюк-қыпшақтардың ортақ мүддесі болатын. Сондықтан олар Бейбарыстан кейін де, қашан мамлюк қыпшақ әулетінен күш кеткенше «Алтын Орда» атанған қыпшақ елінен, өздерінің ата мекенінен қол үзбеуге ұмтылады. Қатал тағдыр тағы да олардың жолын кесті. Египетте мамлюк-қыпшақтар билік басынан қуылды, Қыпшақ даласында Алытн Орда ыдырап кетті. Кезінде жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген мамлюк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана барып, Бейбарыс есімі арқылы ата мекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде – Жайық өзенінің атырауында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішке айналған алып тұлғасы тәуелсіз елдің арайлы таңын жерлестерімен бірге қарсы алып, өшпес айғағындай болып асқақ тұр.